Қыста балық аулаудың қызығы мен шыжығы
Балық аулау - бұл сабырлық пен шыдамдылықты, күш пен жігерді қатар талап ететін ерекше кәсіптің түрі. Біреулер үшін балық аулау бұл нәпақасын айыру, біреулер үшін хобби, біреулер үшін спорт
Балықты қыстыгүні аулау - өте күрделі жұмыс. Егер жазда судың ортасына қайықпен жүзіп барып немесе жағада отырып-ақ балық аулайтын болса, қыста мұздың үстін қазып, үкі жасап, қақаған аязда, суық мұздың үстінде сағаттап отыру керек. Қысқы балық аулаудың машақатына қарамастан, онымен айналысатындар да көп екен.
Балықшы мен балық
Балық алаудың өзіндік техникалары болады. Қыстыгүні бірінші рет балық аулауға шыққан адамның қармағына ешнәрсе түспесе таң қалуға болмайды. Себебі мұнда "бақ шаба ма, бап шаба мадан" бөлек, балықшылардың жылдар бойы жинаған тәжірибелерінің қыр-сырын білу де маңызды.
Мұз айдынында қазылған ойықтардың қашықтығы, суық ызғардың қай жақтан соғатыны, қармақты дұрыс салу және қармаққа дұрыс азық ілу. Бұл қарапайым шарттар балық аулауды жеңілдетіп қана қоймайды, қауіпсіздік шараларының да негізгі белгілері болып табылады.
Қысқы балық аулау науқаны суға мұз қатқан кезде басталады. Оны біз мұз үстіне шығып, шұңқырлар қазып тексереміз. Негізі қазылатын ойықтарды біз "үкі жасау" деп атаймыз. Адамның салмағын көтеретіндей мұздың қалыңдығы шамамен 10 см болуы керек, ал егер мұз үстіне көлікпен шығатын болса, онда кемінде 30 см болуы керек, - дейді шығысқазақстандық балықшы Медет Сартаев. - Мұз үстінде табжылмай отырған кезде жел сенің арқаңнан соғып тұрғанына мән беру керек.
Шамамен 30 жыл бұрын әуесқой балықшы болып бастаған Медет мырза бүгінде кәсіби балықшылардың қатарында. Қыста балық аулаудың ең қиыны қақаған аязда мұз үстінде 5-6 сағат, тіпті одан да көп отыратын кездер екінін айтады.
Мұз үсіне үкі жасаудың өзі оңай емес. Ол үшін арнайы құрал-жабдық, қара күш керек. Қармақпен немесе аумен аулайтынына қарай, ойықтың диаметрі де әр түрлі болады. Әуесқой балықшылықта үкінің жанында отыру керек болса, кәсіби балықшылықта ауды салып кетіп, бір күннен кейін ауды тексеріп кете аласың, - деп қосты балықшы.
Кез келген балықшы балық аулау үшін балық инспекциясынан арнайы рұқсат қағазын алады. Кәсіби балықшылықта рұқсат қағазы 5-6 келіге емес, 200-300 келіге бірақ беріледі. Балық аулап болғаннан кейін балықшы инспекцияға барып, ауланған балықтың салмағын тіркеп отырады. Ол бір күні 20 келі, бір күні 30 келі болуы мүмкін.
Инспекция күні-түні тексереді
Қыста болсын, жазда болсын, өңіріміздегі көлдерде балық аулау үшін балық инспециясының рұқсаты керек. Ол рұқсаттар да екі түрлі болады, бірі әуесқой немесе спорттық балықшылыққа арналған, екіншісі кәсіби түрде суға ау салып аулауға арналған.
Әуесқой (спорттық) балық аулау тәртібі - бір-бірлеп аулауға ғана мүмкіндік беретін қармақтармен жүзеге асырылатын, спорттық және эстетикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру, спорттық жарыстарды өткізу мақсатында, сондай-ақ аулап алынған өнімді жеке тұтыну үшін балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау, - деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитетінің Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Самат Кітапбаев.
Балық шаруашылығы әуесқой балық аулауда бір балықшыға бір шыққанда бес келіге дейін ақысыз балық аулауға рұқсат береді.
Әуесқой балықшы табиғат аясында жападан-жалғыз балық аулап жатса да, оның қолында балық шаруашылығының су айдындарында балық аулауға рұқсат беретін жолдамасы, бес килограмнан астам балық және басқа да су жануарларын аулауға рұқсаты, жеке басты куәландыратын құжаты болуы керек. Себебі балық шаруашылығы инспекциясы кез келген сәтте балықшыны тексере алады.
Су айдынындағы балық аулаумен шұғылданып жүрген азаматтардың рұқсат құжаттарын тексеру мемлекеттік инспекторлармен қыс мезгілінде ғана емес, жыл бойына күнделікті жүргізіледі, - деп қосты Самат Нұрланбекұлы.
