Өскемен
пасмурно
+4°
  • Өскемен
    +4°
  • Алматы
    +6°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +9°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -3°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +4°
  • Павлодар
    -2°
  • Петропавловск
    -3°
  • Тараз
    +4°
  • Туркестан
    +3°
  • Шымкент
    +7°
$
494.87
-0.33
520.65
-1.69
¥
68.34
4.91
-0.03
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Абай сәлем айтқан Қаламқас кім?

Адам - пешенеге жазылған тағдырдан қашып құтыла алмайды һәм оны өзгерте алмайды. Маңдайға жазылмаса Абай Ділдәні алар ма еді, Тоғжанға арнап өлең жазар ма еді, жазылса Құнанбай мен Тана мырза құда болып, Абайдың бір қайын жұрты Көкпекті, Тарбағатай болар ма еді...

Усть-Каменогорск и ВКО / Абай сәлем айтқан Қаламқас кім?

Өткеннен өнеге, тарихтан тағылым іздейтін қарттар мен жастардың арасында Тана мырза мен Құнанбайдың достығы, заманында бір-бірін қатты құрметтеп, сыйлағаны туралы көп айтылады. Алайда екі болыстың күйеу келтіріп, келін түсіріп, құда болуға шақ қалғаны жөнінде біреу білсе, біреу білмейді. Тіпті бұл оқиғаны аңызға телитіндер де бар.

Дана, ойшыл, һәкім Абайдың "Айттым сәлем, Қаламқас" деген әнін ақынның шығармашылығымен таныс иісі қазақтың бәрі біледі. Ал сол буырқанған сезім мен албырт ғашықтыққа, сүйспеншілік пен махаббатқа толы әндегі Қаламқас кім? "Абай жолы" романында Мұхтар Әуезов сипаттап жазатын Тоғжанның прототипі ме, басқа ма?

Айттым сәлем, Қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас.

Сағынғаннан сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас.

"Абай бұл өлеңді 1889 жылы жазған" деген дерек бар. Негізінде ол 1863 жыл болуы керек. Өйткені дәл сол жылы аға сұлтан Құнанбайдың 18 жасар баласы Көкпекті өңіріне аяқ басқан. Ендеше 133 жылға шегініс жасайық...

Абайды ғашық қылған Тұржан сұлу

Тана мырза Тілемісұлы - Құнанбайдың замандасы әрі құдасы, Көкпекті округінің биі, Назар-Мұрын болысының билеушісі. Көзінің тірісінде өзі тұрған жерлеріне жеті мешіт пен медресе салдырған, Көкпекті мен Тарбағатай өңіріне ортақ тұлға. Ол шамамен 1803-1868 жылдары өмір сүрген. 1844 жылы Құнанбаймен бір уақытта болыс болып сайланыпты. Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асын басқарған үш адамның бірі - осы Тана мырза деген мәлімет те бар.

Тана мырза жайындағы деректер поляк зерттеушісі Адольф Янушкеевичтің, Григорий Потаниннің, Владимир Маевскийдің еңбектерінде де кездеседі. Біржан мен Сараның айтысында: "Шерубай, Тана менен Ер Тәукебай, Қай қазақ сөз бастаған онан бұрын", - деген жыр жолдары да бар.

1863 жылы Көкпекті оқругінің сайлауында Тана мырзаны қазақ бұқарасы қолдай тұра, аға сұлтандық лауазым дуан кеңесінде тілмәш қызметін атқарып жүрген Өскемен жақтың қазағы Әлхан Тілеубердинге бұйырыпты. Соған қатты қапаланған Тана мырза үйіне келіп қайғырып жатып қалады. Содан бәйбішесі Бостан ерінің қайғысын сейілтудің амалын іздейді. Әкесінен Ертіске құятын үш өзеннің тоғысқан жеріндегі түбекті сұрап алып, сол жерге "Тана мырза" мешітін салғызады. Оның ашылу салтанатына Құнанбайды да арнайылап шақырған екен. Сол кезде әкесімен бірге бозбала Абай да келген деседі.

