Әскерилер арасындағы "Үлгілі отбасы – 2021" байқауы өтті
Аягөз гарнизоны танк әскери бөлімінің мәдени демалу орталығында әскери қызметшілердің отбасылары арасында "Үлгілі отбасы – 2021" байқауы өтті
Іс-шара танк бригадасының отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Гүлмира Өтешеваның бастамасымен отбасы мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Аталмыш отбасылық байқауда шаңырағын шаттыққа толтырып, керегесін кеңейте білген «Шағын мемлекет» мүшелері өз өнерлерін ортаға салып, бақтарын сынады. Жалпы, сайыста 8 отбасы 5 кезең бойынша өнер көрсетті.
"Үлгілі отбасы" байқауын ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – отбасындағы ынтымақ, бірлік, татулық пен сыйластықты арттыру болып табылады. Бүгінгі байқауда әр жанұя өз өнерлерін ортаға салып, келген қонақтарды таңғалдырды. Барлық қатысушыларды жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймын, - деді Гүлмира Өтешева.
Нақтырақ айтсақ, алдымен отбасылар сахнада өздерін таныстырып, "Білгенге маржан" кезеңінде қазақтың салт-дәстүрлері бойынша қойылған сауалдарға жауап берді. "Өнерлі өрге жүзер" кезеңінде өнерлерін ортаға салып, өздері дайындаған қолөнер бұйымдарын қазылар алқасына ұсынды. Байқау барысында сән үлгісін көрсету кезінде ерекше киім үлгілерін көрсетті.
Өзара тартысты өткен сайыста әрбір қатысушы команда барын салды. Қай отбасының бірлігі бекем, ырысы тасыған, мерейі асқаны да жарыс барысында белгілі болды.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдеге танк бригадасы артиллериялық дивизион командасының отбасы мүшелері ие болды. Бірінші орынды әскери оркестр командасы жеңіп алса, екінші орынды зенитті дивизион командасы иеленді. Ал, жүлделі үшінші орынға 2-ші танк батальоны командасының отбасы мүшелері қол жеткізді. Шара соңында қатысушылар бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталып, естелік суретке түсті.