Зайсандағы Көгедай ауылының медпункті жөндеуден өтті
Зайсан ауданы, Сартерек ауылдық округіне қарасты Көгедай ауылының фельдшерлік-акушерлік пункті ағымды жөндеуден өтіп, бүгінгі таңда пайдалануға берілді. Бұрын тозығы жеткен дәрігерлік пункті аз уақыт ішінде танымастай өзгерген
Жалпы қазіргі таңда ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Мәселен, еліміздегі ауылдардың көбінде көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
Сартерек ауылдық округіне қарасты Көгедай ауылындағы әбден тозығы жеткен ғимараттың ағаштары шіріп, электр жабдықтары жиі үзіліп кететін, мұндағылар от жағып, суды сырттан таситын. Биыл бұл нысан Зайсан ауданы ауруханасының есебінен ағымдағы жөндеуден өткен. Соның арқасында фельдшерлік-акушерлік пункті бастан-аяқ толық жаңартылған.
Көгедай ауылы бірлігі жарасқан елді мекендердің бірі. Мұнда 454-тен астам халық тұрады. Көгедай ауылында бұрын дұрыс дәрігерлік пункт болмаған. Әр науқастың үйіне жалғыз фельдшер өзі барып қарайтын. Қазіргі таңда аудан әкімі Серік Зайнулдин 20 жыл жөндеу көрмеген дәрігерлік пунктіне заман талабына сай жөндеу жұмыстарын жүргіздіртіп, жылу жүйесін жүргізіп, газ қостырып, су тартқызып берген. Бүгінгі таңда жарық, жылы, жанға жайлы дәрігерлік пункте Гүлім Черапиева халыққа қызмет етуде. Бұнда 1 фельдшер, қалған қызметкерлер Сартерек ауылдық округінен кезекшілікпен келіп жұмыс істейді екен. Жергілікті тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін мұнда барлық жағдай жасалғанын айтады фельдшер Гүлім Черапиева.
Заманауи үлгіде қайта жасақталып, ағымды жөндеуден өткен дәрігерлік пунктіміз науқастарды қабылдау, егу, процедуралық кабинеттер және де басқа медициналық қызмет көрсету бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай бұрынғыша өз жұмысын жалғастыруда. Қажетті дәрі-дәрмекпен толығымен қамтамасыз етілген, - дейді фельдшер.
Бұл жұмыстарды жеке кәсіпкер Асхат Өтебаев жүргізген.
Осы уақытқа дейін дәрігерлік пункте жылу мен су мәселесі талқыланып келген екен. Ғимараттың терезелерінен жел гулеп, мекеме пана болмай кеткен. Төбесі, іші-сырты, кәріз және электр жүйесі толығымен жаңартылды. Сондай-ақ, шатыры жөнделіп, есіктері ауыс-тырылды. Бұл игілікті істің бәрі аудан басшылығының қолдауының арқасында жүзеге асты, - дейді компания басшысы Асхат Өтебаев.