Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Тарбағатайға Тоқаевтың пәрмені енді жетті

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев газ бен жанармайға тұрақты баға бекіткен болатын. Алайда Президент тапсырмасының облыс көлемінде орындалмай жатқанын көрдік. Соның бірі Тарбағатай ауданы

Усть-Каменогорск и ВКО / Тарбағатайға Тоқаевтың пәрмені енді жетті
Фото:
Тарбағатай ауданы тұрғындарынан

Үкімет елдегі жағдайды тұрақтандырып, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту үшін шұғыл шаралар қабылдаған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы реттелді. Яғни, елде сұйытылған газдың шекті бағасы бекітілді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "көгілдір отынның" бағасы 50-70 теңге аралығында сатылатынын айтты. Бұл баға 180 күн сақталатын болады. Осы аралықта баға құнын өсірген компанияларға айыппұл салынатынын да атап өткен. Нақты айтқанда, Шымкент, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан өңірлерінде газ бағасы литріне 60 теңге, алыс аудандарда 65 теңге болып бекітілген. Айта кету керек, сұйытылған мұнай газын электронды сауда алаңдары арқылы сатуға көшу бір жылға шегерілді. Сондай-ақ, бензин мен дизельдің бағасы да мемлекеттік тұрғыда реттеледі.

Шекті бағалар белгіленді және оны енді өсіріп жіберуге әсте болмайды. Облыс орталығында және орталықтан 200 шақырым қашықта жатқан елді мекендерде газдың шекті бағасы - 60 теңге. Егер елді мекендердің орталықпен ара қашықтығы 200 километр ұзақ болса, газ бағасы литріне 65 теңге болады. Өңір бойынша жазғы және маусымаралық дизель отынына шекті бағасы 260 теңгеден аспауы тиіс. Ал бензиннің шекті бағасы: АИ-80 литрі 89 теңге, АИ-92 литрі 182 теңге, АИ-93 литрі 182 теңге, АИ-95 литрі 215 теңге, - деді облыс бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті басшысының орынбасары Ренат Нәбиев.

Баға қайда барасың?

Десе де Президенттің тапсырмасына қарамастан Тарбағатай ауданында жеке меншік ЖҚС-ларда АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 210 теңгеден сатылған еді. Бұл ЖҚС бар ауылдардағы баға. Ал ЖҚС жоқ шалғай ауылдарда одан да қымбат. Кәсіпкерлер бұның себебін былтырғы тасымал шығынының қымбаттығымен түсіндіреді. Осы ескі жанармайды сатып біткен соң ғана жаңа бағамен келген жанармайдың бағасын бәлкім түсіреміз деген. Ал Тарбағатай ауданынан 120 шақырым қашықта орналасқан Зайсан қаласындағы жеке меншік ЖҚС-да АИ-92 маркалы жанармай былтырдан бері нарықтағы реттелген бағаға сай 180-185 теңге аралығында сатылып келеді. Екі аудандағы кәсіпкерлердің жанармай тасымалдайтын жері біреу-ақ - Павлодар мен Жалғызтөбедегі мұнай өнімдері қоймасы. Тарбағатай ауданы аумағында бір ғана "Қазақоил" жанармай құю бекеті бар. Ол жерде АИ-92 жанармайының бағасы 180 теңге. Бірақ ол ЖҚС аудан орталығы Ақсуаттан 70 километр, ал бұрынғы аудан орталығы Ақжар ауылынан 92 километр қашықта орналасқан. Халықтың негізгі талабы - Ақжар, Ақсуат және 5000-ға жуық тұрғыны бар балықшы Тұғыл ауылына "Qazaqoil" ЖҚС салдыру. Сонда ғана шалғай ауылдағы шаруалардың шырайы кіреді дейді ауыл тұрғындары.

