Екпеден бас тарта отырып, балаңыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төңдіруіңіз мүмкін
Шығыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балаларға профилактикалық екпе салдырудан бас тартудың салдары туралы айтты
Вакцина тек ауыр, қауіпті, асқынулар тудыруы мүмкін (өлімге әкеп соғатын) жұқпалы ауруларға, сонымен қатар көптеген адамдар бір уақытта ауыратын инфекцияларға (мысалы, тұмау) қарсы жасалады.
Тек профилактикалық екпелер ғана балаңызды полиомиелит, дифтерия, көкжөтел, туберкулез, сіреспе, В гепатиті, қызылша, эпидемиялық паротит, қызамық, пневмококк инфекциясы, гемофильді инфекция сияқты аурулардан қорғай алатындығын білуіңіз керек, - деп ескертеді мамандар.
Жұқпалы аурулар бала кездегі барлық аурулардың басым бөлігін құрайды, олар мүгедектікке және өлімге әкелетін ауыр асқынулармен қауіпті. Жыл сайын әлемде түрлі инфекциялардан шамамен 12 млн бала көз жұмады, оның ішінде 4 млн астам бала вакцинопрофилактикамен толық алдын алуға болатын аурулардан көз жұмады.
Иммундаудың арқасында адамзат табиғи (қара) шешек сияқты қорқынышты аурудан құтылды. Дифтерияның сирек жағдайлары ғана тіркеледі, балаларды мүгедек қылатын полиомиелит іс жүзінде жойылды, қызылша, қызамық және туа біткен қызамық жағдайлары сирек кездесетін болды, сіреспе толығымен жойылды десе болады. Ұлдардың бедеулігіне әкелетін орхит (ұрықтың қабынуы) деген ауыр асқынуы бар эпидемиялық паротит те азайды, - деп мәлімдеді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Вакцинация бағдарламаларын тоқтатса, вакцина арқылы жоюға болатын аурулар қайтадан пайда болуы мүмкін. Егер халық егілмеген болса, онда сирек кездесетін аурулар, мысалы, полиомиелит және қызылша қайтадан өрши түседі.
2021 жылдың қарашасында ДДҰ бүкіл әлемде қызылша ауруының қаупі туралы ескертті. Мұндай қауіп пандемия кезінде 22 миллионнан астам бала қызылшаға қарсы егуді жіберіп алғандықтан туындап тұр.
2019 жылы 13 мыңнан астам қазақстандық қызылшамен ауырған, олардың 70%-ы балалар. Ауырғандардың 50%- бір жасқа дейінгі балалар екені анықталды, себебі олар екпені алып үлгермеген. Ауырған балалардың тағы 30%-ы медициналық қарсылыққа байланысты егілмеген. Балалардың тағы 20%-ы ата-аналары егуден бас тартқандықтан ауырған (ақпарат @medsupportkz-тен алынды).
Статистикаға сүйенсек, балаларын екпе салдырмаған ата-аналардың 60%-ы аурулар мен асқынуларға емес, өздерінің жеке пікірлеріне, жақындарының кеңестеріне, діни аспектілерге және басқа да күмәнді жағдайларға байланысты бас тартқан.
Қазіргі уақытта өкінішке қарай, иммундаудың зияны, екпеден кейінгі асқынулардың көп болуы, вакциналардың қауіптілігі туралы көптеген жалған ақпараттар тарауда. Бұл – негізсіз ойлар. Вакциналар туралы ғылым бір орында тұрған жоқ. Бүгінгі таңда вакциналарды қажетсіз компоненттерден тазарту жоғары деңгейге жетті, нәтижесінде жағымсыз реакциялар саны айтарлықтай төмендеді.
Қазақстан Республикасында Ұлттық екпе күнтізбесі бар, соған сәйкес әрбір адам Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен белгіленген мерзімде немесе жеке кесте бойынша жоспарлы профилактикалық екпелерді алуға құқылы. №612 қаулыда жоспарлы иммундау жүргізілетін аурулардың тізбесі көрсетілген, барлығы 11, оларға: «В» вирустық гепатиті, b типті гемофильді инфекция, дифтерия, көкжөтел, қызамық, қызылша, пневмококк инфекциясы, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, эпидемиялық паротит жатады.
Вакцинация жұқпалы аурулармен күресудің өте тиімді әдісі және қауіпсіз екендігі туралы сөзсіз ғылыми консенсус бар екенін айту қажет, - дейді өңірдің санитар дәрігерлері. - ДДҰ вакциналар аутизм спектрінің бұзылуына әкелмейтінін мәлімдейді. Бұл тұжырым өте көп адамдар тобында жүргізілген көптеген зерттеулердің нәтижелері бойынша жасалды, сондай-ақ ауыр немесе ұзақ мерзімді жанама әсерлер өте сирек кездеседі. Вакцинаны енгізуге ағзаның ауыр жағымсыз реакциясына тап болу мүмкіндігі миллионға 1 жағдай. Вакцинадан кейін субфебрильді температура және инъекция орны ауырсыну немесе қызару сияқты жұмсақ жанама әсерлер болуы мүмкін. Мұндай көріністер, әдетте, бірнеше күн ішінде басылады.