Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Устинка

Паромда кезек күтпейміз, қыста мұз үстінен өтпейміз деп еді...

Маусымда Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының үстіне салынатын көпірдің құрылысы басталады дегенде ел ерекше қуанғанымен, қазір жұмыс тоқтап, облыс орталығынан шалғайдағы Күршім, Марқакөл өңірі халқының көңіліне қайта кірбің ұялай бастады

Күршім, Зайсан, Катонқарағай аудандары тұрғындарына жарты ғасырдан бері арман болған Қазақстандағы ең ұзын көпір құрылысы оң шешімін тапқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң биыл Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір құрылысы басталған. Байқау арқылы құрылыс жүргізетін мердігер компания анықталған. 

Әзірге күршімдіктер жазда ескі пароммен, ал қыста мұз үстімен қатынауға мәжбүр. Өскеменге дейінгі айналма жол 800 шақырымға жетеді. Егер көпір салынса, арақашықтық 4 есе қысқарады. Жобаның жалпы құны 30 миллиард теңгеден асады. Облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. Қалғаны мемлекет қазынасынан берілмек. Жоспар бойынша көпір 3 жыл ішінде салынып бітуі керек. Яғни, 2021 жылы басталып, 2023 жылы аяқталуы тиіс.
 
Мердігер мекеме "ОблШығысЖол" компаниясы басшылығының ақпараты бойынша, су қоймасының екі қапталына 1,5 шақырымдық жолдар төселіп, кірпіштен 250 жұмысшыға жатақхана салынып, электр желісі де тартылды. Алайда көпірдің құрылысы әлі басталған жоқ. Оның себебін облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов құрылыс материалдарының бағасымен байланыстырады.
- Көпір құрылысының жобасына түзету, толықтыру енгізу үшін құжатты республикалық бюджеттік комиссияға ұсындық. Бірақ әлі шешім шығарылған жоқ. Өзгерістер құрылыс материалдарының бағасына (жобаның құны 30 миллиард теңгеден астам болатын) қатысты енгізілмек. Ол өзгеріс биыл енгізіле ме, әлде келесі жылға қала ма - әлі белгісіз. Бұрынғы жобадағы көпір құрылысының материалдары бүгін екі-үш есе өсіп кетті. Мәселен, металл құрастырмалардың бағасы 2-2,5 есе артты, - дейді басқарма басшысы.
Ең алдымен көпір салынады дегенді естіген Күршім халқы қуанған болатын. Жазда сарылып паромда кезек күтпейміз, қыста мұз үстінен өтпейміз деп.
- Көпір салынғаны Күршім халқы үшін өте пайдалы. Осыны қанша адам армандаған еді. Екі ортадағы айналма жолымыз ұзақ. Қаламен қатынау үшін бір күніміз жолда өтеді. Паром кезегін күту адамды шаршатып жібереді. Қыста мұз үсінде қаншама адам суға кетті, - дейді ауыл тұрғыны Серік Амангелді.
Көптен күткен көпір құрылысының тоқтап қалғанын естіген тұрғындар өз наразылықтарын білдіріп жатыр.
- "Көпір құрылысы басталды, 3 жылда салынып бітеді" дегенде ауыл халқы болып қуанған едік. "Ақ түйенің қарны жарылар" күннің ауылы да алыс емес екен деп сенген едік. Бірақ басы басталып, аяқсыз қала ма деген қорқыныш та жоқ емес. Үкіметтен бөлінген 30 миллиардқа жауын-шашын, боранға, мұзға қарамайтын жаңа екі паром ала салса, қалай болар еді деп те ойлайды екенсің. Әрине, көпір де керек, бірақ құрылыс тежелмей, жедел іске асса екен, - дейді ауыл тұрғыны Кемелхан Нұржапаров.
Рас, бұл 1960 жылдардан, яғни Бұқтырма су қоймасы салынған уақыттан бері шешілмей келе жатқан күрмеуі қиын мәселе еді. Әсіресе күршімдіктер жаз шықса, ескі паромның тоқтамауын тілейтін. Жел тұрып, көл беті толқыса, кемелер де қаңтарылып қалады. Ондайда жолаушылар жағада түнейді немесе Катонқарағай, Алтай аудандары арқылы жүздеген шақырымды айналып өтуге мәжбүр болады. Ал қыстың күні мұз ойылып, су түбіне кеткен көліктер қаншама?! Көліктен бұрын осы өткелде көптеген адамның өмірі де қиылған. Жағалауда ерсілі-қарсылы ауыр техниканың гүрілі естілгенде, жергілікті тұрғындар бөріктерін аспанға атқан. Көпір құрылысына сенер-сенбесін білмей жүрген елдің қуанышы қойнына сыймады. Құрылыс басында "бісміллә" деп құрбан шалып, құрылысшыларға сәттілік тілескен.
- Біздің жұмыс жүріп жатыр, тек қазір уақытша көпір салу тоқтап тұр. Бірақ ол көпір құрлысының жұмысы тоқтады деген сөз емес. Әзірге дайындық болып жатыр, шет елден келетін құрылыс материалдарын, техникаларын тосып отырмыз, - дейді көпір құрылысындағы жұмысшы Саян Медігеров.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы әзірге осылайша тұралап тұр. Ертістің арғы жағында, шекараның шебінде жатқан халық болса сарғайып паромға кезек күтуге мәжбүр. 
Следующая →