Өскемен
пасмурно
+4°
  • Өскемен
    +4°
  • Алматы
    +6°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +9°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -3°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +4°
  • Павлодар
    -2°
  • Петропавловск
    -3°
  • Тараз
    +4°
  • Туркестан
    +3°
  • Шымкент
    +7°
$
494.87
-0.33
520.65
-1.69
¥
68.34
4.91
-0.03
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемендегі 6 жасар қызды иесіз ит талап өлтірді ме?

17-ші желтоқсан күні Өскемен қаласында болған жағдай қалың елдің жүрегін зырқ еткізіп, төбе шашын тік тұрғызды. Жұрттың көбі пұшайман болып, мұңайып қалды. Әлеуметтік желілерде "6 жасар қызды "жабайы" иттер талап өлтірді" деген қайғылы хабар гулей есіп, тарап жатты

Усть-Каменогорск и ВКО / Өскемендегі 6 жасар қызды иесіз ит талап өлтірді ме?
Фото:
автор ұсынды

Оқиға орын алған күннің ертесінде түс ауа Өскемен қаласының күншығысындағы Лесхоз ауы-лына, Надежда, Эдельвейс саяжай серіктестіктеріне ат басын бұрдық. Тау айналып бір белден асып түсе сала алдымыздан төрт аяқты қаңғыбастар қаптап шықты. Анығында олар ешқандай "жабайы" емес, күтусіз, қараусыз қалған, қожайыны жоқ қаңғыбас иттер еді. Бірақ ашыққандығы сонша бала түгіл, еңгезердей ересек адамдардың өзін шошытып, үйірлі қасқырдай алды-артын орағытып, бас салуға дайын тұр.

Жолдағы дүкеннің бәріне бас сұғып, қаралы үйді іздеп келе жатырмыз. Межелі жерге таяғанда қасымыздан екі ақ көлік өтті. Қуып жетіп тоқтатып, жөн сұрадық. Джиптің тізгінінде ауыл әкімі секілді ер адам, оның жанында полиция киімін киген учаскелік инспектор және арт жақта тағы бір адам отырды. "Ит талап өлтірген бүлдіршін қыздың үйін іздеп жүрміз" деген сауалымызды естіп, бірдеңені бүлдіріп, бірдеңені жасырған адамдар құсап кетуге асықты. Пикап көліктің артында, ашық жүксалғышта не дәрі егіліп ұйықтап, не өліп жатқан 4-5 итті көріп үлгердік. 

Артынан келе жатқан Нива көлігінің ішінде де төрт адам отыр екен. "Анау жатқан қандай иттер болды екен, бұлар өзі қайдан келеді, қайда барады" деп ойланғанымызша болған жоқ, қарсы беттен бір автокөлік шыға келді. Оны да тоқтатып жол сұрап едік, қайтыс болған қыздың әкесі екен, "соңымнан еріп отырыңдар" деді.

"Полицейлер мен ит атушылар өздерінің артын тазалап жүр"

Біз былтыр әкімдікке де, тиісті жауапты орындарға да қаңғыбас иттердің шектен тыс көбейіп кеткенін, бұның түбі жақсылыққа апармайтынын айтқанбыз, ескерткенбіз, - деді қайтыс болған бүлдіршіннің апасы Галина Ибрагимова. - Келетін. Күндізгі уақытта келіп, өздерінше аралап қарайтын да, көздеріне түспеген соң "ештеңені атпаймыз" деп кетіп қалатын. Ал иттер таңертең ел жұмысқа баратын және кешке қайтатын уақытта шыға бас-тайды. Егер былтыр қаңғыбас иттерді азайтуды қолға алса, мүмкін бұндай жағдай болмайтын еді.


Мәселе - фотоны автор ұсынды (1).jpg

Әкесі Евгений қызына иттер шабуылдаған уақытта үйде болмағандығын айтады.

Мен оқиға болған күні жұмыста едім. Әдетте үйде балалармен бірге тек әйелім қалатын. ... Менің екі итімді суретке түсірмей-ақ қойыңыздаршы. Онсыз да полицейлер әбден ығырымды шығарды. Өзіміздің үйдегі иттен көреді бәрін. Ол есік алдында байлаусыз бос жүре беретін, өзінің көлеңкесінен қорқатын ит. Қызыма бас салуы мүмкін емес. Бүгін таңертеңнен бері ветеринария бөлімінен бе, полициядан ба, әйтеуір тағы да келіп, көшеде кездескен иттерді атып, жинап әлек. Өздерінің артын тазалап, іздерін жасырып жүр ғой баяғы, - дейді Евгений Орлов.

"Аяғы жұлынған, киімдері жыртылған, жердің бәрі қан..."

Марияның анасы бұл оқиғаның айналдырған жарты сағаттың ішінде болғанын айтады.

Қызым далаға шығып ойнағысы келді. Далада жел соғып тұрғанына қарамастан, болмай сұранып шығып кетті. 15 минуттан кейін үйге келіп қолғабын ауыстырып алды. Есік алдында сырғанақ теуіп, итпен ойнап жүрген. Мен емшектегі баламды емізіп болып, ұйықтатып тастап терезеге қарасам, қызым жерде жатыр. Қозғалмайды. Үстімдегі киіміммен далаға атып шығып, жүгіріп қасына бардым. Сол кезде көргенімнен есім шығып кетті: тізеден төмен аяғы жоқ, жұлып алған. Жыртылған киімдері әр жерде шашылып жатыр. Жердің бәрі қан-жоса. Қолыма алып "Маша" деп жылай бердім. Денесі әлі жұп-жұмсақ, жып-жылы екен. Қалың қарға етпетінен жатып қалған соң беті бүлінбепті, - дейді анасы.

