Өскемен
облачно
-12°
  • Өскемен
    -12°
  • Алматы
    -8°
  • Астана
    -9°
  • Ақтөбе
    -9°
  • Актау
    +4°
  • Орал
    -2°
  • Қарағанды
    -12°
  • Көкшетау
    -4°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    -6°
  • Павлодар
    -15°
  • Петропавловск
    -4°
  • Тараз
    -7°
  • Туркестан
    -8°
  • Шымкент
    -7°
$
523.86
544.34
¥
71.77
5.11
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Тәулігіне 24 сағат еңбек етуді талап ететін кәсіп

Алтайдың қысы қаһарына міне бастаған қарашаның қара суығында қала сыртына шыққанымыз сол еді бетімізді ызғырық жалап өтті. Өскеменнің іргесінде орналасқан жылыжайға айналасы жарты сағаттың ішінде жетіп алдық

Усть-Каменогорск и ВКО / Тәулігіне 24 сағат еңбек етуді талап ететін кәсіп
Фото:
автордікі

Іздеген жылыжайды бірден таптық. Ұлан ауданындағы Украинка ауылына кіре берісінде алғаш көзімізге түскені төрт мұржадан будақтаған қара түтін. Құдды бір зауыт немесе ірі өндіріс орнына келгендей болдық. Сөйтсек, ұзындығы екі жүз метр, биіктігі алты метрге жететін төрт жылыжайды жылыту үшін бұл мұржалар күн-түн тыным таппай будақтайды екен.

Кең баспалдақтармен шахтаға түскендей бірнеше метр жер астына түсіп кеттік. Міне ғажап, жасыл желекке оранған бау-бақша, субтропикалық орман, жайқалып өскен жасыл желек, өз салмағын көтеремей иілген лимондар. Кинодан ғана көретін, ертегіде "Тарзан" мекендеген ну орманның ортасына тап болдық. Жылыжайдың аты айтып тұрғандай ішіндегі ауа температурасы +30 градус. Қалың киімдерімізді шешіп, жылыжай иесімен тілдесіп кеттік.

Лимонға сұраныс көп

Землянойлар отбасының жылыжай шаруашылығымен айналысқандарына 13 жыл болыпты. Оған дейін облыс орталығы Өскеменде тұрған олар зейнетке шыққан соң үйде бос отыра алмаған. Людмила Земляная саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, кәсіптік-техникалық училищеде оқытушы болып жұмыс істеген.

Бастапқыда барлық жылыжай иелері сияқты көкөніс, қияр мен қызанақ өсірдік. Сонан соң лимон ағашын баптай бастадық. Жылыжай деген аптасына жеті күн, тәулігіне жиырма төрт сағат еңбекті талап ететін кәсіп, - деп бастады әңгімені зейнеткер.

Людмила өзіне гүл өсіру ерекше ұнайтынын айтады. Саяжайда, үйде қызылды-жасылды гүлдердің түр-түрін баптайтын зейнеткер бұл шаруамен қыстыгүні де айналысқысы келеді. Жылыжай салу идеясы осылай туған екен. Жарының жан қалауын түсінген Николай Григорьевич бұл істі қолға алу үшін шет елдерді арнайы аралайды. Аз қаржыға әлеуетті кешен салуға болатынын байқаған соң елге келе сала іске кіріседі.

Айтуларынша, бастапқыда жылыжайға 1500 долларға жуық қаражат жұмсалған. Жалпы көлемі мың шаршы метрді құрайтын кешен төрт блокқа бөлінеді. Оның екеуінде - лимон, біреуінде - гүлдер, енді бірінде жас көшеттер өсіріледі. Мұнда негізінен лимон ағашы басым. Оған сұраныс та көп.

Бағбандар өсіріп отырған лимон тұқымы киевтік ремонтанттық тұқымға жататындықтан үнемі және мол өнім береді. Әңгіме барысында Киевтен әкелген бес тал лимон көшеті бес жылдың ішінде үлкен бауға айналғанын мақтанышпен айтты.

Лимонымыздың салмағы бір килодан асады. Баланың басындай жеміс өз бұтағына салмақ түсіріп, сындырып жіберуі де мүмкін. Сондықтан әр лимонды сабағынан жіппен іліп, байлап қоямыз. Ағаштар әр кезде отырғызылғандықтан, біреуі гүлдеп тұрса, біреуі түйін тастап, енді бірі жап-жасыл болып тұрады. Сап-сары болып піскендерін үзіп аламыз. Лимон тоғыз айда піседі. Біз өсірген лимонның ең ауыры бір жарым келі тартты. Бұл көрсеткіш біз үшін рекорд болды, - дейді Людмила Дмитриевна.

Жылыжайды аралап келе жатқанда сабағынан үзіліп түсіп жатқан ірі-ірі лимондарды көрдік. Көкөніс өсіретін компаниялармен жұмыс істеу барысында лимонның үлкендігіне күмәнмен қараушылар да болған көрінеді. Олардың көпшілігі әдеттегіден ірі лимонды гендік өзгеріске ұшыраған жеміс деп ойлайды екен. Алайда бұл таза табиғи өнім. Дәмін татқандар тұрақты тұтынушыға айналады. Ал экзотикалық жемістерден анар, кофе, банан, ананас, інжір, құрма және мандарин өсіп тұр. Інжір екі жыл қатарынан жақсы өнім беріпті. Банан биыл жеміс бермек. Құрма мен мандарин ағашы енді көктеп келеді. Ал гүлдердің түрі өте көп. Жалпы саны 300-ге жуық гүл өсіріледі.

