Утиль алымы азайса, көліктердің бағасы төмендей ме?
Елдегі дүрбелең басылып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында үкіметке бірқатар тапсырмалар берген еді. Бұл тапсырмалардың ішінде еліміздегі утиль алымын қалыпқа келтіру де бар
Кәсіпкерлер мен жалпы қоғам тарапынан "ӨКМ операторы" деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті, осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке "ӨКМ операторы" ЖШС-ның утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралғаны жөн. Мемлекеттің утилизациялау, автомобильдік өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға қолдау көрсетуін ешкім тоқтатқан жоқ. Бұл мәселені бизнеспен және қоғаммен конструктивті түрде талқылау керек, - деді Президент. - Отандық автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есебінен ваучер беру мәселесін қарастырған жөн. Осы және өзге де утильдік алым қаражатын қоғамға пайдамен жарату тәсілдерін қарастырыңыздар.
Бұл ақпаратты естіген халық жақсы өзгерістер болады деген зор үміттерін білдірді.
Утиль алымы болған және болады
Президенттің бұл тапсырмасын көпшілігі дұрыс түсінбей жатты. Яғни, халық утиль алымы толықтай тоқтатылды деген жансақ пікірде болды. Президенттің бұл сөздері мемлекет утиль алымының көмегімен отандық автонарықты қолауын жалғастыратынын білдіреді. Журналист Вадим Борейка өзінің ютуб каналында утиль алымына қатысты пікірін білдірді.
Президентіміздің утиль алымы туралы сөзінен кейін қуанышымда шек болмады. Алайда мәтініне назар салғанымда, "ӨКМ операторының" жұмысын тоқтату туралы ғана айтылды. Яғни, Әлия Назарбаева құрған бұл жеке компанияға утиль алымынан түскен табыс аударылмайтын болады. Ол тиісінше, мемлекет қазынасына түсіп отырады, - деп атап өтті Вадим Борейко.
Бүгінгі күні Қазақстандағы утиль алымының көлемі шетелдік мемлекеттердің алымынан 30-50%-ға жоғары. Бұл шамамен 1,5-6 млн теңгені құрайды. Сол себепті елімізде утиль алымына қарсы түрлі ұйымдар құрылып, утиль алымының сомасын төмендетуді талап еткен.
Петициялардан нәтиже бар ма?
Президенттің сөзінде "Тіпті, осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті" дегені бар. Бұл елімізде құрылған "Утильсборға жол жоқ!" қоғамдық қозғалысының осы уақытқа дейін жүргізген белсенді жұмыстарының бір көрінісі іспетті. Себебі осыған дейін 2021 жылдың 31 қазанында "Қазақстанда автокөлікті кәдеге жарату алымын алып тастауды талап етеміз!" петициясы жазылып, оған 189 348 адам қол қойған.
"Қазақстанда 2016 жылдан бастап автокөлікке кәдеге жарату алымы енгізілді. Қазіргі уақытта оның мөлшерлемесі 400 000-нан бастап 5 500 000 теңгеге дейін өзгеріп отырады. Ескі көлікті кәдеге жаратуға емес, басқа мақсаттарға жұмсалады. Әлемдік тәжірибеде кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі он есе аз. Мысалы, Германияда ол 100 еуроға, Нидерландта 30 еуроға тең, ал Жапонияда кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі Қазақстанға қарағанда 80 есе аз. Кәдеге жарату алымын енгізгеннен кейін ҚР-да автомобильдердің бағасы орта есеппен 2 есе өсті. Қазақстанда барлық посткеңестік елдер арасында автомобильдер бағасы ең қымбат" делінген бұл петицияда.
2021 жылдың 19 желтоқсанында "Кәдеге жарату алымын жойғанға дейін эко-бекеттерді жабуды талап етеміз" деген тақырыпта бір петицияға қол жиналды. Мұнда "Кәдеге жарату алымының бағасы 400 000-нан 5 500 000 теңгеге дейін жетеді, ол ақша жеке компанияға кетіп жатыр, сондай-ақ бастапқы тіркеу құны да бар. Осыған қарамастан, жергілікті билік органдары эко-бекеттердің көмегімен экологиялық нормаға сәйкес келмегені үшін автокөлік иелеріне барынша айыппұл салады. Эко-бекеттер ақаулы және сәйкес келмейтін жабдықтарды пайдаланатыны бірнеше рет анықталды. Бүгінгі таңда экопосттар кәдеге жарату алымының салдарын репрессивті монетизациялау әдісі екеніне сенімдіміз" делінген.
Үкімет отырсындағы Президенттің тапсырымасынан кейін ерікті тұлғалар утильді сборға қатысты қайта қол жинай бастады.
Біз осы петицияға қол қойған Қазақстан Республикасының азаматтары, ҚР Президенті мен үкіметтен талап етеміз: 2016 жылдан бастап "ӨКМ операторы" ЖШС қатысты ақша қаражатының қозғалысына мұқият тергеу жүргізу және кәдеге жаратудың белгіленген мөлшерін дамыған елдердегідей 100 еуроға дейін түсіру, - дейді Петиция авторлары.
Аталмыш петиция 12 қаңтарда ғана жарияланғанына қарамастан, оған 20 мыңға жуық адам қол қойып үлгерді.
Көліктің бағасы арзандай ма?
Қазақстанда утильді алым енгізілгеннен кейін ел көшелерінде Ресей және армян нөмірлерімен екі жүз мыңнан астам автомобиль пайда болды.
Тәуелсіз автобизнес одағы төрағасының орынбасары Шыңғыс Темірдің айтуынша, мұндай сандар жаңа автокөліктерге бағаның өсуі және пайдаланылған көліктердің әкелінуін шектегендіктен қалыптасқан. Яғни, 2015 жылдан бастап салондардағы автомобильдер екі есе қымбаттады.
