Антқа адал, сертіне берік бол – жас сарбаз
Аягөз гарнизонына қарасты әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөліміне Ақтөбе, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген 70-тен астам жас сарбаз арнайы дайындық курсынан өтіп, салтанатты түрде әскери ант қабылдады
Ант қабылдау – әрбір сарбаз үшін қасиетті рәсім. Осындай мерекелік шараға қатысқан әскери бөлім басшылығы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері жас жауынгерлерді айтулы күнімен құттықтап, жалынды сөздерін жолдады.
Құрметті сарбаздар, сіздер бүгін Әскери ант қабылдап, Отан қорғаушылардың қатарына қосылғалы тұрсыздар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Өйткені, Әскери ант – әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Сіздердің міндеттеріңіз - жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау. Туған жерімізге тер төгіп, антқа адал болу, - деді әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінің командирі полковник Таир Жұматаев.
Әскери өмірге енді ғана қадам басқан оғландар Отан алдындағы міндетін абыроймен атқаруға ант беріп, нағыз ел қорғаушылары қатарына енді. Салтанатты сапта тұрған жас сарбаздардың бір ай ішінде әскери сәлемдесу мен сап түзеуге толықтай машықтанғанын аңғардық.
Бүгін мен үшін өмірімдегі ерекше күндердің бірі. Себебі, әрбір ер азаматтың парызы саналатын әскери ант қабылдадық. Сол антымызға адал, сертімізге берік боламыз деп нық сеніммен айта аламын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бар күш-жігерімізді салып, командирлер қойған талаптарды бұлжытпай орындап, ата-аналарымыздың артқан үміттерін ақтаймыз, - дейді Ақтөбе облысынан келген жас өрен Бердах Аяпов.
Айта кетсек, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты салтанатты рәсім сарбаздардың ата-ана, туған-туыстарының қатысуынсыз өткізілді. Аталмыш шараны жауынгерлердің жақындары тек онлайн форматта тамашалайтын болады.