Сүлейменов - 90-шы жылдардан бері жөнделмеген көше еді
Аягөздіктер атқамінерлерден аспандағы айды сұраған емес. Адал ауыз судан соң жағы талмай айтатыны - жолдың жайы. Бұл жол атаулының жыры жылдан-жылға жалғасқан "ұзақ" таусылмайтын жыр. Сол "жырдың" бір үзігі бүгінде шешімін тапқан
Кез келген мемлекет экономикасының негізгі күретамыры - жол. Жолы арқылы сол елдің әл-ауқаты мен әлеуетінің қаншалықты деңгейде екенін аңғаруға болады. Тіпті, дамыған елдерде жолдың әрбір шақырымына бөлінетін қаржыда есеп жоқ. Есесіне, жолы тақтайдай батыс мемлекеттерінің табыс көзі де, әлеуметтік жағдайы да әлдеқайда көш ілгері. Жол азабын тартып, әбден зәрезап болған Аягөз қаласындағы Сүлейменов атындағы көше тұрғындарының арманы да сол болған. Десе де бұл күрмеуі қиын жол мәселесі бүгінде шешімін тауып, 90-шы жылдардан бері жөндеу көрмеген Сүлейменов көшесіне жаңадан асфальт төселіп, шұрық-шұрық тесіктер тегістелген.
Аягөз қаласындағы Сүлейменов атындағы көшені асфальттау жұмыстары қыркүйек айында басталып, қазан айының соңында аяқталған. Бұл жұмыспен "Нұрлы Жол" ЖШС мердігерлік ұйымы айналысқан. Жергілікті бюджеттен 65 миллион теңге бөлінген. Қаладағы 7-ші квартал және орталығын қосып тұрған негізгі көше 7-кварталда 10 мың адам тұрады.
Мен өзім осы көшеде 1997 жылдан бері тұрамын. Содан бері бұл көшеде асфальт болмаған. Күз болса батпақ, қыс болса белшемізден қар кешетінбіз. Енді, міне, асфальтіміз салынып, жолымыз жөнделіп келе жатыр. Енді ақырындап бәрі болар, жарық та, жол белгілері де қойылар. Осының өзіне де қуаныштымыз, - дейді Сүлейменов көшесінің тұрғыны Айтжамал Ибрагимова.
Көзделген жұмыстардың ішінде түрлі мемлекеттік бағдарламалардың да үлесі үлкен болды. Атап айтсақ, биыл аудан аумағындағы жолдар мен көшелерді жөндеуге "Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасымен бірқатар жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ, ағымдағы жылда да жол мәселесіне аса ден қойылмақ.
Жалпы қаладағы автокөлік жолдарының ұзындығы 108 километр. Оның ішінде 56,5 километр қара жол, 40,5 километрі асфальтталған. 2021 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес жалпы ұзындығы 11,4 километр 12 көшені асфальттау жоспарланған. Яғни, асфальтталған жолдардын көлемі 10,5%-ға артпақ. Бүгінгі күні 10 көшені асфальттау жұмыстары аяқталды. Ақанаев, Мұхтар Әуезов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қосымша ағымдағы жылы 12 көшеге қиыршық құм-тас төсеу жұмыстары аяқталып, Дүйсенбаев, Байғабылов көшелеріне қиыршық құм-тас төсеу жұмыстары жалғастырылуда.
Бұған қоса балалар ойын алаңына да көңіл бөлінуде. 2021 жылы қала тұрғындарының сұранысы негізінде 13 балалар ойын алаңының құрылысы жоспарлаған. Бүгінгі күні 7 алаңның құрылысы толығымен аяқталып, алтауында құрылыс жүріп жатыр. Аббаттандыру, көшелерді жарықтандыру жұмыстары да тасада қалып қойған жоқ. Атап айтсақ, Абай көшесі №63-65, Мұхтар Әуезов көшесі №12 көпқаббатты тұрғын үйлердің ауласы аббаттандырылып, жарық тарту жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 4 километр, 133 дана жарық бағаналарын орнату жоспарлануда.
Қазір жолдардың шұрқ тесікке айналып, мүлдем жарамсыз күй кешуі жол апаты дерегінің көбеюіне әкелуде. Сол сияқты көліктің ойламаған жерден бұзылып, тезірек тозуына да әсер етпей қоймайды. Осындай түйткілді шешу үшін бәрінен бұрын жол салуға басымдық беріп келеміз. Онымен қоса, осы жылғы жоспардағы бірнеше жұмыстар аяқталып, ағымдағы жылы да жол мәселесін қолға алмақпыз, - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Абай.