Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Алтай халқы алты ай қысқа дайын ба?

Катонқарағайдағы Ұлттық парк шіріген ағаштарды халыққа неге бермейді?

Усть-Каменогорск и ВКО / Алтай халқы алты ай қысқа дайын ба?
Фото:
В. Ивановтікі

Біздің қазақ данагөй, кемеңгер, парасатты халық қой. "Қыстың қамын жазда ойла", "Қыс - арбаңды, жаз - шанаңды сайла" деп әр мезгілдің әлегіне күні бұрын дайындалуды, сақадай сай болуды екі ауыз сөзбен-ақ тәпсірлеп кеткен.

Шығыстың төрінде Катонқарағай деген ғажап өлке бар. Таулары бұлттардан асып, аспанмен қол ұстасып тұрады. Орта белінен етекке шейін сыңсыған самырсын, балқарағай, шырша, қайың, тал, терек, үйеңкі. Бұл өңірге алғаш аяқ басқан адам орманын көріп тамсанар еді. Ауылдарын аралап жүріп үйлері мен моншасы, қора-қопсысы мен қақпасы тек ағаштан қиып салынғанын, отынға ағаш қана жағатынын білсе, таңдайын тақылдатар еді. Әй, бірақ олар "ұста пышаққа, етікші етікке жарымай" отырғанын қайдан білсін.

Ұлттық парктің пайдасы мен кесірі

Әңгіменің әлқиссасы мынада. Қазақ жерінің асты да, үсті де, тіпті адамдары да басыбайлы орысқа тәуелді болған тар заманда Алтайдың құт қойнауына кім көрінген қол сала беретін. 2001 жылы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылып, таудың арғы-бергі бетінің бәрі қорғауға алынған кезде бейбастық тоқтады. Катонқарағай ғана емес, күллі шығыс жұрты қуанды, алғыс айтты. Ауылдағы жұмыссыз жандардың екі қолына бір күрек табылды. Сол кезде бөріктерін аспанға атқан ел өздерінің отыннан тарығып қаларын о баста білмепті. Редакциямызға бір аптаның ішінде Катонқарағай ауданының 4 тұрғынынан қоңырау түсті. Биылдан бастап отынды жеткілікті берсе екен дейді.

- Біздің бұл жанайқайымыз былтыр-биыл, кеше-бүгін пайда болған ауылдың өсегі, үйдің дау-дамайы емес. Талай жылдан бері іште жатқан, шемен болып қатқан, жарылуға шақ қалған, қара қотырдың аузы секілді запыран. Нақтырақ айтар болсам, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ құрылғаннан бастап 20 жыл бойы күрмеуін таппай келе жатқан күрделі мәселе. Тіпті, күрделі дейтін де түгі жоқ. Өйткені ұлттық парк құрылғанға дейін аудан тұрғындары қысқы отындарын жеткілікті түрде дайындап алатын. Алтай тауы да, оның орманы да мемлекеттік саябаққа айналғалы бері пайдасы мен кесірі қатар тиіп жатыр. Әрине, жерінің астындағы қазба байлығы тістегеннің аузында, жерінің үстіндегі тірі байлығы ұстағанның қолында кетпес үшін, қорғауға алынғаны өте көреген шешім болған. Мына қарағай-шыршалары, қайың-теректері болмаса, тау баяғыда-ақ ағып кетер еді. Кеңес өкіметі кезінде көлденең көк аттының бәрі Алтын тауды кезіп, ағашын жан-жаққа тасып, аң-құсын атып құртып жібере жаздады ғой. Қазір өзен суын бұруға, аң-құсын нысапсыз атуға, орманын бей-берекет отауға түбегейлі тыйым салынған. Ол - дұрыс. Бірақ енді, өз жұртынан қызғанып, аяп не көрінді? Қыс мезгіліндегі жағдайымызды басшылар да, қосшылар да көріп-біліп отыр ғой, - деп қынжылады Қабырға ауылында тұратын Досжан Саинов.

Құлаған, сынған ағаштарды да бермейді

Орманның ортасында отырса да, отынға жарымаған Қаратай елінің жағдайы сырттан келген біреуге күлкілі көрінуі де мүмкін.

