"Айгөлек" пе, айфон ба?: қазақша журнал бар, журнал оқитын бала жоқ
Облыс орталығы Өскеменде газет, журнал сататын 10 шақты дүңгіршек бар. Аптаның бірінші күнінде қаланы жаяу шарлап, ерінбей-жалықпай соның жетеуін аралап шықтық. Барлығында орыс тіліндегі түрлі басылымдар толып тұр, ал қазақ тілінде бірде-бір журнал жоқ
Иә, білім мен ғылым жарысқан ХХІ ғасырда кітап, журнал оқитын жасты да, жасамысты да сирек көреміз. Газет шығаратын редакциялар, баспаханалар бар. Бірақ олардың оқырмандары көбіне-көп ауылдағы ағайын немесе қаладағы көнекөз қариялар. Бала кезімізде апа-аталарымыз зейнетақысына, әке-шешелеріміз жалақысына жаздырып алатын "Айгөлек", "Балдырған", "Жыл он екі ай", "Бала би", "Ақжелкен", "Мөлдір бұлақ" сияқты журналдарды оқып отырған балаларды осы күні көрмейміз. Неге? Өйткені бәрінің қолында соңғы үлгідегі бір-бір смартфон. 2008-2010 жылдан бастап өмірімізге дендеп енген ұялы телефонның түр-түрін бүгінде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін пайдаланады, жатсақ - қойнымызда, тұрсақ - қолымызда.
Ұсыныс бар, сұраныс жоқ
Балауса шақтан "Балдырғанның" ертегі-тақпақтарын тыңдап, алты жасқа толғанда "Айгөлекке" жазылып, төрт мезгіл бойы "Жыл он екі айды" жата-жастана оқып, "білім" атты теңізге "мектеп" атты кемемен шыққан соң "Ақ желкенді" жайып, "Мөлдір бұлаққа" шомылып, "Бала би" болуға талпындық. Содан жаман болған жоқпыз. 2000 жылдардың басында газет-журнал оқып өскен буынның өкілдері тілі жетік, қиялы ұшқыр, сөздік қоры мол болып ер жетті, бой жетті. Ал енді 2005 жылдан бері қарай дүниеге келген қазіргі жасөспірімдерге қарасақ, "зомби" секілді. Бозбала мен бойжеткеннің бәріне күйе жағып, топырақ шашпаймыз. Бірақ не жұрт алдында сөйлей алмайтын, не өз құқығын қорғай алмайтын, сөзге шорқақ, іске олақ, тарихқа немқұрайлы, әдеп нормаларынан жұрдай жастар қайдан шығып жатыр сонда? Бұның бәрі технократтық сананың жемісі, инстаграм берген тәлімнің, тикток берген тәрбиенің нәтижесі.
Қазір көрінбей кеткен бала кездегі айырылмас дос-журналдарды іздеп сұрау салдық. Жабылып қалмапты, азаймапты. Қайта қатары көбейіп, тағы да біраз балалар журналы шығыпты. Бірақ олар қазіргі коучтардың бизнес жасап, ақша табуға үйрететін кітаптарындай жарнамасы айқайлап, кітап сөрелері мен дүкен-дүңгіршектерде толып тұрған жоқ. Қажет қылған адам керекті журналын өзі іздеп, нөмірін тауып, қоңырау шалып сұрайды немесе "Қазпошта" бөлімшесіне барып жазылады. Демек ұсыныс бар, баспаханалардың жұмысы бұрынғыдай, тек халықтан сұраныс болмай тұр.
Қазақша балалар журналы атымен жоқ
Атақты "Балдырған" журналының тарихы 1958 жылдың шілде айынан басталады. Тұңғыш редакторы журналды отыз жыл уақыт басқарған атақты балалар ақыны Мұзафар Әлімбаев болды. "Айгөлек" 2000 жылдың 22 желтоқсан айынан 22 беттік журнал болып шыға бастады. 2010 жылы тағы он бет қосылып, қазір 32 беттік журнал болып саналады. Редакторы баршаға танымал - Қымбат Әбілдәқызы.
Журналға қимайтын, кітапқа бергісіз "Жыл - он екі айдың" да жарық көргеніне биыл 22 жыл толыпты. Оның редакторы ұлтшыл, елжанды, балалар мен жастардың жанашыры Талғат Айтбайұлы.
"Жыл он екі ай" балалар кітабының таралымы "Жұлдыз" журналының тиражымен бірдей. "Жұлдыз" мемлекеттік тапсырыспен шықса, "Жыл он екі айды" мен өз қаражатыма басып шығарамын. Кітап жылына алты рет, екі айда бір рет жарық көреді. Журналдың қай санын алып қарасаңыз да, ішінде ескірген материал таппайсыз, болмаған да. Менің журналым - қазақ әдебиетіне қызмет етеді. Ішінде саясат та, дін де жоқ, тек ұлттық дүниетанымға негізделген туындылар. Бір кітаптың бағасы 400 теңге, жылдық жазылым құны 2400 теңге. Журналымызды іздеп хабарласқаныңыз үшін, балалар әдебиеті туралы мәселе көтеріп отырғаныңыз үшін саған бір жылдық кітапты тегін сыйлаймын. Алматыға келіп, үйіме қонақ болып кет, - деп әңгіменің нүктесін қойды Талғат Айтбайұлы.
Міне, өсіп келе жатқан жаңа ұрпақты отансүйгіш, ұлтжанды, әдепті, мәдениетті, патриот етіп тәрбиелейтін осындай журналдарды барлық ата-ана ұл-қыздарына алып берсе, виртуалды әлемге байланған "зомби балалар" азаяр еді.