Үй иелерінің айтуынша, полиция қайғылы оқиға орнына келген соң ешқандай тексеріс жүргізбеген көрінеді.

Қаншама еркек келіп, ары-бері бос жүріп, есік алдындағы іздердің бәрін таптап, жоқ қылып жіберді. Ештеңе таппады. Онымен қоймай, өзіміздің иттен күдіктенді. Егер қызымды қауып талап тастаған болса, тістерінің ортасында ет, жүнінде қан ізі болушы еді. Соны неге кеше тексермеді? Енді арада бір күн өткен соң бүгін келіп, иттерді ұйықтатып тастап, тістерін өлшеп, денеге кірген азу тістерді анықтамақшы, - деп тексеріс жұмыстарына реніші мен ашуын білдірді Дарья Орлова.

Евгений мен Дарьяның үйі ауылдың шетінде, биік төбеде орналасқан. Мария оқитын мектептің төбесі көрініп тұр. Десе де Степновский мектебіне төте бару үшін барлық балалар екі ортадағы даланы кесіп өтеді. Тротуар мен жарық тұрмақ, жалғыз аяқ соқпақ жолды балалардың өзі салып алған. Айналма жол ұзақ. Көлік жүреді деген аты болмаса, ол жол да қалың қарағайдың ішімен өтеді. Ал қаңғыған иттер орман мен даланы кезу былай тұрсын, кейбір үйлердің ауласына да кіріп алатын көрінеді. Алда-жалда сондай ашыққан, ызақор иттердің бірі аулаңызда адасып жүрген кезде далаға бейқам шығып қалсаңыз, оқыста жазатайым болуыңыз да мүмкін.

Бір құдірет белгі беріп, өзінің өлетінін сезген сияқты

Қазір кішкентай Марияның өліміне қатысты сан түрлі сауалдар көбейіп кетті. Өйткені Орловтар отбасының үйінде екі бірдей неміс овчаркасы бар екені көпшілікке күдік ұялатып та жатыр. "Егер Машаға аулаға байқамай кіріп кеткен иесіз ит тап берген болса, есік алдындағы екі ит неге дауыс шығарып үрмеген, қыздың өзі неге айқайламаған, шыңғырмаған" деген сынды пікірлер де жазылды әлеуметтік желіде. Анасы да ешқандай айғай-шуды естімегенін айтады.

Маша алған бетінен қайтпайтын мықты қыз еді. Сабақтағы үлгерімі де жақсы, үздік оқушылардың бірі болды. Үйге жаттауға берген тақпақты бір оқығаннан қағып алып, қайта өзіме айтып беретін. Міне, бүгін, 18 желтоқсанда жеті жасқа толушы еді, - деп қызын мұңайып еске алды анасы.

Мария бір жамандықты күні бұрын сезген де сияқты. Алты жастағы бала өзінің ажалы көп күттірмей келетінін қайдан білсін, бір құдірет белгі берген ғой. Ол осыдан біраз күн бұрын ермексаздан қасқырдың немесе қолтырауынның азуы мен жақ сүйегін жасап, анасына сыйлапты. Хайуанның табан ізіне ұксас сурет те салыпты.Дарья Орлова үйіне келген журналистерге ермексаздан жасаған азу тістері ақсиған жақ сүйекті көрсетті.

Тиісті органдар Лесхоз тұрғындарының жанайқайына құлақ аспай, қаңғыбас иттердің көзін дер кезінде жоймағандықтан, соңғы екі жылда өткен-кеткен кісіге шабуылдайтын иесіз иттер көбейіп кеткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, иттерден қорыққанынан үлкендердің өзі жаяу жүруді қойған. Әбден жабайы болып кеткен алабайлар мен овчаркалар қай қуыстан шыға келіп, тап беретінін ешкім білмейді. Өйткені айнала орман, сай, дала. Тротуар да, жарық та жоқ.

ШҚО Полиция департаментінің Ертіс полиция бөлімі бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады. Қазір тиісті сот сараптамасы тағайындалып, мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, департамент өзге ресми ақпараттың әзірше таратылмайтынын айтты.

"Дворянин" ҚҚ-ның мәліметінше, қазіргі таңда Евгенийдің үйіңдегі Шерхан мен Семанта есімді неміс овчаркалары ветеринарлық клиникаға жеткізілген.

Тергеу бөлімінің бастығына рахмет. Иттерді дәрі салып ұйықтатқан жоқ. Бірақ олардың тістерінен сынама алынатын болады, - деді жануарлар құқығын қорғау ҚҚ төрайымы Лариса Прокопьева.

Ауылдың біз барған шығыс бөлігінде 50-ден астам үй тұр және барлығының мектепке баратын оқушылары бар. Күні кеше орын алған қанды оқиғадан кейін ауыл тұрғындары балаларын мектепке жіберуге, ал өздері қараңғы түскен соң дүкенге жаяу баруға қорқып қалды. Аталмыш мәселе бойын-
ша құқық қорғау органдары мен ауыл әкімдігінің ресми, арнайы жауабын күтіп, жағдайды назарда ұстайтын боламыз.
Следующая →
Тақырыптар: ШҚО Өскемен Ит талады