Жарма және Бородулиха аудандарына жаңа әкім тағайындалды
Облыстағы Жарма ауданының әкімі ауысты. Бұл қызметке Нұрымбет Сақтағанов келді
Үш жылға жуық уақыт бойы Жарма ауданын басқарған Ахметқали Нұрғожин әлеуметтік желі арқылы өзінің басқа қызметке ауысқанын хабарлаған еді.
Қызмет бабымен басқа лауазымға ауысуыма байланысты барша Жарма жұртшылығына риясыз алғысымды жеткіземін. Үш жылға жуық уақыт аралығындағы қызмет барысында қол жеткен жетістіктерімнің барлығында Сіздердің үлестеріңіз бар. Қашанда бастамалы істерімізді қолдап, кеңес беріп, қол ұшын созып, белсенділіктеріңізді таныттыңыздар. Бірлескен істеріміздің нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік, - деген еді ол. - Ел халқы Жарма өңірін батырлар мен ақындар мекені деп жақсы таниды. Яғни, бақ қонып, құт дарыған мекенде еңбек ету мен үшін үлкен мектеп әрі мәртебе болды.
Артынша Ахметқали Нұрғожиннің Бородулиха ауданына әкім болып тағайындалғаны белгілі болды.
Береке мен келісімнің, қажырлы еңбек пен талмас талаптың мекені болған қазыналы Бородулиха ауданы мен үшін бөтен емес. 2008 жылдан бастап 7 жылдан астам қызмет еттім, - деді ол.
Ал облыс басшысының өкімімен Жарма ауданының әкімі болып Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов тағайындалды. Естеріңізге сала кетейік, ол бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Ұлан ауданы, Семей қаласының әкімі қызметтерін атқарған.