Өскемен
ясно
+4°
  • Өскемен
    +4°
  • Алматы
    +18°
  • Астана
    +8°
  • Ақтөбе
    +17°
  • Актау
    +17°
  • Орал
    +20°
  • Қарағанды
    +8°
  • Көкшетау
    +5°
  • Қостанай
    +10°
  • Қызылорда
    +28°
  • Павлодар
    +3°
  • Петропавловск
    +3°
  • Тараз
    +19°
  • Туркестан
    +15°
  • Шымкент
    +23°
$
443.85
-0.47
474.3
+0.97
¥
61.25
-0.06
4.8
+0.04
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Рүстем жайында бір үзік сыр

Сондай өзінің гуманистік және патриоттық ұстанымдарымен халқының ерекше ыстық ықыласына бөленген перзент, талантты өнерпаздың бірі - Рүстем Есдәулет

Усть-Каменогорск и ВКО / Рүстем жайында бір үзік сыр

"Театр өнерінің тамыры бұқараның ең қайнаған ортасынан нәр алады, ал ол ортада сол халықтың өмірлік мақсат-мұраттары, әдет-ғұрпы, салт-санасы бүге-шүгесіне дейін айқын көрініп қайнап жатады" деген сөз бар. Демек өз ұлтының саяси-экономикалық, рухани-мәдени дамуына салмақты үлес қосқан әрбір тұлға ел ішінен шығатыны рас. Сондай өзінің гуманистік және патриоттық ұстанымдарымен халқының ерекше ыстық ықыласына бөленген перзент, талантты өнерпаздың бірі - Рүстем Есдәулет.

Арманы асқақ, жаңашыл, қазақ театрын қайтсем биік деңгейге көтеремін деп жүріп, тіпті, өзін ұмытып еңбек еткен "өнердің фанаты" өмірден озғанына биыл 12 жыл өтіпті.

30-ға дейін орда бұзған ер еді

Рүстем Оразбайұлы Есдәулет 1978 жылы 15 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында өтті, Қаратал ауылының Киров атындағы №13 орта мектепте он бір жылдық білім алды. Сол мектептің қабырғасында оқып жүргенде мерекелер мен кештерде, сыныпаралық жарыстарда іс-шараларды өткізудің, оны ұйымдастырудың басы-қасында жүреді екен. Рүстемнің бойындағы ерекше алғырлығымен, зеректігімен, әр нәрсеге зейін қоя сөйлейтін салмақтылығымен көпті баурап алатын қасиеті сол бала кезден байқалған.

Рүстемнің өнер атаулыға өте жақын болуына ықпал еткен тағы бір адам ол - анасы Роза Сейітжанқызы екен. Көптеген сценарийлердің авторы болған ол кісі де өнерден қара жаяу емес. Өзінің бойындағы шығармашылық қасиетін ұрпағына дарыта білген ана баласын үлкен шығармашылық даңғыл жолға бастаған. Кішкентай кезінде Рүстемге Абайдан бастап айтулы ақындардың өлеңдерін, эпостық, батырлық жырларды үйретіп, жаттатқызады екен. Мұның барлығы болашақ режиссердің табиғаттан берілген талантына қосылып, өнерге қанат қағуына алып келді. Оның сөз тапқыштығын, алғырлығы мен зеректігін ата-анасы, мектептегі ұстаздары сол кезден байқаған. Өлең оқып тұрған сәттерде сөзін ұмытып қалған Рүстемнің аяқ астынан суырып салып, өз ойынан ұйқастырып, құрастырып айтып, білдірмей жіберетін кездері де болған. Бұдан елгезек, ақылды, дарынды, алғыр баланың бойын- да нәзік өнердің алғашқы баспалдақтары байқалғандай. Ал жоғары сыныптарда аудандық, облыстық оқушылардың айтыстарына қатысып, көптеген жүлделер мен сыйлықтардың иегері атанған. Сол кездерден бас-тап өлең жаза бастаған Рүстемнің негізгі арманы актер болу екен. Сөйтіп, он жылдық мектепті бітірген соң ол сол арманын арқалап, мәдени астана - Алматы қаласына келген. Сонда жүріп үйленіп, бір басы екеу болған. Қырық қыздың ішінен таңдап алған жары Маржан екеуінің 4 баласы бар. Рүстемнің жары мен балалары бүгінде Алматы қаласында тұрады.

Өскеменде тұрғанда қызметтік пәтерде тұрдық. Рүстем қайтыс болғаннан кейін үйді мемлекетке өткіздік. Бір жылға жуық туыстарымызбен тұрдық. Кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен бізге 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Кейін ол үйді сатып, Алматыға қоныс аудардық. Өзім 2012 жылдан бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында "актер шеберлігі" кафедрасында оқытушы болып жұмыс жасаймын. Үлкен ұлым Олжас үйленіп, немерелі болдым. Олжас биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмәмдайды. Үлкен қызым Ботагөз Алматы менеджмент университетінде 2-курста оқып жатыр. Екінші қызым Ханзада 8-сыныпта, кенже қызым Нұрзада 6-сыныпта оқып жатыр. Екі қызым да өнерге жақын. Балаларының өз қолдары өз ауыздарына жеткен шақта Рүстемнің қасымда болмағаны өкінішті.., - дейді күрсіне ақынның жары Маржан Есдәулетова.

Облыстық театрға есіл ердің есімі неге берілмейді?