до.jpg                  после.jpg


Қалтаға салмақ салған газ құны

Несін жасырамыз, Тарбағатай ауданында газ бағасы да аспандап тұр. 10 литрі 2800-3000 теңгеге көтерілген баға табиғи газ өндіріп отырған аймақ тұрғындарының қалтасын қағып отырған. Тарбағатайда газ бағасы өзге аудандармен салыстырғанда тым қымбат. Ең төменгі жалақы да осы ауылдық жердегі тұрғындарда. Бірақ су, жарық, табиғи газ бағасы жоғары. Айлығы ас-суынан артылмаған ағайын үшін оңай емес. Жауапты сала мамандары тарифті төмендете алмайтындарын айтып ақталды. Сөздеріне сенсек, қызмет көрсету саласында тасымалдау құны жоғары екен. Ауданда газ сататын үш-ақ кәсіпкер бар. Соның бірі - Манар Қиысбаев.

Өткен жылы алып қойған 1 тонна газым бар. Яғни, ол өткен жылдың бағасымен алынған газ. Өздеріңіз білесіздер, біз газды Павлодар қаласынан алдыртамыз. Бізге әкеліп беретін арнайы делдалдар бар. Енді есептеңіз, ол кісілерден сатып алатын баға, әкелгендегі жолы, үстінен көретін пайдамыз бар. Осының бәрін қосқанда 10 литр газ баллонның бағасы 2800-3000 теңгені құрайды, - дейді кәсіпкер.

Павлодарда бұрын газ бағасы 60 теңге болса, қазір 70-75 теңге. Бұл 60 теңге мөлшеріндегі бұрынғы баға енді болмайды, өйткені қазір биржадағы газдың бағасы тасымалдау және кәсіпкердің операциялық шығыстарын есепке алмағанда литріне 70-85 теңгені көрсетіп тұр. Тұтастай алғанда, газдың бағасын нарықтың өзі сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптастыратын болады. Әкімдік газ бағасын реттеуге қатыспайды, өйткені бұл тауар бәсекелестік ортаға тиесілі. Қазіргі таңда кәсіпкерлер Павлодардан жеткізілетін сұйытылған газдың литрін 1800-1900 теңгеден алып, 2800-3000 теңгеден сатуда.

Тек мемлекет басшысы айтса ғана қимыл-қозғалыстарын түзейтін жауапты сала мамандары осы мәселе жөнінде тұрғындармен кездескен. Бұл жолы жұрттың наразылығын қандай сылтаумен сейілтті?

Тарбағатай ауданының әкімі Асхат Смаилов Ақжар ауылдық округінде жанар-жағармай құю станцияларындағы жанармайдың бағасы бойынша ауыл халқымен кездесіп, жиын өткізді. Жиынға жанар-жағармай құю станция иелері, қоғамдық ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары, аудан әкімдігінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында негізінен ауыл тұрғындары аудан әкіміне арыз-шағымдарын айтып, шешілмей жүрген мәселелерін жеткізді. Жиында жанар-жағармай бағасын төмендету мәселесі бойынша облыстық құзырлы органдарға хат жолдау турапы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырма берілді.

Аудандағы жанар-жағармай бағасы мәселесі бұрыннан қозғалып келе жатыр. Біздің ауданға "ҚазМұнайГаз" компаниясы келмейінше өзіміздің кәсіпкерлер бір-бірімен бәсекелестікті тоқтатпайды. Олар өзара келісіп, өз бағаларын белгілеп, соны ұстап отырады. Осы тұрғыда аудан әкімі ретінде Асхат Сайдахметұлының сөзі кәсіпкерлерге өтері анық. Мұндағы кәсіпкерлер тендермен жұмыс істеп отырған азаматтар. Ауыл шаруашылық бөлімі мамандары келіп, ауданды аралап бағаны реттеп, жұмыс істеуі керек, - дейді Ақжар ауылының тұрғыны Ербол Жанибеков.

Осы жиында аудан әкімі жағдайды реттеп, Президент тапсырмасын орындайтындығын халыққа жеткізген болатын. Алайда арада 10 күнге жуық уақыт өтсе де, аудандағы жанар-жағармай бағасының еш төмендемегенін көрдік.

