Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

"Ақымақтардың" арқасында дамыған бизнес

Пандемияда алаяқтар мен қаржы пирамидалары қазақстандықтардың 417 млрд теңгесін жымқырған

Усть-Каменогорск и ВКО / "Ақымақтардың" арқасында дамыған бизнес
Фото:
В. Ивановтікі

Қаржы пирамидаларының қауіпті екенін халық білсе де, алданушылардың саны азаймай тұр. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегі бойынша, 2020 жылғы наурыз бен 2021 жылғы сәуір аралығында "алаяқтық" және "қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету" баптарына қатысы бар 41 307 құқық бұзушылық тіркелген. Осы істер бойынша зардап шеккендердің жалпы саны 40 833 адамға жеткен. Ал келген залалдың мөлшері 417 миллиард теңге болған.

Мәселе - психологияда

Ұрлық әртүрлі жолмен жасалады. Бірақ бұл ұрлық ойға қонымсыз ұрлықтардың бірі шығар. Себебі адам өзінің жинаған, сақтаған ақшасын, тіпті кейде барып тұрып несие алған ақшасын басқа біреудің қалтасына салады. Содан кейін айналасындағы достары мен туыстарын да мұндай әрекетке шақырады. Артында тұрған бір ғана үміт, салған салымын екі-үш есе етіп қайтару. Алайда қаржы пирамидаларына салынған ақша ешқашан еселеніп қайтпаған, ол тек адамның қалтасына келтірілген шығын.

Қаржы пирамидаларының қаптағаны сонша, атаулары мен сандарынан жаңылуға болады. Бірі тауарлы қызмет көрсетсе, енді бірі маркерлер алуды, ал жаңа түрлері электронды ақша мен биткоин сатып алуды, инвестициялық салымдар жасауды үйретеді.

Мен қаржы пирамидасында болдым. Оның дұрыс емес екенін білсем де, салым салып қосылған кезім болды. Маған не жетпейтінін әлі түсіне алмаймын. Осыдан 10 жыл тұрын бір қаржы пирамидасында болдым. 70 теңгедей салып, кейін интернетпен сайтқа кіріп, маркерлер жинап, ақшамды көбейтіп, шығарамын дегенге сендім. Ол қаржы пирамидасының атауын ұмытып та қалыппын, - дейді қала тұрғыны Назира.

Расымен, көптеген адамдар саналы түрде қаржы пирамидасына салым салғалы жатқанын түсіне тұра сол әрекетке барып, артынша санын соғып қалады. Психологтар мұның бірнеше факторларын айтады. Солардың бірі адамға "назардың" жетіспеушілігінен екен.

Қаржы пирамидалары адамның жанды жерінен басады. Біреуге шетелге саяхат уәде етеді, біреулерге екі есе табыс табудың, біреуге несиелерден құтылудың мүмкіндігі ретінде көрінеді. Оның барлығы адамға жақсы көліктің, жақсы үйдің иесі болатын, жалпы жақсы өмірдің жолы ретінде елестейді. Ол жерде адамға мотивация беріледі. Өзін таба алмай жүрген адамдар болады, ақшасы аз болғандықтан өзін төмен сезінетіндер болады, халықтың арасында өзін көрсете алмайтындар болады. Ал ондай ұйымдарда адамды қолпаштап, қызыл жолмен жүргізіп, оларға көңіл бөліп, шабыттандырады. Адам өзін тұлға ретінде өскендей сезінеді. Көп адамға осы тұлғалық сезімнің толыққанды болуы жетіспейді. Осының барлығын көрген адамға қанат біткендей шабыттанады. Бірақ ақиқатында ол төмен жақтағы адамдарды ұйымдастырып, күні-түні жұмыс істеп, басқаларды бұл жүйеге қосу керек болып шығады. Осылайша, бұл жүйе - құлдық жүйеге айналады. Адамның бар ойы "салған ақшамды қалай тезірек алып шықсам" болады. Ол үшін ол туыс, таныстарын тарта бас-тайды, - деп атап өтті "Шығыс шынары" отбасы психологиялық орталығының негізін қалаушы Назигүл Абылханқызы.

