ШҚО-дағы импорттық өнімдердің көбі талапқа сай емес
Шығыс Қазақстан облысында 2021 жылы сауда объектілерінде жүргізілген өнім қауіпсіздігі мониторингілерінің қорытындылары шығарылды
Өнім қауіпсіздігі мониторингі шеңберінде 2021 жылы 3900 өнім сынамасына, оның ішінде 2409 тамақ өнімдерінің сынамасына және 1491 халық тұтынатын тауарлардың сынамасына іріктеу жүргізілген.
Іріктеуге алынған өнімдердің басым бөлігі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер елдерінде – 52,7% (2056 сынама), алыс және жақын шетел елдерінде – 26,1% (1017 сынама) және отандық өндірушілерде 21,2% (827 сынама) жасалынған.
ШҚО бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" филиалы жүргізген санитарлық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша өнімнің 914 (23,4%) үлгісі Кеден одағының (ЕАЭО) міндетті техникалық регламенттер талаптарына сай келмейтіндігі анықталды. Сәйкес емес деп танылған өнімнің басым көпшілігі 90,7% (829 сынама) – импорттық өнімдер. Қалған 9,3%-ы (85 сынама) – отандық өндіріске тиесілі.
Сәйкессіздіктер іс жүзінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жататын өнімнің әрбір тобында анықталды, негізінен бұл өнімді таңбалау бойынша сәйкессіздіктер – 96,8% немесе 885 сынама (сақтау шарттары, өндірушінің атауы мен мекенжайы, өнімнің атауы, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі, өнімнің салмағы, азық-түлік және энергетикалық құндылық туралы ақпараттың, мемлекеттік тілдегі ақпарат және КО (ЕАОЭ) мүше мемлекеттер нарығындағы айналымның бірыңғай белгісі көрсетілмеген, Мебиус белгісі, тамақ өнімдерімен жанасу туралы символдың болмауы және басқа да бұзушылықтар), - деп мәлімдеді Шығыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сатылымда пайдалану немесе қолдану кезінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнімдер анықталды. Мониторинг барысында органолептикалық, физикалық-химиялық (санитарлық-химиялық) көрсеткіштер бойынша сәйкес келмейтін 36 сынама (4%) алынды, оның ішінде фортификацияланған ұнның 8 сынамасында темір мен мырыштың құрамы төмен. Халық арасында темір тапшылығы ауруларының алдын алу мақсатында темір Қазақстан аумағында сатылатын бірінші және жоғары сұрыпты бидай ұнына міндетті түрде енгізілуге (байытылуға) жатады.
Сары майдың 2 сынамасында органолептикалық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік анықталды (беткі жағы қабыршықталған, бөтен дәмі мен иісі бар сәл ащы дәм), - дейді мекеме мамандары. - Шырынның 1 сынамасында (тазартылған алма балшырындары, "Дядя Том" ЖШҚ, Ресей, Новосибирск қ., Даргомыжский к-сі, 8а) құрғақ заттардың массалық үлесі 5,5%-ды құрады, регламенттелетін норма кемінде 11,2%, яғни шырынның сапалық сипаттамалары бұзылған.
Мониторинг барысында өндірушілердің өнімдегі ылғалдың мөлшерін (құс еті, сары май) арттыру жолымен тұтынушыны алдау сипатындағы 4 факті анықталды. Сары майдың 3 сынамасында (тұздалмаған тәтті сары шаруа майы 72,5%, "Маслоторг-КЗ" ЖШҚ, Ресей, Новосибирск қ., Толмачевская к-сі, 32) және мұздатылған құс етінің 1 сынамасында ылғал мөлшері асып кеткен.
25 сынама қауіпсіздік көрсеткіші бойынша сәйкес келмеді, атап айтқанда сауда объектілерінде жарамдылық мерзімі өткен тамақ өнімдерінің 16 сынамасы табылды, тамақ өнімдерінің 9 сынамасы микробиологиялық көрсеткіштер бойынша (құс өнімдері, аспаздық өнімдер) сәйкес келмеді.
Жарамдылық мерзімі өткен және микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмейтін өнімдерді жеу өткір ішек инфекциясын, тамақтан улануды тудыруы мүмкін.
Өткізушілерге, жеткізушілерге, импорттаушыларға және өндірушілерге қатысты анықталған бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 259 ұйғарым берілді, 3 398 305 теңге сомасына 217,49 кг қауіпсіз емес өнім (тауар) айналымынан алынып тасталды.
Өнімнің сәйкестігін растайтын "сұр" және жалған құжаттарды (декларациялар, сертификаттар) анықтау бойынша жұмыс жүргізілді, оның қорытындысы бойынша ұнның сәйкестігі туралы 2 декларацияның қолданысы жойылды.
Тұтынушыларды ақпараттандыру мақсатында ай сайын ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында ҚР аумағында өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу кезінде анықталған сәйкес келмейтін өнімдердің тізілімі орналастырылады. Сондай-ақ, бұл тізім Wipon мобильді қосымшасында ұсынылған, онда өнім туралы ақпарат штрих-кодты сканерлегеннен кейін экранға шығады.
Өнімдер туралы ақпаратты алдын ала біле отырып, денсаулыққа зиянды деп танылатын өнімнен бас тартып, дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік бар.
Дүкен сөрелерінде сәйкес келмейтін өнімдер анықталған жағдайда, сіз жазбаша түрде Шығыс Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне немесе оның аумақтық басқармаларына жүгіне аласыз.