Көкпектідегі кәсіпкер жерді сатып алған ба, тартып алған ба?
Өткен аптада Көкпекті ауданы Көкжайық ауылының тұрғындары "жерімізді заңсыз тартып алды, енді өзімізге 96 миллион теңгеге сатпақшы" деген шағыммен хабарласты
Олардың айтуынша, Көкпекті ауылының тұрғыны, кәсіпкер Харис Сейфиев ел-жұрттың шабындық жерін қоныштан басып иемденіп, жалған құжат жасаған. Ал халық жерден алып, жерге салып, күстаналап жатқан "айыпталушы" кәсіпкердің өзі бұған не дейді?
Жалған мөр басып, өтірік қол қойған
Көкпекті ауданы Көкжайық ауылының тұрғындары екі жылдан бері заңсыз сатылып кеткен жерлерін қайтарып ала алмай жүр. Олардың айтуынша, жерлерін басқа ауылдың кәсіпкері тартып алған. Көкжайық ауылының тұрғындары өзара бірлесіп ірі қара мал басын көбейту үшін ұжым құрған. Ол ұжым 2019 жылға дейін жұмыс істеп келген.
Ауыл тұрғындары бұрын бірігіп, өздеріне тиесілі жердің пайын "Диқаншы" ЖШС-ға берген. 2017 жылы сол Сәбира Валитова, Төлеуғазы Бейсенұлы және Харис Сейфиев деген үш кісі бірігіп, "Береке Шангунов" ӘКК өндірістік кооперативін құрады. Осы кооперативке "Диқаншы" ЖШС-ның жерлерін кіргізген. Ұжымды Сәбира Валитова басқарып, кейін қайтыс болып кеткен. 2019 жылы Харис Сейфиев қолдан жалған құжат әзірлеп, оны аудандық жер қатынастары бөліміне өткізіп, "Береке Шангунов" ӘКК-ден "Диқаншы" ЖШС-ны, сонымен бірге оған тиесілі жерді де шығарып алған, - дейді Едіге Батыров есімді Көкпекті ауылының тұрғыны.
Оның сөзінше, Харис Сейфиев ұжым басшысы Валитованың қолын қолдан жасаған. Мұны тіпті, жауапты органдар да растапты.
Біз бұл мәселені көтергеннен кейін сол жерде сараптама тағайындалды. Қол Сабира Валитованікі емес, басқа адамдікі болып шықты. Сараптама мөрдің де жалған екенін көрсетті. Енді біз сараптама жүргізгендерден "бұл қолды Харис Сейфиев жасады ма, жоқ басқа кісі ме?" деп сұрасақ, "оны анықтау мүмкін емес" деп отыр. Ана қолды Валитованың атынан басқа біреу қойған. Тұрғындар былтыр әкімдіктен де көмек сұрады. Әкімдік соттың көмегіне жүгінуге кеңес берді. Барлық құжаттарды көтердік. Сол кезде құжатқа қойылған қолдардың жалған екені белгілі болды. Кейін прокуратураға, аудандық полиция бөліміне бардық. 2020 жылы 4 тамыз күні полиция іс қозғады. Бірақ ешқандай шешім шыққан жоқ. Неге десеңіз, тергеуші жұмыс атқармаған. Біз берген құжаттарды іске тіркемей, тоқтатып тұр. Неге екенін сұрасақ, "олар сараптаманы бізге бермей отыр" дейді. Бірақ 1-ші тамыз күні "Береке Шангунов" ӘКК-ны қайта тіркеген. Біз Әділет департаментіне арыз бердік. Ондағылар "қайта тіркеу заңсыз жасалған" деген ұйғарым шығарды, - дейді Едіге Батыров.
Тұрғындар болса, аудандық прокуратураның мәселені неге шеше алмай отырғанына аң-таң. Мөр мен қолдың жалған екені белгілі болса да, жер әл күнге дейін иесіне қайтарылмай келеді.
Бір адамның емес, бес адамның емес, 83 кісінің жері осылай сатып алынған. Жердің құжаттарын рәсімдеп отырған аудандық жер кадастрлық бөлімінің басшысы Оралхан Сеңгербаев. Заң жүзінде оның жеке өзі жерді тіркеп, біреудің атына жазуға, сатуға немесе тағы басқа процестерді атқаруға құзіреті де, құқығы да жоқ. Тіпті осы даудың бел ортасында отырса да сүттен ақ, судан таза. Тергеу бөлімі Оралхан Сайлауұлын неге тексермейді, - дейді Едіге Мауытханұлы.
43 адам жерлерінен 1 күнде айырылған
"Диқаншы" ЖШС-да бұрын 83 адам болса, қазір 43 тұрғын ғана қалған. Барлығы да жерінен бір күнде айырылып отыр.
Олар құжаттарды алып, "Береке Шангунов" ӘКК-ге қағаз бетінде "Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі" деген бір сөзді қосып, мүшелер құрамын өзгертеді де, "Диқаншы" ЖШС-ны шығарып алған. Енді тіркеу бөлімі осы істі заңсыз істеп отыр ма, жоқ па, нақты жауабын бермей келеді. Қазір "Береке Шангунов" ӘКК бар, бірақ жер жоқ. "Диқаншы" ЖШС-да бүгінде 43 адам қалды. 2019 жылдан бастап бұл іс бойынша ешқандай тексеру жұмыстары жүргізілген жоқ. Бәрін жауып тастайды. Бізде протокол бар. Осы жер "Береке Шангунов" ӘКК-ге бөлінсін делінген Харис Сейфиевтің қолы бар. Біз білсек, бұның бәрін жауып отырған аудандық прокурор, - дейді жерін даулап отырған ауыл тұрғындары.