Біз жанар-жағармай мен газ бағасын реттей алмаймыз. Ол біздің құзырымыздағы дүние емес. Жедел желіде көрсетілген нөмірге хабарласып, шағымдануға кеңес береміз. Әрі қарай солар шара қолданады, - деді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мауатдинов.

Бұл мәселені журналистер көтеріп жатқанын сезінгеннен бе, жоқ Тарбағатайда Тоқаевтың тапсырмасы орындалмай жатқанын бүкіл ел біліп қоймасын деген үрейден бе, аудандағы кәсіпкерлер өздері қайта хабарласып, газ бен жанар-жағармай бағасының түскендігін айтты.

Мақала газет бетіне шықпай жатып тарбағатайлық кәсіпкерлер мен атқарушы билік Президент жарлығын орындап, жанармай бағасының АИ-92 маркасын 182 теңгеге, сұйытылған 10 литр газ бағасын 2500 теңгеге төмендеткендерін жеткізді. Ештен кеш жақсы деген. Бір аптадан астам уақыт созбаққа салынса да Президент тапсырмасының орындала бастағаны көңілге медеу. Егер тұрғындар бұл шекті бағалардың жоғарылап кеткенін байқаса, бірден шағымдануы тиіс. Шығыс Қазақстан облысы бойынша жедел желі: 8-705-280-45-13.

Қазақстанның табиғи газ өндіру әлеуеті зор

Қазақстан мұнай қоры бойынша дүние жүзінде 10-шы орында, ал өндіру көлемінен 11-ші орында. Мұнай-газ секторына Қазақстан экспортының 60%-дан стамы тиесілі. Мұнай өндірумен 70-ке жуық, ең ірісі Теңізшевройл, Шеврон, ҚазМұнайГаз, Өзенмұнайгаз тағы басқа компаниялар айналысады. Өкінішке қарай, көпшілігінде Қазақстандық үлес 20-50% аралығында ғана.

Қазақстанда 3 мұнай өңдеу зауыты бар. Атырау зауыты - ол Атырау-Ембі және Маңғыстау мұнайын өңдейді. Павлодар зауыты - Омск-Павлодар-Шымкент мұнай құбырымен келетін Ресейдің Батыс Сібір шикізатын өңдейді. Келесі үшінші Шымкент зауыты - Құмкөл (30%) және Батыс Сібір (70%) шикізатын өңдейді.

Отын-энергетикалық кешен Кеңес үкіметінде осылай одақтас республикаларды бір-біріне байланыстыруға негізделген. Газ қоры бойынша еліміз әлемде 12-орында. Ірі өндірушілер ЭНИ, Бритишгаз, Лукойл, СNPS және тағы да басқалар. Газ өңдейтін зауыттар ең жақсысы өз шикізатымызды өңдеуге негізделген: Жаңаөзен, Жаңажол, Теңіз, Ақсай газ өңдеу зауыттары бар. Қазақстанның оңтүстік өңірлері импорт алмасу есебінен Өзбекстан газын тұтынады, бағаның қалыптасуына көршілес факторлар да әсер етеді. Қазақстанның материктің ішінде орналасуы, мұхитқа шыға алмауы, шикізатты басқа елдерге жеткізуіне біршама қиындықтар, қосымша шығындар туғызады. Дегенмен мемлекет басшысы тапсырма беріп, үкімет бағаны әзірге қолдан реттеп отыр.

Жанар-жағармай өндіру саласындағы жұмыстар 6 айдың ішінде бір жолға қойылмаса, бағаны қолдан реттеу жалғасады. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысында мәлімдеген.

Жылдан жылға біздің азаматтар мен кәсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті жанар-жағармай бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз, - деді президент.

Осы кезеңде бас прокуратура бәсекелестікті қорғау агенттігімен, сондай-ақ энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс.

Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын қолдан реттеу жүйесі сақталады.


Следующая →