Шаруалар Катонқарағайдағы Ұлттық парктің шөбін шауып жатыр
Биыл өңіріміздегі шөптің шығымы аз болғандықтан шаруаларға Катонқарағай Ұлттық паркіне қарасты қорғалатын аумақтан шөп шабуға рұқсат берілді
2021 жылдың жазы малшылар үшін де, диқандар үшін де айтарлықтай қиын болды. Шалғын мен егінге жаңбыр жөнді жаумағаннан кейін дала да, қала да сарғайып қурап тұр. Жері шұрайлы, шөбі шүйгін саналатын Алтай өңірінің өзі төрт түлік малына қысқы азықтарын жеткізе алмай жатыр.
Биыл өңіріміздегі шөптің шығымы аз болғандықтан шаруаларға Катонқарағай Ұлттық паркіне қарасты қорғалатын аумақтан шөп шабуға рұқсат берілді. Бұл да тығырықтан шығудың бір амалы деп санайды жауапты мамандар.
Биыл қыста бәрінен де Абай, Аягөз ауданында мал шаруашылығымен айналысатындарға өте қиын болатын түрі бар. Ол өңірлерге арнап бюджеттен 130 миллион теңге бөлінді. Ал шығыс аймағы бойынша барлығы 2,5 миллион тонна шөп дайындау жоспарланған.
Ауыл тұрғындары мен шаруа қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін Ұлттық мемлекеттік парк пен облыстағы орман шаруашылығы аумағынан 34 мың 500 гектар жерге рұқсат алынып, 17 мың тонна шөп жиналды, - дейді облыстық Ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы Ертай Қуанбаев.
Мән-жайға толыққанды қанығу үшін Катонқарағай ауданына қарасты Ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің бастығының орынбасарына хабарластық.
Ауыл халқы қорғалатын аумақтың шөбін шаппайды. Оған рұқсат жоқ. Тек әр ауылға жақын жерде жеке секторлар болады. Сол жерді пайдалану үшін ұлттық саябақ басшылығынан рұқсат алып, қолында билеті болса ғана шөп шаба алады. Одан бөлек аудан әкімдігінің балансындағы жеке меншік жерлер де бар. Көп халық сол жердің шөбін шабады, - дейді еліміздегі ең үлкен ұлттық мемлекеттік саябақ бастығы-ның орынбасары Арнат Ауғанбаев.
Қазіргі таңда шөп шабу науқаны аяқталуға жақын.
Бүгінгі таңда барлығы 21 400 тонна шөп жиналды. Оны аймақтағы сегіз ауданның халқы бірігіп шауып жатыр, - деп пікір білдірді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығын дамыту және субсидиялау бөлімінің маманы Әлібек Ануарбекұлы. - Ал жиналған шөп сол аудандардағы мұқтаж шаруаларға, ауыл халқына беріледі. Сатылымға қойылмайды.