"Табиғатты қорғау керек" деп жүрген кісілер өздері де рұқсат етілмеген дүниеге қол ұшын тигізбесе ғой..! Сонда, тым құрығанда, көңіліміз күпті болмаушы еді. Алайда "адал" деген адамдардың қолы қалаған нәрселеріне жетіп тұр да, қарапайым халық бұйырғанына ғана қанағат етіп отыр, - дейді Қотан Қарағай ауданының тұрғыны Раджан Катишев.

Өздерінің қолында тұрған соң қонышынан басып, заңды елемей жүрген азаматтардың да бар екенін айтады кейбір кісілер. Бірақ оларға айып тағып, кінәлау үшін айғақ пен дәлел керек. Көзбен көріп жүрсе де, қолмен ұстап алмағаннан кейін ауылдағы аңқылдақ, ақкөңіл жұрт жабулы қазанның қақпағын ашпауды ұйғарған. Себебі "пәленше сөйтті, пәленше бүйтті" деп көрсетіп берсе, ауылдағы ағайынның алдында жаман атты болып қалудан қашады. "Қарғайын десем - жалғызым, қарғамайын десем - жалмауызым" деген осы да.

Аудан тұрғындарының айтуынша, найзағай түсіп өртенген, қартайып қураған, жығылып сынған ағаштар әр ауылға жақын жерде де, алыс жерде де бар. Бірақ ұлттық табиғи парктің қызметкерлері оларды қай жерден болса да алғызбайды. Ал, катонқарағайлықтар ертеңгі күні босқа қалдық болып шіріп кеткенше, бізге неге отынға жағуға бере салмайды деп өкпе-назын ақтаруда.

Ауылдағы жігіттер үнемі атқа мініп тауды аралап, көріп келеді. Қай жерде қандай ағаштардың құлап, шіріп жатқанын біледі. Енді соны алайын десе, бермейді. Тіпті ақшаға да сатпайды. Ал, қураған ағаштар тектен-текке орман ішінде сұлап жатыр. Сонда ұлттық парк ол ағаштарды не істемекші, білмеймін, - дейді Досжан Саинов.

"Орманнан отын бермесе, Зайсаннан газ тартып берсін"

Шекара асып, көрші елдің жеріне аяқ басып келгендер таулы Алтайда тұратын халыққа барлық қолайлы жағдайдың жасалғанын, өмір сүрудің жеңіл екенін айтады. Тағы бір мысал ретінде Швейцарияны келтіруге болады. Бүкіл әлем білетін Еуропаның табиғаты ең әсем еліне туристер төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен басын мәңгі қар жапқан зәулім таулары мен қысы-жазы жасыл реңін бермейтін зүмірет шыршаларын көру үшін ағылады. Швейцарияның шалғай ауылдары мен мал ұстайтын фермаларында жергілікті тұрғындар үшін де, туристер үшін де мемлекет барлық қажеттілікті жасап, жайлылық қалыптастырған. Үйін газбен жылытып, шаруашылығына жеңілдік беріп отырғандықтан тұрғындар биліктен ешбір таршылық көрмей, жылы орнын суытпай, қонақтардың қас-қабағын бағып, отандық туризмді дамыту үшін барын салады.

Ресейдің Горно-Алтайский аймағына барып, өз көздерімен көріп келген жігіттер бар. Мына Алтай тауының сол ар жақ бетіндегі халық біз секілді таршылық көріп отырған жоқ. Оларға көмірді жарты бағасына арзанға сатады. Ал ормандары қорғалады. Міне, қандай әділетті, - дейді Раджан Катишев.

Исландия мен Алясканы алты орап алатын Алтайды жер-жаһанға паш ете алмай жүрген біз өзіміз екенбіз. Қолда барда алтынның қадірі жоқ дегеннің кері ғой. Ауылда пеші бар үйде тұратындардың барлығы ала таңнан кеш батқанша көмір мен тезек жағып, Алтын таудың аспанын қара түтін қылады. Фотосессия жасап, бейнеролик түсіріп жүретін блогерлер кейде үйден шыққан түтіннің кесірінен Алтайдың нағыз сұлу келбетін көре алмай қайтады.