Енді Қаламқасқа келейік. Тана мырзаның Аягөзде тұратын бел ұрпағы, молда Уақап Торайғыровтың айтуынша, Тана мырза інісі Жәнібектің Тұржан есімді қызын өз бауырына салып өсірген. Тұржанды жеңгелері еркелетіп "Қаламқас" деп атайды екен. Жастайынан хат таныған білімді әрі асқан сұлу, ақылына көркі сай, жартылай қала үлгісімен киінген Қаламқасқа Абайдың көңілі құлап түседі. Инабатты, тәрбиелі, өңді қыз Құнанбайдың да көңілінен шығыпты. Тіпті Тана мырзадан қызына құда түсу ниетін де жасырмайды. Алайда Тұржан сұлуды бүлдіршін кезінде Байжігіт елінің Өзіхан деген жігітіне атастырып қойғаны мәлім болады. Тана мырза әңгіменің осы арасын ашып айтқан соң, Құнанбай ойланып қалған екен. Бірақ оған да қарамай бір есебін тауып, Тананың қызына құда түсіп, қалыңмалын төлеп Абайға айттыратын ба еді, кім білсін. Барлығын сол ауылдың я жалшы, я малшы жігіті бұзған көрінеді. Тана мырза мен Құнанбай ақ орданың ішінде осы мәселені талқылап отырғанда, үйдің маңында біреудің көзіне ақ шорланған, яғни соқыр түйені бақыртып ұрып жатқанын естиді. Оның түйеге зекіп, ұрысқан сөздерінің арасынан "Көзіңді ұрайын... қу соқыр" деген боқтығын Құнанбайдың құлағы шалып қалады.

Осыдан кейін Құнанбай қатты ашуланып, әлгі жігітке айып кестіріп, кешірім сұратады. Тана мырзаға "Сен әдейі істетіп отырсың" деп айып тағып, сол күні қоналқаға қарамай аттанып кетеді.

Содан бері қазақта "Түйені соқыр десең, Құнанбайға тиеді", деген мәтел қалыпты.

Құдалықты бұзған Құнанбайдың қаттылығы ма?

Екі жастың лаулап тұтанайын деп тұрған махаббатына осы бір келеңсіз жәйт кедергі жасайды. Абай мен Тұржан сол кезден кейін бірер мәрте хат алмасып, өткен-кеткен кісіден сәлем айтып жолдап тұрған. Барып қайту үшін екі ара тым шалғай болды. Тана ауылындағы кездесу - ең алғашқы және ең соңғысы еді. Көп кешікпей Абай Ділдәға үйленіп, Қаламқас та атастырылған жігітіне ұзатылды. Бейбақ қыздың күйеуі көп уақыт өтпей жатып-ақ ауырып қайтыс болады да, біраз уақыт оң жақ босағада отырып қалады. Ақыр соңында, Тұржан сұлу Сыбан еліндегі Быжы-Тоқтар деген сау-
дагер сарттың ауылына келін болып түседі. Халықтың сөзіне сенсек, екеуінің соңында ұрпақ қалмаған екен.

Қазіргі кейбір абайтанушы зерттеушілер, оның шығармашылығына терең үңіле отыра, "Айттым сәлем, Қаламқас" әні Мұхтар Әуезов жазғандай Тоғжанға арналады дейді. Қаламқастың Тұржан екенін өз еңбегінде дәлелдеп жазған бірден бір адам, кезіндегі шығыстың бас айтыскеріболған, Көкпекті мен Жарма ауданына ортақ мақтаныш Қалихан Алтынбаев болды.

Тоғжан қыз - Абайдың қолы жеткен арманы. Ал адам баласы қолы жеткен арманына өліп-өшіп ынтықпаса керек-ті. Логика солай. Бізді бұған сендірмейтін тағы бір мықты жайт бар. Кемеңгер Мұхтар Әуезов тарихи эпопеяны жазу жолында өмірінің жиырма жылын сарп еткені белгілі. Егер Тоғжан жанама түрде "Қаламқас" деген атқа ие болса, Абай оған ән мен өлең арнаса, бұл оқиға қалайша заңғар жазушының назарынан сырт қалған? Эпопея түгілі жай мақалаларының ешқайсысында мұндай пікірдің ұшығын шығармайды ғой? Егер бұл жағдай Тобықты ішіне бұрыннан белгілі болса, осы кезге дейін құлаққа неғып шалынбаған, - дейді Қалихан Алтынбаев нақты деректерді алға тарта отырып.

Тана мырзаның өз кіндігінен ешқандай ұрпақ тарамаған. Әйелдерінен бала сүйе алмағандықтан немере інісі Жәнібектің қызы Тұржанды өз қызындай бағып-қағып өсіреді. Тұржан тал шыбықтай бұралған, нәзік, қасы-көзі қиыла біткен сұңғыла қыз болып өседі. Қасының жіңішкелігіне қарап алғашында жеңгелері, одан соң бүкіл ауыл-аймақ оны "Қаламқас" атандырады.