Туған туыс, жора-жолдас жиналған қаржы пирамидасында ешкім ешкімге кінә арта алмайды. Болған іске жауапкершілікті сезгендіктен, өз ақшаларын шығару үшін бұл тізбек жалғаса береді. Бірақ ешкім екі есе табыс түгілі, өзі салған ақшасын да ақтай алмай қалады. Өйткені жүйе солай құрылған. Одан адам шақырсаң да, салымыңның он пайызына ғана ие болуың мүмкін. Сонда бұл ақшалар қайда кетіп жатыр? Кім пайда көріп, байып жатыр?

Арыз жазуға асықпайды

Кез келген адамның қаржы пирамидасымен айналысатын кем дегенде бір танысы бары анық. Бірақ қаржы пирамидасына алданып, құқық қорғау органдарына арыз-шағым жазатындардың саны өте аз. Мысалы, 2016-2021 жылдар аралығында Полиция және Экономикалық тергеу департаменттерінің мәліметтері бойынша, сотқа дейінгі тергеу органдары қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқарудың 23 фактісін ( 2016 ж. - 1, 2017 ж. - 2, 2018 ж. - 8, 2019 ж - 1, 2020 ж. - 9, 2021 ж. - 2) тіркеген. Зардап шеккен тұлғалардың жалпы саны - 1913.

Шығыс Қазақстан облысы аумағында қаржы пирамидаларының ең көп таралған түрі - соманы екі есе немесе үш есе арттыру мақсатында ақша қаражатын салу. Бізге түскен қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде тұлғаларға жалпы сомасы 1 млрд 200 млн теңгеден астам залал келтіріліп, оның 163 млн теңгесі қайтарылды, - дейді облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.

Қаржылық сауатсыздықтың салдарынан талай адам баспанаға, көлікке немесе басқа қажеттіліктеріне жинаған қаржаттарынан айырылды немесе ақшасын еселеймін деп несиеге белшесінен батты.

Атышулы Qnet компаниясын алайық, оның қаржы пирамидасы екенін құқық қорғау органдары анық жарияласа да, бұл компанияға ақша салушылардың саны еш азайған емес.

ІІМ Тергеу департаментінің ақпараты бойынша жалпы елімізде 29 қылмыстық іс тергелуде.

Жуықта Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасы Questra World туралы іс сотқа берілді. ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділда Ораз осы қаржы пирамидасының басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын атап өтті. Тергеу барысында анықталғандай, пирамиданың басшылары салынған соманың 336%-на дейін табыстылыққа кепілдік беріп, салымшыларға виртуалды валютаны пайдалана отырып, құны 90-нан 500 мың еуроға дейінгі ойдан шығарылған инвестициялық портфельдерді сатып алуды ұсынған.

Бұдан бөлек, "Гарант 24 Ломбард" ЖШС, "ESTATE Ломбард" және "Тиімді қарыз" қаржы пирамидаларына қатысты тергеу амалдары жүргізілді.

Президенттің өзі қолға алды

Қаржы пирамидаларына қатысты еліміздегі жағдайдың ушыққаны соншалық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл жағдайды бақылауына алды.

Жуықта Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа оның қаржы пирамидаларын жою жөніндегі тапсырмасын іске асыру барысы туралы баяндады. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі 15 қаржы пирамидасының қызметіне тыйым салып, жәбірленушілерге 2,3 млрд теңге қайтарылыпты.

Тоқсан сайын ақпараттық технологиялар саласында қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға қатысы бар адамдарды анықтау бойынша "HighTech", "Antifraud" жедел-алдын алу іс-шаралары, сондай-ақ қаржы пирамидаларын құру тұрғысынан әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге және интернет-ресурстарға мониторинг жүргізіледі, - деп атап өтті облыс прокурорының орынбасары Еділ Аязбайұлы.

Облыстық прокуратура қаржы пирамидасын қалай анықтауға болатынын да айтты.

Біріншіден, анонимділік. Интернеттегі алаяқтық жобалардың көпшілігінде заңды тұлға да, байланыс деректері де жоқ. Екіншіден, жоғары табыстылық. Қаржы пирамидаларын жасаушылардың басты міндеті - пирамидаға мүмкіндігінше көп адамды тарту. Үшіншіден, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясының болмауы, - деп қосты Еділ Жұбанов.

Айта кету керек, интернет ресурстарында "FinGramota.kz" қосымшанда. Оның ішінде алаяқтар мен қаржы пирамидаларын әшкерелеуге бағытталған "Абайлаңыз алаяқтар" бөлімі бар.

Следующая →