Ал су астына ау жіберіп, балықтарды топ-тобымен аулайтын балықшылардың бұл әрекеті кәсіби балық аулау деп аталады. Мұндай жолмен балық аулайтындар аулаған балықтарын саудаға шығарып, отбасыларын асырайды. Кәсіби балық аулаудағы нормалар бойынша әр пайдаланушы өзіне бөлінген лимит аясында ғана балық аулайды.
Әуесқой және кәсіби балықшылар балық аулау кезінде Заң талаптарын бұзуы мүмкін.
Кәсіби балық аулаумен шұғылданатын балықшылар балық аулау құралдарының биркаларын су астына түсіріп алу, кәсіпшілік журналдарын толтырмау сияқты тәртіптерді бұзады көбінесе. Ал әуесқой балықшыларда рұқсат етілмеген немесе балық аулауға жыл бойына тыйым салынған аймақтарға кіріп, қармақ құрып, бекітілген телімдерде рұқсат құжатсыз балық аулау сынды құқықбұзушылықтар кездеседі, - деп түсіндірді Самат Кітапбаев.
Балық инспекциясы балықшылардың бірқатар заңбұзушылықтарын анықтайды. Солардың ішінде жиі кездесетіндері - кәсіби балықшылықта рұқсат етілмеген моножіптерді (лескі) пайдалану. Моножіптер экологияға өте зиян. Себебі олар шірімейді. Ал балықшылар көп жағдайда ескірген ауларын су ішінде қалдырып кете береді. Бос жатқан ауға түскен балықтар сол аудан шыға алмай қырылады. Сондықтан кәсіби балықшыларға қамыс жіптерді пайдалану ұсынылады. Ол су астында қалса да, өзімен өзі жойылып кету қабілетіне ие. Яғни, экологияға зияны жоқ.
Бүгінде балық инспекциясы күн сайын өздерінің жоспарлы тексерулерін жүргізіп, күн сайын тыйым салынған моножіптерді анықтауда. Мысалы, тек 22 қаңтар күні Бұқтырма су қоймасының Баты телімінде 45 дана рұқсат етілмеген құрма ау мұз астынан шешіліп алынды.
Сақтықта қорлық жоқ
Балық аулау қай кезде болмасын әрі ауыр, әрі қауіпті кәсіптердің қатарынан болмақ. Мұз үстінде сағаттап отырғаннан адамның денсаулығы да сыр береді. Суықта дене мүшелерінің үсіп қалу қаупі де жоғары. Бір қарағанда қармақ немесе ауды суға салып, балық түскенше күтіп отыратын сияқты. Алайда бұл кәсіп адамның жанын алып кетуімен қауіпті. ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, 2020 жылы қаңтар-сәуір айларында балық аулау кезінде 3 адам суға кетті, сол жылдың қараша айында мұзда балық аулау кезінде 2 адам суға кетті. Яғни, 2020 жылғы мұз тұру кезеңінде балық аулау кезінде барлығы 5 адам мерт болды.
2021 жылы күзгі-қысқы кезеңде балық аулау кезінде 3 адам суға кетті, оның ішінде мұз қату кезеңінде 1 адам. Балық аулау кезінде апатқа әкелетін негізгі себеп - қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау. Яғни, мас күйінде балық аулау, мұз үстінде қозғалған кезде тиісті 5-6 метр ара қашықтықтың сақталмауы, жақын жерде бірнеше тесік бұрғылау, қатпаған мұздың үстіне автокөлікпен шығу (мұз қалыңдығы 30 см кем болмауы керек), балық аулау кезінде құтқарушы күртешенің болмауы, ауа райының күрт өзгеруі (қатта жел, дауыл), су қоймасының ерекшеліктерін білмеуі (мұз астындағы судың ағымын, қосылатын сулар, шөптің өсуі, ж.т.б), - дейді облыс бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Дмитрий Титов.
Қысқы балық аулау кезінде негізгі қауіпсіздік шараларын сақтау өте маңызды. Ол қауіпсіздік шаралары өте қарапайым. Балық аулауды жоспарлаған кезде, ол туралы туысқандарына хабарлау, жүретін жолдарын, балық аулайтын жерін, кіммен баратынын, қанша уақытқа баратынын айтып кетуі керек. Балық аулау кезінде ішімдік ішпеу маңызды.
Балық аулау және шағын көлемді кемелермен аңшылық кезінде қайыққа отыру алдында қайықты мұқият қарап, ескек, ескектің тұтқасы, құтқару шеңбері мен суды құйып алуға арналған қауғаның болуына көз жеткізу қажет.