Ақын, зерттеуші, өлкетанушы Қалихан Алтынбаев өз еңбегінде былай дейді:

"Бұлардың барған шаруалары, біріншіден, соның алдында ғана Көкпекті округінің аға сұлтандығына өткізілген сайлауда Тана мырзаның жеңіліс тапқандығына ағайындық демеу сөз айтып, ізгі ниет білдіру. Екіншіден, үш өзеннің Ертіске кұятын сағасындағы түбекке мешіт салдырып жатқан Танаға қошемет білдіріп, жаңа құрылысты көріп қайту еді. Осы сапарда екі балғын жас - Тұржан мен Абай бір-бірін қатты ұнатысқан. Мұны байқаған Құнанбай да екеуінің жақынырақ танысуына, тіпті, құда түсіп қайтуға қарсы емес-тін. Алайда құрметті қонақтар отырған орданың сыртында соқыр түйесін "көзіңді, қу соқыр" деген біреудің балағат сөзі байласқалы келе жатқан құдалықтың шырқын бұзады. Тананың жік-жапар болып, әлгі жігітке кешірім сұратып, ат-шапан айып бергізгеніне карамастан, алған бетінен қайтпайтын, мінезі қатал Құнанбай Танаға "әдейі істетіп отырсың" деп өкпелеп аттанып кетеді.

Ән орындаушылар кімге сенеді?

Абайдың осы бір тамаша әнді Сүйіндіктің кызы Тоғжанға арнап жазғанын дәлелдейтін нақты деректер қазір біздің қолымызда жоқ. Бұл туралы Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясында да еш жерде жазылмаған. Сондықтан мен нақты ештеңе дей алмаймын. Менің бір білетінім, "Жарқ етпес қара көңілім не қылса да" деген өлеңі шынымен Тоғжанға арнап жазылған. Ал енді Тана мырзаның бауырына салып өсірген қызы Тұржанға арнап жазды деген пікірді өз басым жақында ғана естідім. Менің ойымша, бұл жағдай бұрындары зерттеушілердің назарынан тыс қалып қойған сияқты. Енді ғана соған көңіл бөліп жатырмыз. Жалпы, біздің қазақтың тарихында, өнері мен мәдениетінде әлі де зерттелмей, жабулы күйінде қалып келген немесе бұрмаланған дүниелер жетіп артылады ғой. Келешекте осы жақұттарымызды жарыққа шығарып, халықпен қауышуына көп еңбек етуіміз керек, - дейді сазгер, музыка зерттеушісі Ілия Жақанов.

Десе де, аталмыш әннің Тоғжанға емес, Тұржанға арнап шығарылғанына осы әнді орындаушылардың басым көпшілігі иланады.

Өз басым Қалихан Алтынбаев ағамыздың "Тана мырзаның немере інісі Жәнібектің қызы Тұржан сұлуға арналды" деген пікірі дұрысырақ па деп ойлаймын. Себебі әннің сөзіне ден қойсаңыз, ақынның бір аруға ғашық болып, бірақ оған қолы жетпей, бір көруге зар болған аңсар хәлін ұғынасыз. Мұхтар атамыз жазған эпопеяға жүгінсек, Тоғжан мен Абай бір-бірімен қосылмаса да бірнеше рет кездескен, тілдескен. Оған қоса егер әйгілі ән Сүйіндіктің қызына арналса, бұл жәйт Әуезовтің назарынан тыс қалмас еді ғой. Екіншіден, Абай Тоғжанға арнап бірнеше өлең жазған, бірақ олардың арасында "Айттым сәлем, Қаламқас" жоқ. Сондықтан Қалихан ағамыздың дәлелдері сенімдірек сияқты. Мәселен, Тұржан мен Абай бір-ақ рет көрісті, одан кейін мүлдем жүздеспеді. Бәлкім барлық сыр осында жатуы мүмкін. Дегенмен бұл тақырып әлі тереңірек зерттеуді, зерделеуді талап етеді, - дейді дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.

Иә, не де болса, Құнанбай мен Абайдың Көкпекті өңіріне келгені, "Айттым сәлем, Қаламқас" әні Тана мырзаның ауылында жас ақын Абайдың жүрегіне от салған, қолы жетпей кеткен Тұржанға арналғаны ақиқат. Дәлелденіп-шегенделген тарихты күштеп өзгерткеннен ешкімге пайда жоқ.


Следующая →