Аягөздік жастар әскерге аттануда
Аягөз қаласында 2021 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр
Осы орайда Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінен жасөспірімдердің кезекті легі әскерге аттанды, деп мәлімдеді Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі.
Әскери міндет – әрбір азаматтың абыройлы борышы. Отан қорғауды өздерінің абыройлы парызы санайтын жастар әскерге аттанар алдында, медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден және қызмет атқаратын әскери бөлімнің өкілімен сұхбаттасу сынағынан өтті.
Барлық тексерістен мүдірмей өтіп, сайдың тасындай іріктелген бозбалалар азаматтық борыштарын өтеуге әзір. Енді олар темірдей тәртіпке бағынып, ел шебін күзетпек.
Отан алдындағы міндетімді абыроймен атқарамын. Барлық қатарлас достарымды, бауырларымды әскер қатарына шақырамын, - деді жас өрен Ақжан Азатұлы.
Шара соңында бөлім бастығы подполковник Сабыржан Айтқазин әскерге бару – ер балалардың өмірдегі бір баспалдағы екенін жеткізіп, жастарға ақ жол тіледі. Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының соңына дейін жалғасатын болады.