Қ. Қайсенов кентінде жылу мен ыстық су бірде бар, бірде жоқ
Ұлан ауданы орталығының тұрғындары бірқатар көшедегі тұрғын үйлерде жылу берілмей отырғандығы, ыстық судың да жиі өшіп қалатыны, жалпы үйге келетін ауыз судың кейде сары, кейде қоңыр түсті болып кететінін айтады
Мән-жайды анықтау үшін Ұлан ауданы әкімдігіне, аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөліміне қоңырау соқтық.
Иә, сейсенбі күні болған техникалық ақаулардың, апаттық жағдайың кесірінен ыстық су мен жылудың өшіп қалғаны рас. Біз екі сағаттың ішінде жөндеп, жағдайды реттеп үлгердік. Қазір үйлерге жылу берілген, - деді бөлім басшысы Санат Бекенұлы.
Сөйтсек, Қасым Қайсенов кентіндегі ескі үйлер бұдан 70 жыл бұрын салынған. Құбыр жүйелері де әбден ескірген. Толыққанды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Тек әр жаз сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатын көрінеді.
Әлеуметтік желілерде аудан орталығының барлық тұрғындары мен ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) өкілдері отыратын ортақ чат бар. Сол чаттағы диалог сөйлесулердің мазмұнына көз жүгіртсек...
Неге әр жыл сайын бір жерді қайта-қайта қаза береді? Өткен жылы ғана 13, 16-үйлердің аумағында құбырларды ауыстырған жоқ па еді?! Енді күз келіп, суық түскенде қайтадан жөндеп жатқандары несі? - деп кейістік танытыпты тұрғындардың бірі.
Оған сол топта отырған жауапты басшылардың бірі жауап берген.
Он алтыншы үйлерде апаттық жағдайлар жиі орын алатындықтан, біз тексеріп, құбыр жүйесін жаңаға ауыстыруға өтініш бердік. Дереу қаражат тауып берген аудан әкімдігіне рақмет. Қыстыгүні темір жылу жүйелерінің жарылуының алдын алып, жол салғанда бірден құбырларды да ауыстыра кетеміз. Негізі жылыту маусымы ресми түрде 15 қазанда басталуы керек. Бұл жолы аудан басшысының тапсырмасымен жылу беруді 25 қыркүйекте бастадық. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстары 7-8 қазанға дейін аяқталуы керек, - деп пікір білдірді.
Қасым Қайсенов кентінің ПИК бастығы Еркін Мұратұлының айтуынша, жылусыз отырғандарына тұрғындардың өздері кінәлі. Өйткені осы уақытқа дейін барлығына өз үйлеріндегі жылу батареяларын, темір құбырларды жаңарту керек екені айтылған.
Терморегулятор мен пешті ауыстыру керек деп қанша рет айтылды. Өздеріңіз ештеңе істегілеріңіз келмейді. Сол үшін де қазір жылусыз отырсыздар, - дейді пәтер иелері кооператив бастығы Еркін Мұратұлы.
Қазіргі таңда кенттегі үйлердің барлығында жылу да, ыстық су да бар. Ал кейде өшіп қалып жатса, ол жетпіс жылда тозығы жеткен құбырлардан кеткен ақау. Бұйырса, енді ыстық су да, жылу да өшпеу керек. ТҮКШ бөлімі директорының сөзіне сенсек, ағымдағы жөндеу жұмыстары алдағы қыста жүргізілмейді.