Киберспорт: спорт па, дерт пе?
Қазақстандық киберспортшылар бүгінде әлемді бағындыруда
Компьютер алдында телміріп, күні-түні ойын ойнап отырған адамды ойынқұмар деп атаймыз ба, киберспортшы деп атаймыз ба?
Заман талабымен пайда болған жаңа спорт түрін бүкіл әлем қолдап отыр. 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада бағдарламасына ESports-тің кейбір дисциплиналары енгізілуі мүмкін.
Киберспортты ресми түрде спорт ретінде 2001 жылы Ресей Федерациясы қабылдады. Қазақстан болса, киберспортты тек 2018 жылы мойындады.
Киберспорт деген не?
Киберспорт - компьютерлік ойындардың жарысы. Бірақ компьютер ойнайтын адамдардың барлығы киберспортшы емес. Иә, барлығы ойынға деген құштарлықтан басталады, дегенмен ойыншы ойын ойнау арқылы қандайда бір биікке, жетістікке жеткенде ғана киберспортшыға айналады.
Қазақстанда тоқсаныншы жылдардың аяғында киберспорт компьютерлік клубтардағы әуесқой топтар арасындағы жарыс түрінде дами бастады. Шамамен 10 жылдай бұрын киберспортпен кәсіби түрде айналысатын топтар құрылды.
Жалпы киберспортпен айналысу үшін бірнеше адам топ құрып немесе жекелей өзі айналыса алады. Бүгінде еліміздегі және әлемдегі киберспортта "Fortnite", "FIFA", "CS GO", "Clash Royale", "Tekken 7", "starcraft 2", "Rainbow Six", "PUB PC", "PUB Mobile", "Mortal Kombat 11", "PES 20" сынды компьютерлік және ұялы телефондағы ойындар арасында турнирлер ұйымдастырылады. Әр ойынның өз шарттары мен ережелері болады. Жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйақыларға ие болады.
Айта кету керек, елімізде 2017 жылы киберспорт федерациясы құрылды. Аталмыш федерация әлемдік турнирлерге қазақстандық спортшылардың шығуын ғана бақылап қоймай, ел ішінде де түрлі турнирлер өткізеді.
Қазақстан әлем назарында
Әлемдік аренада 2017 жылғы CS:GO бойынша PGL Major Krakow турниріндегі 3 қазақстандықтан құрылған Gambit Esports командасының жеңісі, 2020 жылдың көктемінде ұйымдастырылған PUBG Mobile Club Open-PMCO Spring Split еуропалық финалында KoninaPower қазақстандық бестігінің жеңісі және 2020 жылы Dota 2 құрамасының Iesf World Championship финалдық кезеңіне өтуі қазақстандық киберспортсмендерді брендке айналдырды.
Қазақстандық киберспорт-шылардың халықаралық ареналардағы жетістіктері Қазақ киберспорт федерациясының жүйелі жұмыстарына байланысты. Соңғы жылдары біз ел арасында 15 кибердисциплинадан турнирлер өткіздік. Бұл жерде турнилердің тұрақты түрде ұйымдастырлатынын және турнирлер желісі үнемі кеңейіп отыратынын атап өткім келеді, - дейді QCF PR-директоры Батырхан Тогайбаев.
Егер 2019 жылдың тоғыз айында Qazaq CyberSport Federation турнирлік инфрақұрылымды құрып, сол жылы елде 38 жарыс өткізілген екен. 2020 жылы қазақстандықтар онлайн режимінде 268 турнирге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Өткен жылы елімізде киберспорт бойынша 135 турнир өтті және соның ішінде еліміздің Бірінші Ұлттық кубогы ұйымдастырылды.
Осы жарыстарға қатысқан кибершабуылдардың саны да пропорционалды түрде өсті. Егер 2019 жылғы турнирге 3,3 мың адам қатысса, 2021 жылдың қаңтар-шілде аралығындағы кезеңде 9,6 мыңға дейін қатысты. Pinger.Pro платформасының жалпы пайдаланушыларының саны ұлттық турнирлер өткізілетін кезде он есе - 13,2 мыңнан 142,5 мыңға дейін өсті, - деп атап өтті Батырхан Тогайбаев.
Киберспортшыларды қолдаушылар да аз емес. Қазақстандық киберспорттың қарқынды дамуы оның көрермендерінің көбеюіне әкелуде. Бірақ әзірге ойындар түрлі дисциплиналарға байланысты қаралады. Мысалы, FIFA, Clash Royale, Rainbow Six ойындарын 1,2 мыңнан астам адам, Brawl Stars ойынын 3 мыңға дейін және PUBG mobile ойынын 7,2 мыңға дейін көрермен көрген екен.
Қазір біз қарыштау кезеңіндеміз және сіздер куә болып отырған нәтижелер елдегі киберспорттың болашақ табысты дамуының тек 5%-ы ғана. Бүгінде киберспорт кейбір жастар үшін әлеуметтік лифтке айналды: олар біздің турнирлерде жеңіске жетіп, жақсы ақша табуда, сондай-ақ спорт шебері мен спорт шеберінің кандидаты сияқты ресми атақтарын алады.