Шығыс шаһарын шарлап шыққан соң ғаламтордағы деректерге көз жүгіртіп, еліміздегі балаларға арналған басылымдардың саны мен сапасын салыстырдық. Қазақстанда мемлекет құраушы ұлттың ана тілінде небары он алты журнал шығады екен. Олар: "Айгөлек", "Балдырған", "Мөлдір бұлақ", "Жыл он екі ай", "Балбұлақ", "Ерке", "Бала би", "Ұлан", "Ақжелкен", "Балалар әлемі", "Вундеркинд КЗ", "Алақай, балақай", "Айтшы, әжетай", "Періште", "Балалар шығармашылығы", "Ел ертеңі" (жоғары сынып оқушыларына арналған, Өскемен). Ұзын саны жиырмаға да жетпейтін басылымдардың біразы ғана оқырмандарға кеңінен танымал, сұранысқа ие, тарихы тереңдегі журналдар. Көпшілігі кейінгі жылдары жарық көргенге ұқсайды.
Ал орыс тілінде шығатын кітап-журналдар бұдан да көп: "Шуша", "Молодые и дерзкие", "Аиф", "А почему?", "Мир техники", "Простоквашино", "Детская роман-газета", "Костер", "Мурзилка", "Читайка", "Ералаш", "Маша и медведь", "Весёлые уроки", "Весёлые картинки", "Весёлый затейник", "АБВГД", "В мире животных", "Тошка и компания", "Филя", "Юный натуралист", "Геоленок", "Дисней для малышей", "Клёпа", "Играекм с Барби", "Принцесса", "Чародейки".
"Өскеменде балаларына журнал, газет, энциклопедия сатып алып беретін ата-аналар бар ма екен?" деген сұрақ мазалап қоймаған соң әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздік. Нәтиже көңіл көншітерлік емес. Қазір екінің бірі де, екісі де смартфонға көшкен екен.
"Жарнама болмаған соң ақсап тұрмыз"
"Айгөлек" пен "Балдырғанды" таба алмай отырғанда "Балалар әлемі" деген жаңа журналға тап болдық. 2013 жылдан бастап шығатын балалар журналы сыртқы мұқабасын қоспағанда 64 бет баспа табақтан тұрады. Ішінде білім-ғалым, танымға қатысты барлық тақырыпты қамтыған, түрлі-түсті бетті балалар басылымы айына бір рет жарық көреді.
Біздің "Балалар әлемі" журналы әлі танылмай жатыр. Әйтпесе бірен-саран жұрт білген бетте жазылып жатыр. Қазақстан бойынша әсіресе батыс және оңтүстік өңірлерден көп жазылады. "Балаларымыздың тақпақтарын, суреттерін жіберсек жариялайсыздар ма?" деген сарындағы хаттар да жиі келеді. Біз өлеңге бір ғана бет арнаймыз. Одан кейін тарихи тұлғалардың туған күніне, айына, жылына орай тарихи материалдарды, олардың шығармашылғынан үзінділер береміз. Екі бетті ертегіге, екі бетті суретті әңгімелерге, екі бетті ғибратты мысалдарға, екі бетті Мұхаммед пайғамбар (с.а.у) туралы мәліметке арнаймыз. Қалған беттерде танымдық ақпараттар мен суреттер, көңілді басқатырғыштар, ойындар, журналдың тұрақты оқырмандарының фотолары мен шығармашылық жұмыстары, т.б. жарияланады, - дейді журналдың бас редакторы Сәкен Баянұлы.
Жасы жер ортасынан асса да сауатты, білімді, тәрбиелі ұрпақ үшін баспа ісін қолға алып отырған редактордың айтуынша, жұмыста екі қиындық бар. Біріншісі - мемлекеттен ешқандай қолдаудың болмауы, екіншісі - жарнаманың жоқтығы. Мемлекеттен көмек алу үшін баспадан шығатын тираждың белгілі мөлшері болуы керек екен. Егер ұзақ жылдан бері жарық көріп, таралым саны көп болмаса, қанша жерден пайдалы, мықты журнал болса да үкімет көк тиын бөлмейтін көрінеді. Жарнама жасап, кеңінен тарату үшін де қаражат пен белсенді қызметкерлер керегі анық.
"Жоғары жақтан әлдекім бөгет болады"
Сәкен Баянұлымен сырлы сұхбат барысында бір үлкен мәселенің шеті қылаң берді. Ол жаңа шыққан басылымдардың таралымына белгісіз біреулердің кедергі келтіретінін ашық айтты.
Оқырманның көзайымына айналған балалар журналы онсыз да аз. Біз бір-бірімізбен бәсекеге түспейміз. Кейбір мектептерде мұғалімдер бір шындықтың шетін айтып қалады. "Балалар әлемі" журналына мектеп болып жазылғысы келетінін, бірақ жоғары жақтан "мына журналға жазылыңдар, ана журналға жазылыңдар" деген тапсырма келетінін кейбір директорлар сыбырлап мойындайды, - дейді "Балалар әлемі" журналының бас редакторы.
Түптеп келгенде, ұрпағымызды не ұялы телефонға тәуелді етіп, шынайы өмірден гөрі виртуалды әлемге бейімдеп өсіру, не қазақтың мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақтарын жаттатып, батырлар жырын оқытып, ертегі тыңдатып, нағыз ұлт өкілі етіп жеткізу - өзіміздің қолымызда. Сондықтан ұсыныс бар кезде сұранысты да көбейтіп, қазақша журналдар бар кезде, оны шығаратын елжанды азаматтар тұрған кезде, керегімізді алып қалайық. Ертең осы күнімізге де зар болып қалуымыз ғажап емес!