Рүстем Есдәулет 1995 жылы еліміздегі ірі оқу орындарының бірі Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының режиссура бөліміне қабылданады. Актер бұл оқу орнын 2002 жылы белгілі режиссер-драматург Маман Байсеркеұлының шеберханасынан бітіріп, кейін шығармашылық тәжірибе алмасу мақсатында Ресейдің белгілі режиссері Лев Додиннің шеберханасында оқып келген екен. Осындай Қазақстан мен Ресейдің білікті мамандарының дәрісін тыңдап, олар өткен мектептің қыры мен сырын Рүстем де меңгерген. Ол өнер академиясында оқып жүргенде Алматы қаласындағы "Қазақстан-1" телеарнасындағы "Жаңа күн", таңертеңгілік "Таңшолпан" бағдарламасының редакторы әрі жүргізушісі болды. Республикалық "Хабар" телеарарнасының "Тілашар" бағдарламасында көптеген рөлдерді ойнаған. Бұл жерде де Рүстем тыңғылықты ісімен, сөз тапқырлығымен, телеарнаның өзіндік специ-фикасын тез меңгеруімен көзге түсті. Кейінгі жылдары Өскемен қаласындағы облыстық телеарнада да өзінің қолтаңбасын қалдырды. "Қазақстан-Өскемен" телеарнасының бағдарламаларын жүргізді. Өнер академиясының бес жылдық толық курсын бітіргеннен кейін 2000 жылы ашылған, Өскемен қаласының төрінде орналасқан Жамбыл атындағы облыстық қазақ драма театрында басшылық қызметті қолға алады. Өскемен қазақ театрының даму жолы он жылға жуық уақыт бойы Рүстемнің жауапкершілігін, ізденісін арттырды. Демек, режиссурадағы алғашқы қадамы осы Өскемен театрынан басталған Рүстемнің директор әрі режиссер болған жылдары жас театрда шығармашылық ізденістің артқаны рас. Жас болса да бас бола білген ол Өскемен қаласындағы қазақ драма театрының сахнасында көптеген спектакльдер қойды. Бір шаңырақ астындағы қазақ және орыс труппаларын басқара отырып, олардың бірігіп жұмыс жасауына, бір-бірінен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасады. Мықты құраммен бірге кездес-кен қиындықтарға мойымаған Рүстем театрдың ауыр жүгін абыроймен арқалады. Бүгінде бұл еңбегі нәтижесіз емес. Облыстық театрға қысқа ғұмырында қаншама еңбегі сіңген Рүстем Есдәулеттің есімін беруге не кедергі? Тіпті театрдың орыс-қазақ труппасы да осы мәселені талай көтерді, қазақ зиялылары облыс басшылығына хат та жазды. Бірақ осы мәселені құнттап қолға алған бір жан жоқ.

"Өскеменнің театрын өзгелерге мойындатып алайын, арғы жағын көреміз ғой" депті бірде Рүстем Есдәулетов көзі тірісінде. Біз де облыстық драма театрды "Есдәулетовтің театры" дей берсек, қалай? Арғы жағын көрерміз…

Спектакль көретіндей тұр қарап…

Рүстемнің көзі тірісіндегі армандарының бірі - Өскеменде театр ашу. Бағындырар шыңы көп асыл азамат арманына көзі тірісінде жете алмады. Осы арманын өзінің "Аға" деп аталатын өлеңінде жазған екен:

...Бар жүрекке жылу шашып өлеңім, 

Өскеменнен театр ашсам деп едім. 

Қаламыздың қақ төрінен қазақтың 

Сахнасын түсімде де көремін.

Иә, түсімде сұлу, әсем ғимарат, 

Сарайында қаракөздер жиналат(-ды). 

 Фойесінде Оралханның мүсіні 

 Спектакль көретіндей тұр қарап. 

Ең алдымен жүрегі өнер деп соққан жас таланттың әлі де болса айтары, ұлттық поэзия өнеріне беретіні көп еді. Режиссерлік өнердің бойына енді ғана дендеген шағында ерте кеткенді өкінішті. Дегенмен өмірден жас кеткен ол көп жұмыс атқарып үлгерген болатын. Көзін көрген замандасы, театртанушы Меруерт Жақсылықова Рүстемнің шығармашылығының алғашқы жылдарының күәгері.

 Академияны аяқтап, Өскемен қаласындағы орыс театрына барып, онда қазақ труппасын ашқанда да қатты қуанып едім. Сол ұжымның шығармашылығының өркендеуіне мұрындық болған театр режиссері Рүстем Есдәулетовтің ерлігі - халық жүрегінде. Орыстанудың ар жақ-бер жағында тұрған Өскемен сияқты орталықтың қазақ мәдениетіне бет бұруына жанын аямай жүріп, өзі де кетіп қалды-ау... - деп еске алады Меруерт Жақсылықова. 

 Шынымен де, кей қазақтың өзі орысша ойлап, сөйлейтін аймақта қазақ театрын ашу - тақыр жерге тау тұрғызғандай болған Рүстемнің еңбегі орасан деп айта аламыз. Бірақ қайткенде де Рүстемнің осы мұрасын шаң бастырмай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу - біздің парызымыз. Қазақ труппасын басқарған жеті жыл ішінде қойған 25 қойылымының бүгінде екеуі сахналанып жүр ("Толғақ" пен "Атымды адам қойған соң"). 

 Жалпы адамның өмірге келуі, оның қоғамға кірпіш болып қалануы жолындағы түрлі баспалдақтар мен үрдістер Жаратушының қалауымен болатындығы - ақиқат. Демек өмірге келу бар да, кету бар. Бірақ ең бастысы, артына үлкен құнды мұра қалдырған тұлғалардың орны әрбір ұлттың тарихы үшін де, оның рухани өмірі мен мәдениеті үшін де маңызды.

Следующая →