Әр мектепке бөлінген 500 000 теңге қайда?
Желтоқсан айы туып, жылдың соңы жақындағанда жалғыз мұғалімдердің арасында емес, жұмыстың барлық саласында сыйақы мен үстемақының "жыры" басталады. Алайда биылғы "қанды қаңтарда" жыр жырлайтындай уақыт та, мұрша да болмады
Ұстаздар қауымының арасында "премияны қай уақытта, кімдерге, не үшін, қаншадан береді?" деген даулы сұрақ әлі күнге дейін тыйылмай келеді. Осы орайда біз бұл мәселенің ақ-қарасын, ара-жігін ажырату үшін Білім және ғылым министрлігіне, облыстық Білім басқармасына хат жолдадық.
Тиісті мекемелер мен құзіретті органдар қашан жарытып жауап беруші еді, әдеттегідей көңіл көншітпеді. Бірде-бір сауалымызға нақты жауап қатпай, үстірт қарап, ұшқары жаза салған.
Ұстаздар мен мектеп қызметкерлеріне сыйақы беру тәртібі "Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ҚР органдарының қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемақылар белгілеу ережесін бекіту туралы" ҚР Үкіметінің 2001 жылы 29 тамызда шыққан №1127 қаулысына сәйкес жүргізіледі, - деп қысқа ғана қайырды ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Қаулыны аштық, оқыдық. Жалпылама ережелер жазылған заңнамада шығыстағы білім ошақтарына, ондағы ұстаздарға қатысты ештеңе айтылмаған. Келген жауапқа қанағаттанбай, хатты орындаған тұлғаның өзіне қоңырау шалдық.
"Мектеп директорлары бізге есеп бермейді"
Мен сізге бұдан артық ақпарат бере алмаймын. Керек мәліметіңізді мен жіберген №1127 қаулысынан тауып алыңыз. Мектеп директорлары мұғалімдердің премиясы жөнінде бізге есеп бермейді. Жоғарыдан, министрліктен ақша бөлінеді. Біз ол ақшаны ГорОНО-ға (қалалық білім бөлімі) жібереміз, олар мектептерге жөнелтеді. Әр мектептің басшысы бюджетті қалай жұмсайтынын өзі біледі. Біз білім беру мекемелерінің қаржылық ішкі жұмыстарына араласпаймыз, - деді облыстық білім басқармасының қызметкері Жанғазы Әліпбаев.
Бұны естігеннен кейін қала, аудан, ауыл мектептерінің бірқатарына хабарластық. "Иә, сыйақы берді, осынша алдық" деген бір мұғалім болған жоқ.
Қайдағы сыйақы мен үстемақы. Біздің Көкпектіде ұстаздарға сыйақы берілсе, мұрнымды кесіп берейін. Әу бастан белгілі жайт қой, шикіліктің бәрі аудандық білім бөлімінде, - дейді Құлынжон ауылдық орта мектебінде биология пәнінен сабақ беретін Әділ Солтабаев.
Қазынадан бөлінген қаражаттың жеткіліксіз екені де сөз болды.
Былтыр да, биыл да мұғалімдерге сыйақы берілген жоқ. Оның бәрі бюджетке байланысты. Егер жыл соңында жылдық қаражат артылып қалса, үнемделсе берілуші еді. Бізге бөлінетін ақша аз ғой, - деді Көкжота орта мектебінің директоры Қадыр Қайырғазинов.
Шығыстың ауылдарындағы ахуал осының ар жақ-бер жағы шығар. Қалада қалай екен?!
Сыйақы? Жо-о-оға, мұрнымызға иісі де барған емес. Мүмкін біз жас маман болғандықтан берілмеген шығар. Меніңше ұстаздың еңбек өтіліне, категориясына, оқушыларының жеткен жетістіктеріне қарап бағалайды. Өз басым мектепте жұмыс істеп жатқан 2 жылда әлі премия алмадым, - дейді №48 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Ернар Мамырбеков.
Бәлкім тарихы тереңдегі атақты гимназиялар мен ерекше білім беретін мектептің ұстаздары сыйақы алған болар деп топшыладық.
2021 жылы Тұңғыш Президент күніне де, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына да, Жаңа жыл мерекесіне де ешбір мұғалім ешқандай премия алған жоқ, - деді Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жәния Зиябекқызы.
Ал енді ерекше қабілеті бар балаларға арналған №21 мектепте жұмыс істейтін таныс мұғалім өткен желтоқсан айында барлық әріптестерінің сыйақы алғанын айтты. Бірақ өзінің қанша алғанын жасырып қалды, соған қарағанда басшылық қызметкерлерін "ренжітпеген" сияқты.
