Қытайда өтетін қысқы олипиадаға шығыстың спортшылары қатысады
4-22 ақпан аралығында Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына ұлттық құрама сапында біздің спортшылар да аттанады
Барлығы 95 мемлекет қатысып, спорттың жеті түрінен барлығы 109 медаль ойнатылатын болады.
- Біздің спортшылар ұлттық құраманың тірегін құрайды: олар фристайл, трамплиннен секіру, биатлон және тау шаңғысы бойынша өнер көрсетеді, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
Тоғыз шығысқазақстандық 13 лицензия жеңіп алған. Олардың есімдерін спорт сүйер қауымның барлығына әйгілі. Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Олеся Граур, Сергей Ткаченко, Галина Вишневская-Шепоренко және Захар Кучин деген мақтаныштарымыз шығыстың ғана емес, күллі қазақ елінің намысын қорғайды.
Олардың әрқайсысының халықаралық ірі жарыстарда жеңістері бар, алайда Олимпиада кез-келген спортшының өміріндегі ең басты әрі маңызды жетістік болып табылады. Аймақ басшысы мықтылар командасына сәттілік пен төзімділік тіледі.
- Барша шығысқазақстандықтардың біздің командаға жанкүйер болатынына сенімдімін! – деді Даниал Ахметов сөзінің түйінінде.