ШҚО-да Тәуелсіздік мерекесіне орай бүркітшілер сайысы өтеді
Кейінгі жылдары шығыс өңірінде саятшылардың сайысы жыл құрғамай өтіп келеді. Бұл да рухани жаңғыруымыздың, ата-баба салтын жалғауымыздың бір көрінісі шығар бәлкім
Былтыр Өскемен қаласында қарлы бұрқасын боранға қарамай республиканың түкпір-түкпірінен келген саятшылардың байқауында қай аймақтың бүркіт, қаршыға, ителгілері ұшқыр екенін анықтаған.
Алдымыздағы 12-ші желтоқсан күні Ұлан ауданының Бозанбай ауылында "Қансонар-2021" облыстық бүркітшілер сайысы өтпек. Ұлан ауданының спорт бөлімі ұйымдастыратын бүркітшілердің жарысына шығыс аймағы бойынша 15 саятшы қатысады. Жексенбі күні сағат таңғы 8.00-де Бозанбай ауылына келсеңіз, шығыстағы ақиық қыран құстардың түлкі мен қоянды қалай алғанын тамашалай аласыздар.
Сайысқа тіркелу желтоқсанның 10-ына дейін жалғасады. Баршаңызды ұлттық спорт түрінің жанкүйері болуға шақырамыз.