Шығыста да киберспорт бар
Шығыс Қазақстан облысы да киберспортшылардан кенде емес екен. Тек Өскемен қаласындағы екі жоғары оқу орны киберспорт ойындарын қолдап, жыл сайын турнирлер өткізеді.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ 2015 жылдан бері студенттер арасында киберспорттан жарыстар ұйымдастырып келеді.
Елдегі карантиндік шектеулер біздегі киберспорттың дамуына үлкен себепкер болды. Тек екі жылдың ішінде университет ұйымдастыратын кибер жарыстарға қатысушы студенттердің саны бірнеше есеге өсті, - дейді С. Аманжолов атындағы университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөлімі жетекшісінің орынбасары Алмас Кеңесханов. - 2020 жылдың карантиндік шектеуі кезінде біз бір серверге 100 адамға дейін жинап, турнир ұйымдастырдық. Осындай үлкен жоба қолымыздан келгендіктен, Қазақ киберспорт федерациясына хат жазып, 2021 жылдың мамыр айында университетіміздің атынан олар ұйымдастырған маусымдық турнирге қатыстық.
QCF PR-директоры Батырхан Тогайбаев өз сөзінде шығысқазақстандық киберспортшылардың жоғары потенциалын атап өтті.
Елімізде киберспортшылар өте көп және олар әр өңірде бар. Біз олардың турнирлерге қатысуынан оң динамиканы көріп отырмыз. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысынан біздің турнирлердің іріктеуіне көптеген жастар қатыса бастағанын байқадық, - деп атап өтті Қазақ киберспорт федерациясының PR-директоры.
Компьютерлік ойынға кімдер әуес?
Компьютерлік ойындарға деген әуестік Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ресми түрде ауру деп танылған. Компьютерге құмарлық аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық тізбесінің он бірінші орнына жайғасты. Осы тұста әлемде қарқынды дамып жатқан киберспорт "ойынқұмарлық емес пе?" деген сауал туындайды.
Ойынқұмар болу есірткіге салыну сияқты адам өміріне, тікелей денсаулығына зиян және жанына қатты жара салады. Ойынқұмарлық жас-тар арасында кең таралған. Бұл әке-шешесінің тарапынан жылулық көрмеген балаларда жиі кездеседі. Ата-анасының ішімдікке салынуы, не болмаса ата-анасы жұмысбасты болып, балаға уақыт бөлмеген кезде, өз бетімен өскен бала өзіне жетіспеген махаббаттың орнын компьютер ойнап, сол жерден алатын эмоциялармен толтыруы мүмкін, - дейді Өскемен қаласындағы "Шығыс Шынары" психология орталығының жетекшісі Назигүл Абылхасқызы. - Адамның бойындағы депрессия оны ойынға әуес етуі мүмкін. Депрессия дегеніміз жоғалту. Өзін-өзі жоғалту, жақынын жоғалту. Сондықтан оның бойын қорқыныш билейді. Бойындағы қорқынышпен бетпе-бет келгісі келмегендіктен адам күні-түні ойын ойнап, басқа бір әлемде, басқа бір миссияларды орындап, өз өміріндегі проблемалардан қашады.
Психологтың айтуынша, ойынқұмар адамды емдеу оңай емес. Ол үшін көп уақыт және отбасының қолдауы керек.
Психологтар мен психоаналитиктер мұны "отбасылық невроз" деп атайды. Сондықтан емдеу шарасына да барлық отбасы мүшелері қатысуы керек, - деп атап өтті Назигүл Абылхасқызы.
Айта кету керек, ойынқұмарлық деген диагнозды кез келген адам қоя алмайды. Оны тек білікті мамандар ғана қоюы керек.
Қазақ киберспорт федерациясында ойынқұмар адаммен киберспортшының ара-жігін ажыратып берді.
Барлығының бастауында компьютерлік ойындар тұр, бірақ ойыншылар мен әуесқойлардың ойынға деген көзқарастары басқа. Бізде "геймер" және "киберспортшы" дегенді автоматты түрде компьютерлік тәуелділік проблемасына қатыстырады. Бұл түбегейлі дұрыс емес, киберспортшылардың уақыты нақты және қатаң түрде құрылған. Киберспортшының компьютерлік ойындарына әуесқой адамнан және лудоманнан айырмашылығы, ол ойында күніне 8-10 сағат отырмайды. Себебі жарыстарда киберспортшыға құр дағды аздық етеді. Оған реакция қажет, яғни, керек кезде зейінін арттырып, керек кезде демала білуі қажет, оған физикалық тонус қажет. Мұның бәріне компьютердің алдында телміріп отырып қолжеткізу мүмкін емес, - деді Батырхан Тогайбаев.
Мұның барлығына киберспортшы жаттығу залында жүріп қол жеткізеді екен.