Өскемен
пасмурно
+5°
  • Өскемен
    +5°
  • Алматы
    +14°
  • Астана
    +3°
  • Ақтөбе
    +5°
  • Актау
    +7°
  • Орал
    +10°
  • Қарағанды
    +4°
  • Көкшетау
    +2°
  • Қостанай
    +1°
  • Қызылорда
    +19°
  • Павлодар
    +2°
  • Петропавловск
    +1°
  • Тараз
    +15°
  • Туркестан
    +3°
  • Шымкент
    +18°
$
451.27
489.13
¥
62.69
4.87
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Аян Қалымбек
Ақпарат көзі:
Устинка

Т. Түсіпбекұлы: "Тәуелсіздік – біздің басты ұлттық құндылығымыз"

Біздің Шығыс Қазақстан – жемқорлықтан, сауатсыздықтан, таныс-тамыр деген жүйеден таза облыс еді...

суретте Түсіпхан Түсіпбекұлы

Шығыс өңірінде "Отаным, ұлтым, жерім" деп туған ұлдар көп. Кіндігінің қаны тамған туған жеріне маңдайының терін де ағызып, ел үшін еңбек етіп жүрген перзенттер қаншама. Қылышынан қан тамып тұрған алып империяның шекпенінде дүниеге келсе де, өз алдына дербес мемлекеттің шапанын жамылып, ойы - еркіндік, рухы - азаттық алған ағаларымыз - қазір бұқараның абызына, ақылшысына, қариясына айналып келе жатыр.

Өскеменнің бүгінгі зиялы қауымы, аға буын өкілдері, жергілікті атқарушы билігі, атқамінер шенеуніктері мен мемлекеттік қызметкерлерінің қайсынан сұрасаңыз да Түсіпхан Түсіпбекұлын танымайтын адам кемде-кем. Ол 1953 жылы 5 ақпанда, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Жалғызтал ауылында өмірге келген. 1978 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша; 2001 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. 

1987-1994 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы "Қазақстан" совхозының директоры, 1994-1995 жылдары ШҚО Тарбағатай ауданы әкімшілігінің басшысы, 1995-2002 жылдар аралығында ШҚО Тарбағатай ауданының әкімі қызметін атқарған. Ал 2002-2007 жылдарда ШҚО Мәдениет басқармасының бастығы және облыстық Ішкі саясат департаментінің бастығы, 2007-2008 жылдары аймақтық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары, 2008-2010 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан Халықтары Ассамблеясы хатшысының меңгерушісі болды. Тіпі 2010-2011 жылы Шығыс Қазақстан облысы  әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.

Еңбек жолының барлық баспалдағынан өткен, қазір зейнетке шыққан, ұлты үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, халқы үшін өзін құрбан ете алатын ел ағасымен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Түсіпхан аға, шығыс жұрты сізді жақсы таниды. Ғаламтор беттерінде өміріңіз туралы көптеп жазылған. Сондықтан сұрақты беріден бастайық. Мемлекеттік қызметкер болуды іштей армандап, қаладыңыз ба?  Әлде өмірдің өзі осы жолға алып келді ме?

- Өмірдің өзі алып келді десем де болады. Кеңес өкіметі кезінде кадрды дайындап, оны резервке қоюдың, тағайындаудың өзіндік ерекше жүйесі болды ғой. Біз - сол партия қайда жұмсаса, сонда барған солдат болдық. Ол кезде білім, біліктілік, іскерлік, сайланатын қызметкердің халықтың алдындағы беделі, өз жұмысына жауапкершілігі - бәрі ескерілетін. Жалпы, көкейімде жүрген бір нәрсе бар, оны қазір әлеуметтік желілерде айтып та жүрмін: кеңестік жүйедегі кадр саясаты қазіргіге қарағанда дұрыс еді. Ол кезеңде ұйымдастыру бөлімі болатын. Сол бөлім «түбі мынадан бірдеңе шығады-ау» деген азаматтарды іріктеп, ана қызметке, мына жұмысқа алдын ала дайындап отыратын. Мен мемлекеттік қызметті армандап, жылы-жұмсақ креслоға қызығып келген жоқпын. Өйткені, өз мамандығым бойынша жұмыс істедім. Бәлкім, сол адал қызмет еткен шығармыз. Солайша, баспалдақтың бәрінен өттік. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін және кейін совхозда басшы едім. 1987 жылы 4 қаңтарда 32 жасымда Шығыс Қазақстандағы ең жас директор болып тағайындалдым. Жалпы, еліміз Тәуелсіздік алған кезде кереметтей сезіндік десем, өтірік айтқан болар едім. Білінген жоқ. Тек 1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміз пайда болғанда ғана сезіне бастадық. Жағдай өте ауыр болды. 1994 жылдан бастап Тарбағатай ауданының әкімі болдым. Кеңшар, ұжымшар дегеннің бәрі тарап жатты. Мемлекеттен бөлінетін қаржыландыру жоқ, халық еңбекақы алмайды, бюджеттік мекемелерде жалақы төрт-бес ай бойы төленбейді. Тіпті, көмір мен электр энергиясына төлейтін ақша жоқ. Сондай бір қиын-қыстау кезеңнен өттік. Оны еш уақытта ұмытпаймыз. Ол кезде Қазақстан алыс-жақынмен экономикалық байланыс үзілгеннен кейін, ашық теңізде ескексіз қалған қайық секілді болды. Сондықтан да, Тәуелсіздік деген – біздің е-е-е-ең басты құндылығымыз, құндылықтардың бәрінің басында тұратын, ол тек Тәуелсіздік. 1997 жылдың қарашасында "Қазақстан-2030" бағдарламасы жарияланды. Міне, содан кейін ғана елдің экономикасы түзеле бастады. 1999 жылдан бастап осы күнге дейін зейнетақы, жәрдемақы деген төлемақылар еш тоқтаусыз беріліп келе жатыр. Бұл – үлкен жетістік. Біз сол 2030 жылы орындалады деген міндеттемелерді 2011 жылы еңсеріп тастағанбыз. Ашығын  айтқанда, біз 2011 жылға дейін жақсы келе жатқанбыз. Сол жылдан бастап тоқыраулар, дағдарыстар орын алды. Жемқорлық деген дерт асқынып кетті. етектен тартатын ондай факторлар кез келген елде бар ғой. Бірақ біздің мемлекетте жемқорлық жүйесі ерекше дамып кетті. Қанша жерден күресіп жатсақ та, тамырына балта шаба алмай келеміз.


