Өскеменде ауру асқынған сайын дәрі-дәрмек қымбаттай түсті
"Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде" деген мақал қашанда өзекті. Алайда бұл мақалдың өзектілігі бүгінгі күні тіптен арта түскен сыңайлы. Қоғамды індет жайлаған осы бір ауыр кезеңде дәрі-дәрмек бағасының аспандап кеткенін байқадық
Халықтың ай сайынғы табысының қомақты мөлшері дәріге кетеді. Себебі сәл ауы-
рып қалсақ, дәріханаға жүгіретін пендеміз. Бүгінгі таңда елімізде 10 мың дәріхана, 7,5 мың атаулы дәрі-дәрмек түрлері тіркелген екен. Дәрінің түрі көпте ауру саны қайдан аз болсын. Алайда жанына шипа іздегендер дәріхананың табалдырығын аттап басуға жүрексінеді. Себебі күні кеше ғана қолжетімді дәрі-дәрмектердің бүгінгі бағасы адам шошырлық. Ал дәріге мұқтаж адамдардың көпшілігі зейнеткерлер мен әлемді жайлаған дертке шалдыққандар.
Дәрі-дәрмек қаншалықты қымбаттаған?
Бүкіл әлемді жайлаған "Омикрон" штаммы елімізде 6 қаңтар күні анықталған болатын. Жыл басынан бері елімізде пандемияның бесінші толқыны басталды. Денсаулық сақтау министрлігі эпиджағдайға болжам жасады. Ол бойынша: оптимистік сценарийде - тәулігіне 17 мыңнан аса, шынайы сценарийде - тәулігіне 25,5 мың, пессимистік сценарийде тәулігіне 40 мың жағдай анықталуы мүмкін. Бұл туралы министрлік басшысы Ажар Ғиният айтқан болатын.
Ал облыста өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 183 адам анықталды, барлығы 5 466 адам ауырып жатыр.
Жалпы коронавирус па, жоқ әлде маусымдық тұмау мен жөтел ме, белгісіз, жұрт жаппай ауыра бастады. Ем іздеген халық дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының да осы уақытта шарықтап тұрғанын байқады. Алайда елде дәрі-дәрмек жетіспеушілігіне қатысты анау айтқандай дүрлігу байқалмайды, бірақ облыс орталығындағы кей дәріханалар бәрібір бағаны көтеріп қойған.
Бастапқыда тамағым ашып, ісіп басталды. Дене қызуым көтеріліп, сүйектерім сырқырап, буындарым қақсап жатып қалдым. Система қабыладу керек болған соң, дәріханадан "Цефтриаксон" антибиотигін алдырдық. Бұрын екі мыңның айналасында еді, қазір төрт мың теңге болып тұр. Бұрын аса қымбат болмаған қарапайым ыстық түсіретін дәрілердің өзіне де әжептәуір баға қосылған, - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Дамир Аймұрат.
Бұны облыс орталығы тұрғындарының көбі байқаған. Жақында аты жаман вируспен сәл ауырсынып қалғанымда қаладағы тәулік бойы істейтін дәріханалардың бірінен керекті дәрілерді аларда бағасын естіп, ауруымды ұмыта жаздап жағамды ұстадым.
Бұрындары бас ауырса, 25 теңгеге бір бума бас дәрісін алып ішсек, бүгінде 300 теңгеден кем түспейді. Қазірде 25, 30 теңгеге дәрі алу мүмкін емес. Сәбиіміздің сәл қызуы көтерілсе, шошығаннан дәрі беретініміз де өтірік емес. Бала қызуын түсіретін "Ибуфен" шәрбаты былтыр 1000-1200 теңге болса, қазіргі бағасы 2500-2700 теңге арасында. Кезінде арзан тұратын "аспирин", "парацетамол" және басқа да дәрілік заттардың бағасы пандемия кезінде 2-3 есеге қымбаттаған. Құрамында ацетилцистеин белсенді заты бар жөтелге қарсы "АЦЦ" мен "Флуимуцил" препараттарының бағасы биылғы көктемге дейін 1600-ден 2500 теңгеге дейін болған. Қазіргі уақытта бұлардың бағасы 3000-3500 теңге. Вирусқа қарсы "Ингавирин 90" препараты бұрын 5000-6000 теңге тұрса, қазір оның бағасы 7000-8000 теңгеге дейін көтерілген. "ацетилсалицил қышқылы" немесе "аспирин" - әрдайым ең арзан дәрілердің қатарында болатын. Осы қыста олардың бір данасы 30-100 теңге аралығында болған. Қазіргі бағасы - 200-500 теңге. Сонымен қатар, "парацетамолдың" да бағасы көтерілгені белгілі болды.
Ал бағалардың неге қымбаттап кеткенін сатушыдан сұрап едім, ашуланды...
Ең бірінші - біз жеке меншік дәріханамыз, екіншіден мен мұнда тұрған қожайын емеспін. Дәрі бағасын мен қоймаймын. Оның үстіне дәрілердің барлығы шетелден келеді. Қазіргі таңда дәріден де басқа заттардың бәрі қымбат. Бағамызға көңіліңіз толмаса, дәріхана көп, басқасына барсаңыз да болады, - дейді дәріхана фармацевті.
"Клексан" мен "Фраксипарин" антикоагулянттарының бағасы бұрын да арзан емес еді. Эпидемияға дейін олар 17 500-21 000 теңге тұрса, қазіргі уақытта 25 000-27 000 теңгеге дейін қымбаттаған. Сондағы дәрі қоспасының көбейгені ме, әлде ақша құны төмендеп бара жатыр ма? Керек десеңіз, дәрілер ғана емес, түрлі медициналық құрал-жабдықтардың да бағасы қымбаттаған. Мәселен, ингалятордың бағасы 35 800 теңгеден бастап жоғары көтеріле береді. Оның үстіне дәріханалардың көпшілігі жеке меншік және асыра сілтеп бағасын асқақтатып қоятындары тағы бар.