Әр мектепке бөлінген 500 000 теңге қайда?
Қалайша бір мектепте сыйақы беріліп, енді бірінде берілмеген деп білім ошақтарын шетінен түгендеп отырғанда бір шындықтың шеті шыға келді. Кішітаудағы мектептердің бірінің директоры Өскемен қалалық білім бөлімі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына деп қаладағы барлық мектепке 500 000 теңгеден бөлгенін мәлімдеді.
Иә, ақша бөлінді. Барлық қызметкер сыйақы алды. Өйткені білім бөлімі жылдың соңында үнемделіп, артылып қалған бюджетті теңдей бөліп үлестірді, - деді ештеңені жасырмай, тек аты-жөнін көрсетпеуді өтінген мектеп басшысы.
Сонда қалай болғаны? Қалалық білім бөлімі арнайы сыйақы үшін деп барлық мектепке 500 мың теңге бөледі. Бірақ біз қоңырау шалып сөйлескен мұғалімдердің түгелге жуығы ешқандай премия алмағандарын айтады. Бұдан соң қалалық білім бөліміне қоңырау шалдық.
Желтоқсан айында Өскемендегі қала мектептерінің бәріне Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап 500 000 теңге бердік. Сізге бұл ақпаратты айтқан директордың сөзін мен де растаймын. Біз үнемделіп артық қалған ақшаны тең бөлеміз де, барлық білім мекемелеріне жібереміз. Бірақ кімге не беретінін директорлар өздері шешеді. Егер мектептің есепшотына қаржы түссе, ол ақша басқа ешқайда шығып кетпейді, - деп екі қайтара түсіндірді қалалық білім бөлімінің бас есепшісі Зухра Сыздыкова.
"Жылына екі мезгіл сыйақы аламыз"
Мектептерді түгендеп болған соң университетке көштік. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың "Тарих, филология және халықаралық қатынастар" факультетінің аға оқытушысы жоғары оқу орнындағы жағдайды баяндап берді.
Біз бір жылда екі рет сыйақы аламыз: 8 наурызда және 16 желтоқсанда. Кәсіподақта бекітілген ереже бар. Ұжымдық шаруашылық келісімшартқа сәйкес университеттегі барлық қызметкер өзінің бір айлық жалақысының көлемінде сыйақы алады. Өткен желтоқсан айында да ректордың бұйрығымен еден жуушыдан бастап жоғары лауазымды қызметкерге дейін өзінің заңды түрде берілетін премиясын алды, - деді есім-сойын жарияламауды сұраған шыншыл ұстаз.
Ал №27 аралас мектебінің директоры қызметкерлерін мазақ қылғандай болыпты.
Өзім былтыр да, биыл да ештеңе алған жоқпын, - деп бастады әңгімесін сол мектепте қазақша сабақ беретін бір пәннің ұстазы. - Бірақ ұжымдағы бірнеше мұғалім 3000 теңгеден сыйақы алды. Ойлаңызшы, 3 мың теңге! Естіген құлаққа ұят қой, тіпті. Оларға еңбек өтілі, дәрежесі, ҰБТ-дан жақсы ұпай алған балалар дайындағаны үшін берген шығар.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігі әр облыстың, қаланың білім саласындағы қаржылық немесе тағы басқа жұмыстарына мүлде араласпайды екен. Әсіресе, қаражатқа қатысты мәселе әр аймақтың өзінің ішінде реттелуі тиіс.
Мектептерде былтыр сыйақы берілді немесе берілмеді деп айта алмаймыз. Әр мектеп басшысының кімге, қанша теңгеден не беріп жатқанын біз бақылап отыра алмаймыз. Оның үстіне министрліктен, республикалық бюджеттен арнайы сыйақы, үстемақы үшін деп қаражат бөлінген емес, бөлінбейді де. Мына нәрсені басты назарда ұстау керек: премия дегеніміз - қандай да бір мекеменің, кәсіпорынның үнемдеуден жиналып, артылған ақшасы. Қызметкерлерге мереке қарсаңында, туған күнінде немесе тағы басқа маңызды сәттерде сыйақы беру я бермеу - директордың жеке таңдауына байланысты, - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің маманы Гүлайым Тоқпанова.
Бәрін айт та бірін айт, Өскемен қалалық білім бөлімінен мектептерге бөлініп, бірақ ұстаздарға берілмеген 500 мың теңгенің жыры қызық болайын деп тұр...