Ауылға да логопед маман керек
Бүгінгі таңда бала тілінің кеш шығуы немесе сөздік қорының дұрыс қалыптаспауы мәселесі жиі кездеседі. Осы орайда Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының ауруханасында алғаш рет логопед маманы жұмысқа қабылданып, арнайы кабинет ашылып, жұмысын бастады
Соңғы уақытта мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп жасындағы жеткіншектер арасында бізге таңсық аурулар жиі ұшырасатын болды. Сонау бір уақытта бала жасынан көз жанарының дұрыс көрмеуін сөз етсек, енді міне, дұрыс сөйлей алмайтын, әріптерді дұрыс айта алмайтын балаларды жиі айтып жүрміз. Жасыратыны жоқ, бүгінде балалар арасында тіл кемістігі аз емес. Дыбыстарды дұрыс әрі анық айта алмайтындарды күнделікті кездестіріп қаламыз. Сондықтан болар логопед мамандарға сұраныс күрт өскен. Қалада бұл маманға жүгінетіндер көп. Ал ауыл балалары логопедтің кім екенін біле бермейді.
Жақында Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында №2 орталық ауруханада алғаш рет логопед кабинеті ашылды. Кабинеттің негізгі жұмыс бағыты: диагностика, бала тілін шығару, нейрогимнастика, танымдық процесс, баланың сенсорлы, моторлы қабілетін дамыту, кеңес беру, артикуляциялық аппаратпен тексеру, бақылау-бағалау, лого массаж, бұлшық еттің тонусын жұмсарту және қатайту, мый шарларын дамыту, сөйлеу тілінің патологиясы бойынша балаларға кеңес беру болып табылады. Логопед маман бүгінде дизартрия, ринолалия, тұтықпа, жалпы сөйлеу тілінің дамымауы, алалия, афазия сияқты тіл кемістігінің түрі бар балалармен жұмыс жасауда.
Ауылымызда қазіргі таңда өте қажетті мамандық. Арнайы логопед кабинетін ашып беріп жатқанына өте қатты қуаныштымын. Қазіргі таңда логопед мамандығы ата-аналарға аудай қажет. Бала тілінің кешеуілдеп шығуы қоғамдағы өзекті мәселеге айналды. Сондықтан тіл мүкістігі бар балалар дәрігерлер мен логопед мамандардың жіті бақылауында болуы керек. Дыбыс айтылуындағы кемістіктер баланың оқу, жазу дағдыларының, мінез-құлқының қалыптасуына, сабақ үлгеріміне әсерін тигізеді. Осы орайда біз барлық бағыт бойынша көмек көрсете аламыз, - дейді логопед маман Құралай Бейсембаева.
Ертеректе ақжарлықтар логопед маманын іздеп облыс орталығына сабылуға мәжбүр болатын. Енді өз ауылдарында логопед кабинеті ашылды. Халықтың қуанышында шек жоқ.
Соңғы кездері баламыз дұрыс сөйлемейді. Еркелігі тым басым. Кейде сөзін өзге түгілі, өзіміз түсіне алмаймыз. Осындай сәтте ауруханамыздың бір бұрышынан логопед маманына да бір кабинет ашылғанына қуаныштымын. Қалаға сабылмай, осындағы логопед маманына көрініп, кеңес ала аламыз, - дейді ауыл тұрғыны Маржан Бекпаева.