ШҚО-да кәсіпкерлерге үш компонентті салық жүйесі туралы айтылды
Жаңашылдықтың мәні - бірыңғай ақпараттық платформа базасында онлайн БКМ, POS-терминал және тауарлар мен қызметтерді есепке алу жүйесін біріктіру
Шығыс Қазақстанда салық төлеушіге деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасынан, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған құрылғылардан, сондай-ақ тауарларды есепке алудың, қызметтер көрсетудің автоматтандырылған жүйесінен тұратын үш компонентті интеграцияланған жүйе не үшін қажет екенін айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жүйенің артықшылығы туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының бас маманы Гүлмира Сабралимова айтып берді.
Оның айтуынша, ҮИЖ жеке кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін есепке алуы мен орындауын жеңілдетуге, салық есептілігін, оның ішінде жалдамалы қызметкерлердің жалақысы бойынша есептілікті қалыптастыруға, тауарлардың қозғалысын көрсетуге, әртүрлі банктердің бірнеше POS-терминалдарынан төлем карточкаларынан төлемді қабылдауға, кірістер мен ақша қозғалысының есебін жүргізуге мүмкіндік береді. ҮИЖ салық есептілігін қалыптастыруға және жіберуге мүмкіндік береді, есептелген және төленген салықтар бойынша деректерді алуға, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды, электрондық шот-фактураларды ресімдеуге мүмкіндік береді. Үш компонентті интеграцияланған жүйені орнату қосымша шығындарды талап етеді, бірақ пайдаланушы белгілі бір артықшылықтарды пайдалана алады. Гүлмира Сабралимова атап өткендей, заңда жүйені орнату кезеңінде және одан кейінгі кезеңде ҮИЖ сатып алу құнына жеке табыс салығын 60 мың теңгеге дейін азайту көзделген. Бұдан басқа, оңайлатылған декларацияны қолдануға мүмкіндік беретін салық кезеңі үшін кіріс шегін жарты жылда 70 048 АЕК-ке арттыру көзделген. Мәселен, оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін 2021 жылы жартыжылдық бойынша шекті табыс сомасы 70,1 млн теңгеден 274,4 млн теңгеге дейін ұлғайды. Сонымен қатар ҮИЖ пайдаланушылары үшін ҚҚС бойынша шек 30 000 АЕК-тен 113 184 АЕК-ке дейін көтерілді. Қосылған құн салығы бойынша есепке қою үшін ең төменгі айналым 87,5 млн теңгеден 420,5 млн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ұлғаю ҮИЖ-ді пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізілетін айналымдарға ғана қолданылады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде хабарлағандай, ҮИЖ пайдалану үшін үш қадам жасау қажет – Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына кіру, сізге сәйкес келетін ҮИЖ моделін таңдау, оны орнату үшін әзірлеушімен байланысу, ЭЦҚ көмегімен салық төлеушінің кабинетіне кіру және ҮИЖ Мемлекеттік кірістер органдарында тіркеуді жүргізу.