2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін "ӨКМ оператор" компаниясы 220 млрд теңге көлемінде кәдеге жарату алымын жинады. Жақсы жаңалығы - "ӨКМ оператор" компаниясы бұл ақшаны мемлекет қазынасына қайтаруы тиіс. Алайда ашық дереккөздерде соңғы жылдың деректері жоқ.
Утиль алымын мемлекет өз қадағалауына алғаны дұрыс, себебі бүкіл әлемде утиль алымдары мемлекеттік мекеме жинайды. Дегенмен бұл жерде заңдық реттеулер қажет.
Біздің, "Утильсборға жол жоқ" қоғамдық қозғалысының, ұсынысы - РМК (республикалық мемлекеттік кәсіпорын) болуы керек. Біріншіден, бұл заңды мемлекеттік мекеме. Екіншіден, неге біздің елде "русучет" мәселесі көтерілді. Себебі утиль алым жинайтын жалғыз мекеме жеке меншік болғандықтан, Еуразиялық одаққа кіретін өзге мемлекеттермен Қазақстан атынан сөйлеуге заңдық құқығы жоқ. Мемлекеттік мекеме болса, екі мемлекеттің арасындағы құжаттар ратификацияланады. Мысалы, Ресейдің аумағында утильдік алымы төленген көлік Қазақстанның аумағына енген кезде, оның утиль алымы қоса есептелінеді. Тура солай Қазақстандық көлік Ресей аумағына сатылса, утиль алым ол жақта да есепке алынады, - деп атап өтті "Утильсборға жол жоқ" қоғамдық қозғалысының белсендісі Нұраддин Садықов.
Егер утиль алымының бағасы халық талап етіп отырғандай, төмендейтін болса, елдегі көліктердің бағасы да екі есеге төмендеуі мүмкін.
"Утильсборға жол жоқ" қоғамдық қозғалысының көтерген мәселелері Президентке дейін жетуі бұл "Еститін мемлекет" тұжырымдамасының нақты жұмыс істейтінін көрсетсе керек. Бүгінде "Утильсборға жол жоқ" қоғамдық қозғалысы утиль алымына қатысты нақты ұсыныстар әзірлеп, үкіметке жоладады. Бұл ұсыныстардың ішінде: утиль алымы мен көліктің бастапқы тіркеуінің деңгейін 15 есеге түсіру, техрегламентті алып тастау (авт. казіргі техрегламентке сәйкес, елге тек 7 жыл бұрын шығарылған көліктер енгізіледі) және өзге де маңызды сұрақтардың шешімдері жазылған.
Биліктегілер бұл ұсыныстарға құлақ асса, бәлкім бұрынғы қателіктерді қайталамаспыз...
Жұмыс тобы құрылды
"ӨКМ операторының" орнына келген "Жасыл даму" утиль алымдарының мөлшерін белгілеуді бастады. Ол үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.
Бұл мөлшерлемелер ақпан айының соңына дейін қаралып, бекітіледі. Ал оған дейін кәдеге жарату алымы бұрынғы мөлшер бойынша төленеді.
Қазір бұрынғы оператордың иелігінде болған активтерді мемлекет меншігіне қайтару үшін "Жасыл даму" АҚ балансына беру жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін акционерлік қоғамды әділет органдарында қайта тіркеу қажет. Алымдарды белгілейтін жұмыс тобының құрамы белгілі, оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мамандары да кірген.
Мамандар утиль алымының мөлшері туралы болжам айтуға әлі ерте дейді. Алайда Сенат мінберінен Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Мұхтар Жұмағазиев утиль алымы фермерлерге және бүкіл ауыл шаруашылығына зиян келтіріп отырғанын айтады. Сондықтан кәдеге жарату алымының коэффициенттерін ертерек төмендетіп, ауыл шаруашылығы техникасы үшін кедендік баждарға уақытша мораторий енгізуді сұрады.
Техниканы әкелу кезінде фермерге техника құнының 25-30 пайызына тең сомада бастапқы жарнаны және кәдеге жарату алымын төлеуге тура келеді. Мәселен, тракторлар бойынша орташа алым мөлшерлемесі 11 млн теңгеге дейін, ал комбайндар бойынша әр данасына 22 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша қаржы жүктемесі болып отыр, - дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев.
Жұмыс тобы ұсыныстарды жан-жақты зерделеп, алым мөлшерін ақпан айының соңына дейін қарап бекітеді. Ол туралы ақпарат министрліктің интернет-ресурсында жарияланбақ.
Осы орайда айта кетейік, күні кеше «ӨКМ операторы» басшысы Медет Құмарғалиев пен Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов елордадағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар жемқорлыққа қатысты күдікке ілінген.
Кей мәліметтерге сенсек, екеуі де елден қашпақ болған. Пірімқұлов вице-министр қызметін 2019 жылдың шілдесінен бастап атқарды. Құмарғалиев та сол жылы компания басшысы болып тағайындалған еді.
Осыдан кейін «ӨКМ операторы» басшыларының бірі Руслан Шәмшиевтің көз жұмғаны туралы хабарланды. Алдын ала болжам бойынша ол өзіне қол жұмсаған. Мүрдесі жұмыс кабинетінен табылды. Елордалық полиция бұл іс бойынша қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша, яғни «өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бойынша тергеуді бастады.
Шәмшиев былтырдан бері компанияның құқықтық мәселелерімен айналысқан. Оған дейін «Азаматтарға арналған үкімет», көліктік прокуратура және кеден органдарында қызмет етті.
Стр 49.