Жарма ауданында жаңа мәдениет үйі ашылды
Суықбұлақты абаттандыруға 135 млн теңге бөлінген
Өңірлердің дамуына ел қазынасынан бөлінген қомақты қаржы ерекше екпін қосатыны даусыз. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалар аясында нақты бағыттқа бөлінген қаражаттың шарапаты мол. Мәселен, бір ғана "Ауыл - ел бесігі" жобасы шеңберінде Жарма ауданына қарасты Суықбұлақ кентінде 64 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді.
"Ауыл - ел бесігі" жобасының басты мақсаты - ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту болып табылады. Осы жоба аясында жақында Жарма ауданына қарасты Суықбұлақ кентінде 64 орындық жастар кешені ашылды. Жаңадан ашылған ғимараттың мүмкіншіліктері жоғары, көрермен залы мен әр түрлі үйірмелерге арналған кабинеттермен қамтылған. Онда мәдени ағарту іс-шаралары мен байқаулар, фестивальдар өткізу жоспарлануда. Бір сөзбен айтқанда, ауыл жастарына жағдай жасалған. Бұл елеулі шараға аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады.
Өткен жылы Суықбұлақ ауылына "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы бойынша абаттандыру жұмыстарына 136 миллион теңге бөлінді. 37 миллион теңгеге 3 көшеге асфальт төселді және басқа да жұмыстар жүргізілуде. Бір ауылға 136 миллион теңге деген өте жақсы қаражат. Ауыл мектептері мен осындай жастарға араналған кешендерге көп көңіл бөлуді ұйғардық, - дейді аудан әкімі.
Тұсауы кесілген өнер орталығын жергілікті жұрт ұзақ күткен. Кент келбетінің тағы бір әдемі ғимаратпен толысуы ауыл жастарына берілген үлкен сый деп біледі.Ұрпаққа берер тағылымы мол мәдени ошақтың ашылуында ауыл ақсақалдары да жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтты. Жастар кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімінің атынан жаңа аппаратура сыйға тартылды. Ендігі ауқымды шаралардың барлығы осы ошақта өтпек.
Жастар кешенінің ашылғанына өте қатты қуаныштымыз. Енді балалар уақытты пайдалы өткізе алады. Ауыл және аудан әкіміне үлкен рахмет айтқым келеді. Енді әртүрлі іс-шаралар, алда келе жатқан 8 наурыз, 22 наурызды өткізуге болады, - дейді ауыл тұрғыны Оксана Вьюце.
"Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы өз жұмысын 2019 жылы бастады. Бағдарлама аясында ел өмірінің сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы осы бағдарлама бойынша Жарма ауданында ауылдық округтерді абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Әуезов кентінде 14 мәдениет үйіне күрделі жұмыс жасалып, ішкі жолдары қалыпқа келтіріліп, ауыл көшелеріне жарық шамдар қойылып, аудан орталығының келбеті жаңартылған.
Ал Суықбұлақ тұрғындары үшін мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өткені ерекше сый болғандай. Жалпы ауылда қазір 1640 адам тұрады.