Туберкулез таяқшасын жояды

Жылыжайда жасыл желектің ішінде жаныңыз жай табады. Сондай-ақ, мұнда мың да бір дертке шипа болар өсімдік түрі көп. Мысалы, мирт ағашы туберкулез таяқшаларын жойып жібереді. Өзіне тән керемет иісі бар мирт өсімдігін қайнатып ішіп, тамақ, тіс, ауыз қуысы ауруларын емдеуге болады. Людмиланың айтуынша, миртті жатын бөлмеде ұстаса өте пайдалы.

Муррайя өсімдігі де емдік қасиетке ие. Оның екінші атауы - император ағашы. Түйнегін тыныс жолдары, жүрек ауырғанда жесе, көп дертке шипа. Ал жасаңшөпті көне фен-шуй ілімінде "ақша әкелетін ағаш" деп айтады. Кактус пен алоэ өсімдігінің көптеген түрі өсіп тұр. Ал гүлшетенді қой еті, балық тағамдарына қосса, дәмін кіргізеді. Сондай-ақ, Үндістан, Жерорта теңізі мен тропикалық белдеуде өсетін бугенвилия гүлі айрықша әсем. Жалпы, тропикалық гүлдердің хош иісі болмағанымен, көрер көзге өте көрікті болатынын осы жылыжайды аралау барысында білдік.

Людмила Землянаяның ерекше жақсы көретін гүлдерінің бірі - "австралиялық жұлдыз" аталатын кордилина. Алайда оның күтімі қиын болғандықтан үйде өсіруге қолайсыз. Орхидея, лавр, фикус, самшит гүлдерін де көзіміз шалып қалды. Жылыжайды кемпірқосақ бояуындай түрлі түске көміп тастаған гүлдердің бәрін жіпке тізгендей айтып тауыса алмайсыз. Өсімдіктер мұнда бөшкеге жиналған артезиан суымен суарылады. Оған израильдік тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Жылыжай иелері аттың тезегі, құм, калифорниялық топырақ әкеліп, әр өсімдікке қажет жер қыртысын жасағанын да айтты. Мұндағы гүлдердің бағасы нарықтағыдан 40-60 пайызға арзан. Голландиядан әкелінетін гүлдерге базардың жалдау құны қосылады да бағасы қымбатқа түседі. Оның үстіне сатылымдағы гүлдерге жылыжайдағыдай ерекше жағдай жасалмаған соң солып қалады. Гүл сатушылар бүгінде аталған кешенді "оңалту орталығы" деп атап кеткен. Себебі сатушылардың солып, қурап бара жатқан голландиялық гүлдерін жылыжай иелері күтім жасап, қайта қалпына келтіріп береді. Бағбан облыс аумағынан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Тараз қалаларынан келген оқушылар ерекше қызығушылық танытып, жылыжай салудың қыр-сырын сұрайтынын айтты. Келешекте олардың арасынан жас натуралистер шығуы мүмкін. Сондай-ақ, Жапония, Қытай, Қырғызстан және Израиль елдерінен келген мәртебелі меймандар жылыжай жұмысын жоғары бағалапты. Кәсібінен нәсіп көріп отырған жылыжайшылардың еңбегіне риза болған өңір басшылығы кешеннің жанынан жер телімін бөліп берген. Онда жаздыгүні қарақат бауы жайқалып жеміс береді. Землянойлар қарақат тұқымын Ресейдегі Барнаулдан әкеліпті.

Аталған өсімдіктерді жыл он екі ай баптап, мәуелі жемісін жинаймыз. Тосап қайнатамыз, шырын жасаймыз. Қысқа сақтау үшін тоңазытамыз. Осылайша, отбасылық қорға дәрумен жинаймыз. Жемісін берген соң ағаштар түрленіп, қайта қуат жинай бастайды. Біздің жылыжайда жыл бойы көктем, - дейді жылыжай иелері.

Айына көмірге 600 мың теңге жұмсайды

Жылыжай үй қазандығы жүйесімен жылытылады. Алтайда алты ай қыс болғандықтан бір маусымда 100 тоннаға жуық көмір жағады. Біз бағандағы өлшегіштен ішкі температураның 31 градус жылылықты көрсетіп тұрғанын байқадық. Яғни, жылыжайдың ішінде жаз. Людмиланың айтуынша, түнде 12 градус жылылық та жеткілікті. Ал көктемнен бастап күннің жылуы пайдаланылады. Кешен 2,5 метр тереңдіктегі қазаншұңқырда орналасқан. Жердің бетінде тек шатыры ғана көрінеді. Қыста жер табаны жертөле іспетті 12 градусқа жылы болады. Бұл жылуға жұмсалатын шығындарды азайтады. Жазда, керісінше, 12 градусқа салқын. Төбесіндегі саңылауды ашу арқылы желдетеді.

Біз әйнектің орнына Израильдің поликарбонат материалын пайдаландық. Бір шаршы метрі 600 кило қарды көтере алады. Әйнек болса, сынып кетуі мүмкін. Сондай-ақ, поликарбонат әйнекке қарағанда жылуды көп өткізеді. Екі жыл бұрын өңірімізде 46 градус аяз болды. Одан зардап шеккен жоқпыз. Егер осындай жылыжайды оңтүстік өңірде салса, жылу энергиясы тегін деуге де болады, - деді бағбан.

Жылыжайдан шыққанда Землянойлар отбасының Табиғат-анаға деген ерекше ілтипаты туралы ойлаумен болдым. Отбасыңмен барып, тынығып қайтатын жер екен деп көкейіме түйдім. Жақындарыңызбен барар болсаңыз, бағбан сіздерге де арнайы экскурсия ұйымдастырады.

Фото:
автордікі
Следующая →