Өскемен қаласынан 200 жігіт әскерге аттанады
Өскемен қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармада күзгі әскерге шақыру маусымы жалғасуда. Күзгі маусымда екі жүзге жуық жас жігіттер Өскемен қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылатын болады
Әскерге шақырылушылардың алғашқы командасы мемлекет шекарасын қорғауға жасақталды, деп хабарлады Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі. Одан кейін Қарулы Күштердің әскери бөлімдері, Мемлекеттік күзет қызметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы жасақталатын болады.
Әскерге шақыру туралы sms хабарлама алып, қазіргі уақытта қалалық Қорғаныс істері Басқармасында медициналық тексеруден өтудемін. Денсаулығыма шағымым жоқ. Болашақта Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында, десанттық шабуылдау әскерлерінде қызмет еткім келеді, - деді әскерге шақырылушы Әлинұр Заңғаров.
Биыл elicense.kz порталы арқылы онлайн режимінде әскерге шақырудан босату және кейінге қалдыруға өтініш беруге болады. Кейін шақыру комиссиясы өтінішті қоса берілген құжаттармен қарап, қорытынды шығаратын болады.
Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Бұл ретте әскерге шақырылушыларға екі рет ПТР-зерттеу жүргізілетін болады: әскерге шақыру кезінде құрама пункттерде және әскери бөлімдерде жас толымдар келгеннен кейін.