Шығыс Қазақстанның рухы дүр сілкінді: Тәуелсіздік монументі бой көтерді
2021 жылдың желтоқсаны Өскемендегі қазақ руханияты үшін орасан зор жаңалықпен, елеулі оқиғамен аяқталды. Өскеменнің өрінде, Кішітаудың төрінде ұлттың еңсесін көтеріп, рухын асқақтатып, айбынын асыратын Тәуелсіздік монументі орнатылды
Композициялық ескерткіштің биіктігі - 16 метр, диаметрі – 11 метр. Салмағы 26 тонна болатын монументтің мүсіндері түгелдей қоладан құйылып, тұғыры ақ мәрмәр тастан жасалған. Бұл жобаға 1 миллиард теңгеге жуық қаражат кеткен. Arnapress сайтының мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік тапсырыстар порталында 929 091 128 теңге деп нақты жазылған.
Композициялық еңселі ескерткіш Кішітаудағы Қазыбек би мен Ілияс Есенберлин даңғылдарының қиылысына орнатылды. Монументтің ең басында қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандар қасқайып тұр. Одан төмен қазақтың қабырғалы үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтекенің мүсіндері үш жаққа қарап орнатылған. Ескерткіштің етегінде қазақ халқының сан ғасырдан бері келе жатқан тарихын, мемлекеттің қалыптасу кезеңін бейнелейтін барельеф бар. Тура алдында Елбасы, қазақтың тұңғыш ғарышкерлері суреттелсе, сол жағында Алаш арыстарының, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтың Бауыржан, Рақымжан, Төлеген, Әлия сынды қаһармандарының, ХХ ғасырдың ғұламалары Абай мен Шоқанның мүсіндері бейнеленген. Монументтің оң жақ қабырғасынан Ұлы жібек жолы, Түркістандағы қасиетті тайқазан, батырлардың жекпе-жегі секілді тарихи көріністер мен сақ патшайымы Тұмар, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби, үш жүздің басын қосқан Абылай хан сияқты тұлғалардың бейнелі мүсіндерін тамашалай аласыз.
Айтулы шараға қатысқан қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Ең алғашқы сөз кезегі аймақ басшысына берілді.
Біздің басты байлығымыз – баға жетпес тәуелсіздігіміз. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі құтты болсын. Баршамызға денсаулық, бейбіт өмір, баянды бақыт тілеймін. Ұлық мереке әрбір шаңыраққа қуаныш пен шаттық, береке-бірлік сыйласын, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин, аймақ басшысы Даниал Ахметов, филология ғылымдарының докторы, Шәкәрім атындағы университеттің профессоры Арап Еспенбетов, жазушы, ҚР Жазушылар одағының ШҚО филиалының төрағасы, облыстың құрметті азаматы Әлібек Қаңтарбаев, олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қатысты.
Осы орайда премьер-министрдің шығыс өңіріне арнайы ісспармен келгенін айта кету керек. Ескерткіштің таспасы салтанатты түрде қиылған соң сөз сөйледі.
Бүгін Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін аса маңызды әрі қуынышты оқиға. Ұлы мерекенің қарсаңында облыс орталығында саяси мағынасы зор монумент ашылып отыр. Баршаңызды Тәуелсіздік монументінің ашылуымен құттықтаймын. Бұл халқымыздың тарихын мәңгі сақтаудың айқын айғағы, - деді Асқар Мамин.