Ауданда үш әкім ауысса да, жер дауы әлі шешімін табар емес. Енді олар кімнен көмек сұрайтындарын білмейді.
1996 жылы кеңшар тарап, "Диқаншы" ұжымы ашылды. 2019 жылға дейін жұмыс істеп келдік. Аяқ астынан бір жігіт келіп, "мен мына жердің бәрін сатып алдым" дейді. Ол жерде аудандық прокуратура да болды. Қазір жерімізді алып алды. Тағы бір түсінбейтін жәйт, аудандық прокуратура бізге "ұжымдағы кейбір қайтыс болған адамдардың жері оның балаларына емес, үкіметке қайтарылады" дейді. Сонда артындағы балалары мен әйелі қаңғып далада қалуы керек пе? Қазір малымызды қыстан шығаратын шөп жоқ. Ауданда бір жылда үш әкім ауысты. Үшеуіне де мәселемізді айттық. "Қолымыздан келмейді" деп шығарып салды. Сонда кімнің қолынан келеді? - дейді ашынған ұжым басшысы Төлеуғазы Бейсенұлы.
Халықтың жерін 96 миллионға сатпақ
Ауыл ақсақалының айтуынша, жерді алып алған азамат қайтадан қайтарып беруі үшін 96 миллион теңге талап еткен.
Көкжайықтың тұрғынымын. 60 жыл жұмыс істеп еңбегімді сіңірдім. Бірақ сол маңдайымның тері тамған 6 гектар жерім қазір жоқ. 3 жыл болды жанымызды шүберекке түйіп, жүгіріп жүрміз. Әкімнің алдынан өттік, прокуратураның алдынан өттік. Енді олардың бізге өкпесі жоқ, ренжімесін. Халықтың жері халыққа қайтарылсын. Жерімізді алған азамат бізден 96 млн теңге талап етіп отыр. Өз жерімізді өзімізге сататын кім ол сонша? Бізді келеке еткендей "мен шөптің бәрін шауып алайын, сосын сатып алыңдар" дейді. Құлағым естімесе де көзім көреді. Үнемі газеттерге жазылып, оқып отырамын. Қасым-Жомарт Тоқаев "жер ең алдымен жергілікті халыққа тиесілі" деді. Бірақ біздегі жағдай керісінше. Қалай түсінеміз? Барлығы ығай мен сығай болып алған, - дейді ауылдың қариясы Тоқан Әкірімқанұлы.
Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігіне де хабарластық. Олар керісінше халыққа көмектесіп жатқандарын айтуда.
Біз жергілікті тұрғындармен 3-4 рет кездесу өткіздік. Бұл жерде жердің иелері құжаттарын толық рәсімдемеген. Енді соттың көмегіне жүгінуі керек. Малдың қысқы жем-шөбіне келер болсақ, ауыл маңындағы барлық бос жерлерді шабуға рұқсат еттік. Егер мал азығы тағы жетіспей жатса, аудандағы кәсіпкерлердің басын қосып көмектесеміз. Сонымен қоса, 4-5 гектардан жер алып беріп жатырмыз, - деген еді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин.
"Үкіметтің жерін қалай сатамын?"
Бұл мәселеге қатысты Харис Сейфиевтің өзі не дейді?
Едіге Батыров бұрын сотталған адам, оппозиционер. Мен сізге ақиқатты айтып берейін. Біз Шангунов, Валитова үшеуміз үкіметтен ірі қара малға субсидия алу мақсатында "Береке Шангунов" ұжымын құрдық. Оны Сәбира Валитова басқарды. 2017 жылы ол "Диқаншы" ЖШС ашып, барлық құжатты менің атыма өткізіп, капитал қаражатын төлеп, мені басшы қылып қойды. 2020 жылы Валитова коронавирустан қайтыс болды. Міне, содан кейін барып қана Төлеуғазы Бейсенұлы мен Едіге Мауытханұлы жер мәселесін даулай бас- тады. Олар неге Валитова тірі кезде осы мәселені көтермеді. "Диқаншы" ЖШС толығымен менің атымда, құжаттарының бәрі дұрыс, заңды. Бірнеше рет келіп тексерді, ештеңе таппады. "96 миллионға сатпақшы" деген ақылға сыймайтын әңгіме. Ол жер үкіметтікі ғой, мен оны 49 жылға жалға алғанмын, қалай сата аламын? - дейді Харис Сейфиев.
Бұл жағдай Көкпектіде кімді де болсын бейжай қалдырған жоқ.
Харис 2018 жылы "Диқаншы" ЖШС-ның директоры атанды. Ал анау "біздің жерімізді тартып алды" деп жүрген кісілер кезінде Валитоваға өз жерлерінің пайларын заңды түрде өткізген. Оның барлығы қағаз түрінде жазулы. Тәуелсіз сарапшыларды шақыртқанбыз, олар мөрдің де, құжаттың да дұрыс екенін растады. Едіге Батыров деген барып тұрған алаяқ. Ақшасын төлесең, қайда болса да арыз жазып шулата береді, - дейді Харис Сейфиевтің жанашыр ағасы Қанат Қажетұлы.