"Баға жыл соңына дейін көтерілмейді"
Дәрі-дәрмектің бағасы шарықтап шегінен асып жығылғаны қай заман. Еліміздегі дәрі-дәрмектің нарықтағы құнын сараптаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды дәрі-дәрмегі аса қымбат елдердің қатарына кіргізген екен. Ал осылайша халықаралық ұйымдардың назарына іліккен дәрумендеріміздің бағасы доллардың "дөң асқан" тұсында тіптен 100 пайызға дейін қымбаттапты. Арнайы мамандар былтыр 3 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен емдік заттардың бағасына мониторинг жүргізіпті. Соның ішінде 2 842 дәрінің бағасы қымбаттағаны белгілі болыпты. Оған қосымша бұл қымбаттаудың жай-жапсарын мамандар күн санап шарықтап бара жатқан азық-түлік, киім-кешек, тағы басқалардың бағасынан қалып қоймау үшін қолдан жасалған әрекет деп санайды. Ал осы жылдың қаңтар айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламент мәжілісінің пленарлық отырысында: "Дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы кейбір бұйым түрлері жыл соңына дейін қымбаттамайды" деп мәлімдеген еді.
Айта кетейік, 2021 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 7256 дәрі-дәрмек түріне қатысты шекті баға мөлшерін бекіткен. Яғни, дәріханалар бағаны көтерсе де осы тізімде көрсетілген дәрі-дәрмек бағасы шектен шықпауы керек. Ал осы тәртіптің сақталуын қадағалайтын орган - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті. Яғни, облыстар бойынша арнайы департаменттері бар. Алайда осы департамент басшылары мекемеге жергілікті тұрғындардан баға қымбатшылығына қатысты ешқандай шағым келіп түспегенін мәлімдеді.
Өскемен қаласының тұрғындарынан дәріханалардағы тұмау, жөтелге қарсы дәрі-дәрмек бағасының қымбаттағаны бойынша департаментке шағым келіп түскен жоқ. Департамент дәріханалардағы баға тұрақтылығына мониторингті жылда жоспарланған уақытта өткізеді. Қазіргі уақытта "Қазақстан Республикасында тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің қаулысы негізінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне барып тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалау 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатылған, - дейді департамент басшысы Нұрланғазы Ибраев.
Демек, мараторийге байланысты департамент өз еркімен дәріханаларды барып тексере алмайды. Ал тұрғындар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Дәрілік заттың саудалық атауына өндірушінің шекті бағаларын, бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы" ДСМ-94 бұйрығын бұзған дәріханаларды байқаса, қайда хабарласуы керек?
Дәріханалар бағаны негізсіз көтерген жағдайда тұрғындар департаментке телефон номер 8-7232-61-81-00; электрондық мекенжай: dkf.vko@dsm.gov.kz хабарласа алады, - дейді Нұрланғазы Советқазыұлы.
Ондай жағдайлар тіркелсе, дәріхана иелеріне жаза бар. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 426-бабының 1-тармағына сәйкес дәрілік заттарға белгіленген шекті бағалардан асырып жіберілген жағдайда жеке тұлғаларға - 70, лауазымды адамдарға - 100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 130, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Дәрінің көбі сырттан келеді
Дәрі-дәрмек өз жерімізде мардымсыз өндірілгеннен кейін оны көл-көсір етіп сырттан тоғытатынымыз айдан анық. Қазақстанда дәрінің 7,5 мың түрі бар екен де, көбі Германия, Франция, Ресейден жеткізіледі. Негізі дәріхана сөресіндегі өнімдердің 98%-ы шетелден әкелінеді және доллармен сатып алынады, тек 12% өнім өзімізде өндіріледі. Әрі елімізде дәрі-дәрмек өндірісі ойдағыдай емес. Отандық фармацевтиканың көрсеткіштері, кейінгі кезде кері кеткені соншалық, анау-мынау емес, бір жылдың ішінде 50 пайыздан 15-ке бір-ақ түскен. Біз дәрі-дәрмекті көп тұтыну жағынан да ТМД елдері бойынша алғашқы үштікті межелейміз. Яғни, қымбат та болса халықтың дәріге деген сұранысы бар. Алайда сол сұранысты ескеріп, фармацевтика өндірісін жолға қойып, ұлт қауіпсіздігін де қамтамасыз етіп, халқымызды қолжетімді бағадағы дәрімен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз қынжылтады. Шетелдік фармөндірісінен қалыспайын деді ме, отандық дәрі-дәрмектің құны да әжептәуір көтерілген. Мәселен, жергілікті жерде өсіріліп-өндірілетін қызылмия тамыры арғы жылдары 70 теңге тұрса, қазір 330 теңгеден сатылуда. Себебі олардың қосымша шикізаты, тіпті сыртындағы қорабы мен құтысы да шет елден тасымалданады екен. Шымкенттің фармзауытынан шыққан отандық дәрі бағасының өзі шарықтап тұр. Қазақстанда шығарылған тұмаудың дәрісі де шет елден келетін дәрілермен қоса қымбаттаған. Шекара асып келетін дәріні түсінуге болады, бағасы дол¬лармен есептелген соң, құнының да доллармен қосылып өсетіні түсінікті. Ал өзімізде өндірілетін дәрілерге не жорық? Соның кесірінен негізгі өнімнің орнына қолдан жасалған жалған әрі арзан дәрі көбейіп кеткені де жасырын емес.