Зайсанда алғашқы медресе бой көтермек
Қазіргі таңда Зайсан қаласындағы Зайсан аудандық орталық мешітінің жанынан жастарға арналған қайырымдылық діни білім беру медресесінің іргетасы қалануда
Адам өмірінде сауабы үзілмейтін игі істердің ретін Алла тағала адамзат баласына асыл діні арқылы көрсетіп қойған. Сондай шексіз сауаптың бірі - халыққа, қоғамға пайдалы ғимарат салу. Медресе салу - екі дүниеде де игілікті һәм сауапты іс саналады. Адамзат баласы медреседе сауатын ашу арқылы қараңғылықтың пердесін серпіп, надандықтың көбесін сөге алады. Хакім Абай айтпақшы "Дүниенің ақиқатын денелеп болса да білу үшін" адам ең алдымен ілім-біліммен қарулануы керек. Онсыз күніміз қараң, болашағымыз бұлдыр деген. Діни дүниетанымын арттырып, рухани білімін дамытып, тәлім аламын дегендер үшін тәрбие ордасы.
Осыдан үш ай бұрын Зай-сан қаласындағы Зайсан аудандық орталық мешітінің жанынан жастарға арналған қайырымдылық діни білім беру медресесінің іргетасы қалана бастаған. Құрылыс қаражатын жергілікті халық көтеріп отыр.
Зайсанға қайырымдылық діни орталығын салу ауданға имам болып келгеннен бастап ойымда жүрген. Уақыт өте тәжірибе жинақтап, халық және түрлі қызметтік өкілдермен араласқан соң оңымыз бен солымызды реттедік. Содан кейін барып діттеген ойымызды орындауға бел байладық. Бұл медресе қаламыздағы алғашқы медресе болмақ. Мақсатымыз жастарға - ислам жолының дұрыс бағытын үйрету, теріс ағымдардың алдын алу. Осындай ілімді алып шыққан өкілдер арқылы бүгінгідей нарық қысқан мобильді уақытта жүйкесі тозып, күйзелісте жүргендерге діни сауатпен жүрек теніне тыныштық ұялату керек деп ойлаймын. Медреседен түлеп ұшқандар халық арасына еніп, кез келген уақытта өз ілімдерін ұдайы таратса, қылмыс пен өз-өзіне қол жұмсау фактілері азаяр деген үміттеміз. Осы тұста айта кеткен жөн, біздегі тағы бір түйткілді мәселенің бірі - Құранды толық жаттаған қарилардың аз болуы. Медресеміздің құрылысы бітіп, ауданымыздан Құран жаттаған қарилар шығып, өзіміздің алдымызда намазда тұрса, одан асқан бақыт жоқ шығар, - дейді Зайсан аудандық орталық мешітінің бас имамы Нұрболат Жарас.
Медресе құрылысының аяқталуына қаражаттың тапшылығы қолбайлау болып тұрған көрінеді. Сауапты іске атсалысамын дегендер болса, мешіт көмекті қуана қабылдайды.
Реквизиттер:
БСН: 890841000087
"Евразия банк" АҚ
БИК: EURIKZKA
Е/ш теңгемен:
KZ3994809KZТ 22030640
KASPI GOLD: 87771820873 Архалық Б.