Аягөздегі жас сарбаздар ардагерлермен кездесті
Аягөз гарнизоны танк әскери бөлімінің мәдени демалу орталығында жас сарбаздардың Ауған соғысы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлерлерімен кездесуі өтті
Іс-шараның мақсаты – ардагерлермен сұхбаттасу арқылы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, азаматтық сезімдерін қалыптастыру, Отан сүйгіштікке баулу болып табылады, деп мәлімдеді Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында ардагер Айтын Арқабаев пен Марат Құсайынов Ауған соғысындағы қызықты оқиғалары мен ұрыс қимылдары кезінде кездескен қиын жағдайлары туралы әңгімелеп берді.
Біздің елімізге тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан да, кең байтақ қазақ даласын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю әр азаматтың міндеті және борышы, - деп ардагер Айтын Арқабаев жас сарбаздарды жігерлендірді.
Шараға қатысушы мерзімді әскери қызметшілер ардагерлер айтқан түрлі оқиғаларды қызығушылықпен тыңдап, оларға жан-жақты сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды. Сонымен қатар, жиында өнерлі сарбаздар ардаргерлерге өлең шумақтарын оқып, әсем әндерін арнады. Ал ардагерлер болса, жас өрендерге ризашылықтарын білдіріп, Отан қорғаудағы істеріне сәттілік тіледі.
Біз ардагерлерді әрқашан мақтан тұтамыз, олардың ерлік ісін жалғастырып, келер ұрпаққа жеткізуге дайынбыз. Сол себепті мен Отан қорғауды өзімнің ең қасиетті парызым деп санаймын, - деді жас сарбаз Амангелді Арыстан.