Өскеменде "Мергендер батальоны" сайысы өтуде
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде 20 қыркүйек пен 2 қазан аралығында "Мергендер батальоны" сайысының бірінші кезеңі өтуде
Бас штаб бастығының талаптарына және Құрлық әскерлерінің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, Өскемен гарнизоны механикаландырылған бригаданың мотоатқыштар батальоны "Мергендер батальоны" сайысында жауынгерлік даярлықтан жыл көлемінде меңгерген білімдері мен іс-тәжірибелерінің нәтижесін көрсетуде, деп мәлімдеді Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі.
"Мергендер батальоны" сайысының мақсаты - Құрлық әскерлеріндегі үздік батальонды анықтау. Сонымен қатар, кенеттен тексерісте әскери бөлім жеке құрамының жауынгерлік әзірлікке қабілеттерін арттыру, шыңдау, - деп атап өтті комиссия төрағасы полковник Арман Сариев.
ҚР Қорғаныс министрлігінен арнайы тағайындалған комиссия құрамы Жаңа-Ахмер оқу-жаттығу полигонында 28 қыркүйек күні атыс курсына сәйкес, батальон жеке құрамының отыз пайызынан түнгі атыс жаттығуларынан сынақтар қабылдады. Ал 29 қыркүйекте батальондағы барлық штаттық қарулар мен әскери техникалар және қару-жарақтардан атыс жүргізу тәсілдері пысықталды.
Батальон бұл сайысқа екінші рет қатысуда. 2018 жылы аталмыш сайыста Құрлық әскерлеріндегі үздік мергендер батальоны атанған. Сондықтан да жеке құрам, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен сержанттар және офицерлердің бұл сайыстан жинақтаған тәжірибелері бар. Жеңіске жететінімізге сенімдіміз, - деді батальон командирі майор Құрманғазы Мұратбеков.
Батальон жеке құрамы атыс жаттығуларынан бөлек топография, қаруды бөлшектеп шашу және қайта жинап құрау бойынша нормативтерді орындады.
"Мергендер батальоны" сайысының қорытындысы қазан айының 20-22 күндері белгілі болады.