Ақжар ауылына метеорит құлаған ба?
Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауылының тұрғыны ауласында аяқ асты пайда болған белгісіз шұңқырға алаңдаулы. Жерде пайда болған жұмбақ шұңқырдан алғашқыда ақ бу будақтаған көрінеді. Мәселенің мән-жайын мамандар кеңінен зерттесе дейді
Он сегіз мың ғаламның жұмбағы әлі толық ашылған жоқ. Адамзат сырын ашпаған, байыбына бара алмаған дүние көп. Кейде жұмыр жер бетінде адам айтса сенгісіз, ақылға сыймайтын мистикалық оқиғалар болып жатады. Сондай жағдайдың күәсі болған Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының тұрғыны Мәуіт Ебикешовтың ауласында кенеттен аяқ асты белгісіз терең шұңқыр пайда болған. Үй иесінің айтуынша, түн ортасында қатты дүрсіл естілген. Таңертең аулаға шыққанда бұрын-соңды болмаған қуысты көріп таңқалыпты.
23 қазан күні үйде жалғыз болдым. Кешкісін малды жайғастырып, үйде теледидар көріп жатқанмын. Кенет гүрс еткен қатты дауыс естідім. Жер сілкінгендей болды. Темір құбырлар салдырлаған сияқты болды. Сыртқа шығуға жүрексіндім. Көршім бір нәрсе түсіріп жатқан болар деп мән берген жоқпын. Ертеңгісін таңертең тұрып, құдықтан су шығарайын деп барсам, құдық жанынан 10 метрдей жерде шұнқырды байқадым. Ішінен ақ ұнтақ тәрізді бу шығып жатты. Өз ойым - метеорит сияқты. Бетін жауып, бірден әкімшіліктен, төтенше жағдайлар бөлімінен мамандар шақырттым. Ол кісілер келіп көріп, сынама алуға кісі жібереміз деп кетті. Содан бері, міне, 11 күн өтті, ешкім келген жоқ. Біздің елімізде бұндай оқиғаны дер кезінде анықтап, зерттейтін біреулер бар ма, жоқ па, білмедім, - дейді Ақжар ауылының тұрғыны Мәуіт Ебикешов.
Құпия шұңқырды төтенше жағдайлар қызметінің мамандары келіп көрген. Тұрғынның сөзін олар да растап отыр. Шұңқырдың тереңдігі белгісіз және тереңдеген сайын жіңішкелене беретін көрінеді. Әзірге оның қалай, неден пайда болғанын ешкім білмейді.
Барған кезде үй иесінің айтқаны расталып, көзіміз жетті. Шұңқыр қайдан пайда болғаны белгісіз. Өлшеу барысында 2,5 метр болатындай шұңқыр екен. Қиғашынан есептеп, қанша екенін біле алмадық. Белгісіз шұңқыр қолдан қазылмаған. Біз бұл шұңқырдың қайдан пайда болғанын және ол үй иелеріне зияны бар ма, жоқ па, дөп басып айта алмаймыз. Бұған себебі арнайы мамандардың зерттеу нәтижесі керек, - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Талант Талапбеков.
Содан бері ол шұңқырды ешкім келіп тексеріп, зерттемеген. Не дүние екенін әзірге ешкім білмейді. Осы сұрақпен ауыл әкіміне хабарласқанымызда оның да жауабы мардымды болмады.
Бізге хабар келіп түскенде мамандармен оқиға орнына бірден бардық. Үй иесінен барлық мән-жайды сұрастырып, оқиғамен таныстық. Бұл мәселе бойынша аудан әкіміне, төтенше жағдайлар бөліміне хат жібердік. Бүгінгі таңда бізге кері жауап хат жіберіпті. Онда біз өз арамызда осыған жауапты мамандармен бірге комиссия құрып, зерттеу жүргізуіміз керек деп жазылған. Енді алдағы уақытта жедел комиссия құрып, сынама алып, зерттеуге жібереміз, - дейді Ақжар ауылының әкімі Дауітбек Ниязбеков.
"Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, осындай басына іс түскен ауыл тұрғынына жер бедерінің неліктен тесілгендігін, оның қауіпті немесе қауіпсіз екенін анықтап шешім шығару үшін халықтың қамын ойлағандар, яғни, Шығыс Қазақстан облысының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Тарбағатай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарын тарта отырып комиссия құрып, барынша көмек көрсетеді деген ойдамыз.
Тағы бір қызығы, ауыл тұрғындарының бірінің айтуынша, сол түні аспаннан жарық қызыл ай сияқты белгісіз дененің құлағанын көріп, суретке түсіріп үлгеріпті. Бұл жәй сәйкестік пе?..