Көкпекті аудандық кітапханасы орналасатын орын ақыры табылды
Көкпекті ауданындағы қорында 40 мың кітабы бар білдей бір аудандық кітапханасы 23 жыл бойы тұрақты орны болмай, көшіп-қонып жүргенін жазда жазған болатынбыз. Мәселе жақын күндері оң шешімін таппақ
Көкпекті ауылында 2016-2017 жылдарға дейін балалар үйі болған. Балалар үйі жабылғаннан бері осы уақытқа дейін ғимарат қаңырап бос тұрған. Мекеме облыстық Білім басқармасының балансында еді. Ал жеке ғимараты жоқ жергілікті мемлекеттік мекемелер қаншама. Мәселен, аудандық кітапхананың өзі жиырма жылдан астам уақыт бойы тұрақты орын таба алмай, бірнеше рет көшірілген. Ақыры аудандық аурухананың бос тұрған бір корпусына жайғасқан. Айта кеткен жөн, аудандағы бірнеше мемлекеттік мекеме де ол кезде сол корпустың екінші қабатында орналасқан болатын. Алайда олардың барлығы былтырғы еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ғимаратты босатуға мәжбүр болған. Себебі аурухананың бұл корпусы коронавирус жұқтырған науқастар үшін жабдықталып, дайындалған.
Сол уақытта 40 мың кітабын сүйреп кітапхана амалсыздан бұрынғы спорт кешенінің кіші залына көшіп келеді. Кітаптардың бәрі бірдей сөреге сыймағандықтан, жерде шашылып жатқандары да бар. Келем деушілер үшін сол жағы ыңғайсыздық тудырады.
Кітапханаға қатысты тілшіміздің қойған сұрағына жергілікті атқамінерлер "мәселе шешіледі, қарастырып жатырмыз" деп тіл қатқан еді ол кезде. Мәселенің шешімі - бұрынғы балалар үйінің бос тұрған ғимараты. Көкпекті ауданында бұрын Құмар Раев атындағы "Балалар үйі" болған. Бірақ 2016-2017 жылдары бала саны азайғандықтан мекемені жабу туралы шешім қабылданған. Балалар үйінің ғимараты облыстық Білім басқармасының теңгерімінде болатын.
Қыркүйек айында аудан орталығында орналасқан бұрынғы Құмар Раев атындағы "Балалар үйі" ғимараты аудан әкімдігі теңгеріміне берілді. Осыған дейін аталған ғимарат облыстық Білім басқармасының теңгерімінде болды. Аталған ғимаратты жөндеп, қалыпқа келтіру үшін аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, конкурс өткізіліп, мердігер анықталды. Бүгінгі күні ғимаратты жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы ғимарат жөндеуден өткен соң, Балалар өнер мектебі, аудандық кітапхана және тағы да бірқатар мекемелерді осы ғимаратқа орналастыру жос-парлануда, - деп мәлімдеді аудан әкімі Раджан Сейітқанов.
Аудандық әкімдіктің ішкі сая-сат бөлімі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, ғимаратты жөңдеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 125 миллион теңге қаражат бөлінген.
Осы жөнделетін ғимаратта аудандық кітапханаға арнайы 5 кабинет қарастырылған (оқу залы, кітап қорын сақтайтын екі зал, балалар залы, ақсақалдар залы). Сонымен қатар, осы ғимараттың басқа бөлігіне "Балалар өнер мектебі" мекемесі көшірілетін болады, - дейді ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Рахимбаев.
Жоспар бойынша ағымдағы жылдың аяғына дейін аудандық кітапхананың ғимарат мәселесі шешілетін болады.
Қазан айының ортасынан бастап ғимаратқа жалпы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде: терезелерін ауыс-тыру, қабырғасы мен төбесін, жылу жүйесін жөндеу, сыртын қаптау, кіре беріс алаңын жасау. Мекеме оқушылар шығармашылық үйі деп аталатын болады да, мұнда негізінен 26 үйірмесі бар өнер мектебі мен аудандық кітапхана орналасады. Одан өзге, тілдерді оқыту орталығы да осы ғимараттан орын теппек. Аудандық мәдениет, білім және спорт бөлімдерді де осы ғимаратқа көшіп келеді. Ғимараттың жалпы ауданы 1500 шаршы метр, 1984 жылы бой көтерген. Барлық жұмыстарды жылдың аяғына дейін бітіру жоспарланған, - дейді Көкпекті ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бек Назарбекұлы.