Өскемен
ясно
-11°
  • Өскемен
    -11°
  • Алматы
    +5°
  • Астана
    -10°
  • Ақтөбе
    -5°
  • Актау
    +9°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -13°
  • Қостанай
    -12°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -13°
  • Тараз
    +7°
  • Туркестан
    -6°
  • Шымкент
    +8°
$
499.51
+0.96
525.83
+1.55
¥
68.9
+0.14
4.62
-0.13
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

ШҚО драма театрында тарихи қойылымның премьерасы өтті

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының қазақ труппасы ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында театр және кино актері, режиссер Тұңғышбай Жаманқұловтың жетекшілігімен "Қазақтар" тарихи драмалық қойылымын сахналады

Усть-Каменогорск и ВКО / ШҚО драма театрында тарихи қойылымның премьерасы өтті
Фото:
ШҚО драма театрының баспасөз қызметінен

лого_каз_рус_англ_30_лет_РК_rgb-pdf.jpg

Хандар мен патшалардың рөлін сомдап, тарихи тақырыптардағы қойылымдарға режиссерлік етіп жүрген халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың өзімен тілдесудің сәті түскен еді...

Обязательно - Тұңғышбай Жаманқұлов.jpg

                                                                                                           

"Қазақтар" қойлымы туралы толығырақ айта кетсеңіз...

Жергілікті басшылардың, зиялы қауымның шақыруымен Шығыс Қазақстан облыстық драма театр сахнасында Қалихан Ысқақ пен Шахимардан Құсайынов жазған "Қазақтар" деген тарихи драмасын сахналадық. Осы театрда да бұл тақырыпқа бір-екі спектакль қойылған екен. Бірақ бұл драмалық шығарманың тіні бөлектеу. Тектің тартылыс күші қиялмен, санамен өткен ғасырға ауып, сол кездегі адамдардың арман-мүддесін, мақсатын тек айқай-шу, жалаулатумен емес, жүрекпен, қанмен, намыспен, болашаққа деген үлкен махаббатпен күрескендігін көрсету. Мен бұл пьесаны өзім Қалихан ағаға айтып, жаздырдым. Қазақтың аузында "Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның жеті жарғысы" деген тіркестер бар… Осы Қасым ханның қасқа жолын бұл драматургтер осылай үлкен ізденіспен шығарып берді. Бірінші актісі бірден дайын болды да, екінші актісіне келгенде қиналды. Өйткені тарихи құжаттарды табу қиынға соқты. Қасым хан мемлекет болудың, қағанат болудың жарлығын шығарған, сол құжаттарды тауып, шығармаға арқау етті. Заң шығарған екен деп мазмұндай салуға да болмайды, бұл жерде тарихи конфликт, адамдардың өмірі, қарым-қатынасы, драматургиялық байланыстар, шиеленістер болуы керек. Соның барлығын кәсіби түрде суреткер ретінде Қалихан өте әдемі алып шықты. Бұл қойылымды мен Қазақ хандығының 550 жылдығында, осыдан 10 жыл бұрын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналадым. Өзім де ойнадым. 20 жылдай репертуарда болды. Әуезов театрынан өзге, биыл көктемде Қостанай театрында қойдым. Биыл, міне, шығыстағы драма театр басшылығы да дәл осы қойылымды қоюды қалап, сұрады. Тәуелсіздік қарсаңында театр репертуарына осындай тарихи тақырыпты қосу орынды деп ойлаймын.

ШҚО драма театры әртістерінің қабілетін қалай бағалайсыз?