Еееһ, (күрсінді) неден бастайын... Ит тұмсығы батпайтын ну қалың орманның ортасында отырып, қыстық отынға зар болу деген естіген құлаққа ұят секілді. Іргедегі Зайсаннан шыққан газдың бәрін шетел асырып экспорттап жатыр. Өзімізді жарыта алмай жатып, өзгенің жыртығын жамағандарына жол болсын. "Туризмді дамытайық" деп далбақтап ұрандай бергендерінен пайда қанша, соған әрекет етпесе. Алыс-жақын шетелден келген қонақтар сұлулығын сипаттауға сөз жетпейтін табиғатымызды ғана тамашалай ма? Осындай көрікті жерде отырған елдің жағдайы мәз емес екенін көріп, мазақ қылып кетеді емес пе?! ХХІ ғасырда жүрсек те, ғаламтор жоқ көп ауылда. Жолдарының сиқы анау. Сол көгілдір отынды алдымен осы Катон Қарағай ауданына тартса ғой, туризмді дамытқанның көкесі болар еді, - дейді Айдын Күркебаев есімді аудан тұрғыны.

"Алтайды өртеп жіберсек, ағашын амалсыздан береді"

Шекара шебіндегі ауылдардың қаңырап қалғанына, аудан халқының қалаға үдере көшуіне жалғыз ғана отынның аздығы себеп болды дей алмаймыз. Бірақ ол да көп фактордың бірі. Қабырға ауылының тұрғындары айтпақшы, қазір Катонқарағайда төзімді, шыдамды, мықты кісілер ғана қалған.

Мен осы күні жойылып кеткен ауылдарды тізіп тұрып айтып бере аламын. Саусағыңды бүгіп санай бер. Падиха (2-ақ үй қалды), Қараайрық, Бекалқа, Черемушка (мүлде құрып кетті), Вверх Катунь (3-ақ үй қалды), Усть-Язевая, Мойылды (8-ақ үй қалды). Қанша үй қалса да бұлардың енді болашағы жоқ. Өйткені халыққа ағаш керек: отынға да, басқа тұрмыстық қажетіне де. Бір үйге, бір жылда 2 куб отын деген не ол? Мазақ қылып бергендей. Ең болмағанда 5 куб отын берсе, құда да тыныш, құдағи да тыныш, шүкіршілік етер едік, - деді атын атаудан бас тартқан Катон ауылының тұрғыны.

Жоғарыдағы пікір иесінің айтуынша, халық егер жылдан-жылға отыннан таршылық көріп, ашынатын болса, орманға от қойып жіберуден де тайынбайды. Сонда өртенген ағаштарды бәрібір амалсыз береді деген сенімде.

Бір үйге 2 куб отын жете ме?

Катон ауылына түсіретін көмірдің 1 тоннасы 18 500 теңге. Түкпірдегі Берел, Өрел, Аршаты ауылдарына барған кезде көмірдің тоннасы 22 000-23 000 теңге болып өзгереді. Оны алуға шамасы жетпеген қарапайым халық тауда шіріп, тегін жатқан ағаштарды алғысы келеді.

Барлығы ел ойлағандай оңай емес. Ағаштарды берудің өзіндік ережесі бар. Егер бір аумақта ағаштар жаппай құлап жатса, оны тұрғындар ала алады. Орман қоры орамдарға, орамдар телімдерге бөлінеді. Телімде жығылған ағаштар үшін мөлдек (түсіндірме сөздікте:өз алдына бөлек егілетін кішкене егістік жер) ашылады. Оның төрт шетіне бағана орнатып, құжатқа есептеп жазып, тіркейміз Ал, бір телімнің ішінен әр жерде 2-3-еуден құлап қалған ағаштарды берудің шаруасы көп, оған бола мөлдек ашуға келмейді. Заң солай. Жалпы, ұлттық саябақтан бір жылда 9000-10000 текше метр ағаш алуға рұқсат беріледі. 20 000 шаршы метр ағаш кесіп, бір үйге 5 шаршы метрден беруге де болатын еді. Онда таудағы ағаштар сиреп, азайып қалады. Әр жыл сайын ұлттық парк аумағының 40 гектар жеріне көшет отырғызамыз. Әйтсе де, қылқан жапырақты ағаштардың өсуі үшін көп жыл керек, - дейді Катонқарағай ұлттық мемлекеттік табиғи паркі бас директорының орынбасары Арнас Ауғанбаев.

Следующая →