Қазақстан театр-лар одағының төрағасы болғандықтан еліміздегі 60-қа тарта театрдың барлығымен жақсы байланыстамын. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрымен де бұрыннан байланысым бар. Кейбір спектакльдерін келіп көргенмін. Сақан марқұм осында басшы болып тұрғанда оның 60 жылдық мерейтойына келіп, театр ұжымымен кездесіп, жүздескен едік. Ал шығармашылық тікелей байланыс осы жолы бірінші рет орнады. Басында келгенде жүрексінгенім рас. Өйткені театрда көбі жаңадан келіп жатқан жастар. Мұндай тақырыпқа бұрын барды ма/бармады ма, хабарым аздау еді. Оның үстіне үш театр бір сахнада екен. Дайындыққа уақыт тапшылығы да қиындық тудырды. Бірақ актерлердің жұмысқа деген жігері, жауапкершілігі, қойылым тақырыбын қабылдауы маған ұнады. Барлығы менің көңілімнен шықты. Кейбір актерлер алғаш рет үлкен рөлдер ойнап жатыр. Олар да актер ретінде ашыла түсті деп ойлаймын. Мәселен, Еркебұлан деген жігіт Қасым ханды ойнады. Бұрын мұндай үлкен рөлдер берілмепті. Ашылып, ерекше, актерлік шеберлікке қайтадан мінгендей. Едіге деген актер жас болса да басты рөлдердің бірін сомдады. Үлкен рөлді көтере алатын мүмкіндігі бар, сахналық тұлғасы да ерекше жігіт екен. Сырым Жәнібекті ойнады. Тәжірибесі мол, жақсы алып шықты. Содан соң ананың рөлін ойнаған Сайраш, басты рөлдердің бірі Нигар ханымды ойнаған Алмажай... міне бұлар өте жақсы көрінді. Менің көңілімнен шықты. Көпшілік сахнасында жүрген балалар да көп көмек етті, ырза қылды мені. Тойгелді мен Қойгелдіні ойнаған екі жігіт Жантай мен Елдосты ерекше атауға болады. Жалпы актерлік құрам мықты. Ауыр, терең, қиын жауапкершілікті артуға әбден болады. Қазірі заманда театрлардың техникалық мүмкіндіктері күннен-күнге дамып келеді. Бұл театр жаңа болғанымен, техникалық мүмкіндіктері әлсіздеу. Бірақ соған қарамастан, жақсы қойылымдар қойылып жатыр. Сахнаның механикалық құрылымдарын жаңарту керек, артына лед-экрандар орнатылса, бұл театрда үлкен дүниелер жасауға болады.

"Елу жылда ел жаңа" дейді, Сіз елу жыл бұрын сахнаға шыққандағы көрермен қандай еді, бүгін қандай?

Заман өзгерген сайын, көрермен де, талғамы, өнер тақырыбы да жаңара береді. Өнерді көрсетудегі әдістер де өзгереді. Бірақ соның барлығы ұлттық реңктен алыстамауы керек. Оның үстіне уақыт тығыз, таң атса, күн батады. Осы қарбалас жылдамдық біздің жайбасар қазақты кейбір дүниені байқамай аттап кетуге де үйреткен сыңайлы. Мен мына спектакльді екі актілі етіп қойып жатсам, басшылық тым ұзақ деді. "Халық бірінші актіден кейін кетіп қалады" дейді. Оқиға аяқталды ма аяқталмады ма шымылдық жабылса немесе қойылым ортасында жұмысы шығып қалса, халық тұрып жүре береді екен. Бұл жақсы емес. Ауыр сөзбен айтсақ, бұл мәдениетсіздік. Қазір көрермен осындай болып барады. Екі сағат отыруға шыдамайды. Сахнадан құпия, көркем дүние көріп отырсыз... Театр көрерменді тәрбиелейтін орын емес, демалатын да орын емес. Театр адамның эстетикалық талғамын қалыптастырып, ойға-философияға жетелейтін орын. Жақында Мәскеуде Вахтангов атындағы театрда Толстойдың "Соғыс және бейбітшілік" романы қойылыпты. Спектакль бес сағат жүреді екен. Көрермен тырп етпей, кешке басталған қойылымнан түнде шығады. Ол - ұлттың мәдениеті. Бізге де осындай мәдениет керек.

Көрерменнің шыдамсыздығына бәлкім сапасыз қойылым себеп шығар?

Ол да мүмкін. Сын көтермейтін нашар спектакль себеп болуы да мүмкін. Бірақ ұлттық намыс деген бар. Біздің мәдениет өскен сайын, сахнадағы арзан дүние қымбаттай түседі. Көрермен қымбат болған сайын сахнадағы қойылым сапасын да қымбаттата түсуіміз керек. Көрерменнің талабы биік болса, театр да соған сай болуы керек, әрине. ?Жарты ғасыр кері шегінсек... алғашқы рөлдеріңіз есіңізде ме? - Негізі патшалар мен хандарды сомдаған ең бақытты актермін. Ең алғашқы рөлім - Қалтай Мұхамеджановтың "Бөлтірік бөрік астында" деген спектакліндегі Қалтай деген шала қазақты ойнағанмын, кейін "Қан мен тер" фильміне түскеннен кейін мені театрдағы режиссерлер бағалай бастады да маған Бақтығұл, Сырым, Абылай хан, Қайыр хан сияқты үлкен рөлдер ұсына бастады. Тұлғалық деген шеберлік бірден келе салмайды, жаймен қалыптасады. Мен де әп дегенде массовкаларда ойнап жүрген едім. Ал киноиндустрияға келер болсақ, ең алғаш "Орал от құшағында" деген фильмде кішігірім эпизод ойнадым. Кейін "Қан мен тердегі" Тәңірбергенді сомдадым. Осы рөлге 7-8 актер талаптандық, Мәскеуден келген режиссер солардың ішінен мені таңдап алды да менің басыма осындай бақ қонды. Жасым ұлғайған сайын үлкен рөлдерді ала бастадым.

Жаныңызға жақыны қайсы: театр, әлде кино?

Театр мен киноға телқоңырмын. Ал жалпы жауапкершілігі мол, көбірек мән беретінім - театр. Өйткені театр - тірі өнер, ал кино - қимылдайтын сурет. Экранда сенің жалт еткен сәтің ғана қалады. Ал театрда күнделікті жаныңды жалаңаштайсың, сол рөлде өмір сүресің. Қиындығы, жұмыс істеу тәртібі, ізденісі барлығы бірдей де, ал жауапкершілігі екі бөлек.

Ал алғашқы режиссерлік жұмысыңыз қандай?

Балаларға жоғары оқу орындарының бірінде актерлік шеберлік пәнінен сабақ бере бастадым. Ол кезде көптеген қойылымдарға режиссерлік етіп жүрдім. Ал театрдағы режиссерлік жұмысым - "Турандот ханшайым". Әуезов театрында 5-6, облыстық театрларда он шақты қойылым қойдым. Көбінесе мен өзімнің жанымды ауыртқан, жүрегіме батқан, өзіме жақын тарихи тақырыптарға көбірек барамын. Қазақтың есесі тарихтың қатпарында қалып қойған деп есептейтін ағаларыңның бірімін. Сол есемізді қайтару үшін өнер жолымен айқай салғым келеді сахнада.

Бала кезіңізде негізі актер болуды армандамадым деп едіңіз?

Іштей арман болды. Өнерге келу үлкен ерлік деп есептейтінмін. Өнердегі адамдарды Алла бөлек жарататын шығар деп ойлайтынмын. Сондықтан мен өзіме-өзім "айдаладағы теміржолшының баласы, атасы қойшы болған, саған өнер қайда? Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл" деп жүретінмін. Сондай бір қазақы ұяңдықпен жүргенде Асқар Тоқпанов деген атамыз кездесіп қалып, менің жүрегімді теуіп оятып, сенім ұялатып, өнерге бет бұруыма себеп болды. Өнер жолына солай келдім... кейде өнер жолында көп әділетсіздік көргенде өкініп қаламын. Ал ду қол шапалақ көргенде, бәріне "шүкір" деймін.

Следующая →