- Мемлекеттік қызметтің жүгі, міндеті, салмағы қандай?

- Біздің Шығыс Қазақстан – жемқорлықтан, сауатсыздықтан, таныс-тамыр деген жүйеден таза облыс еді. Ол – ақиқат, оны мойындау керек. Мамандар өте білімді, іскер болатын. Кейінгі кезде сол маркамызды жоғалтып алған сыңайлымыз. Неге? Өйткені, басшыларды ана жақтан, мына жақтан әкеліп қоя салады. Ешкімге біліктіліктің, іскерліктің, білімнің қажеті болмай қалды. Меніңше, ол дұрыс емес. Кез келген өңірді, сол өңірдің халқының менталитетін бес саусағындай жақсы білетін, әдет-ғұрпын түсінетін, бұқарамен тіл табысатын, халық арасында қызмет істеп көрген, керек болса сол жерде туып-өскен адам басқаруы керек. Қазіргі жастар мемлекеттік қызметкер болуды армандамайды. Дәл осы шығыс өңірінде, Өскемен қаласында мемлекеттік қызметкерге деген сұраныс аз, жоқтың қасы. Себебі бұл салада төленетін еңбекақы аз, жалақысы мардымсыз. Оның үстіне, халықтың алдындағы биліктің беделі де кетіп қалғаны қашан. Әйтпесе, отанға қаншама пайда келтіретін мықты-мықты азаматтар жүр ортамызда. Алайда олардың мемлекеттік қызметке баруға құлқы жоқ. Әркім өзінің жеке кәсібімен айналысып жүр. Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір осы салаға қатысты біраз өзгерістер енгізіп, еңбекақыларын көтеріп жатыр ғой. Жастардың саны енді көбеюі мүмкін. Тағы бір мысал, мына бұрынғы Жол-құрылыс институты (СДИ) КСРО ішінде №4-ші техникалық оқу орны болатын. Бүкіл одақта алғашқы бестікте тұрақтап тұру деген мықтылық. Небір мықты инженерлер, техниктер шықты, олардың барлығы үлкен сұранысқа ие еді. Қазір мен ондай жетістіктерді, деңгейді Дәулет Серікбаев атындағы университеттен көріп жүрген жоқпын. Тіпті қазіргі ректорының кім екенін де білмеймін. Қайта, мынау Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің атағы аспандап тұр. "Жас келсе – іске" дейді. Мұхтар Төлеген деген бауырымыз өте тамаша жұмыс істеп жатыр, ол шындық. Лайықты жұмыс істеген мемлекеттік қызметкер халықтан лайықты бағасын алады.

-  0-ден бастап барлық сатыдан өтіп шықтыңыз. Облыс әкімі ғана болған жоқсыз.  Оны да бір көрер ме еді деген ойға шомған кездеріңіз болды ма?

- (күлді) Енді, ол әрбір адамда болатын шығар деп ойлаймын. Кез келген адам өзін сол орынға қойып, "мен болсам не істер едім" деген сұрақ қояды өзіне. Мен облыс әкімінің орынбасары болып тұрған кезде де, өзіміздің бастамамен біраз дүниені жасадық қой. Бір ғана мысал айтайын. Анау, Абылай биігіне ту тігу бір кабинетте отырған үш адамның ғана идеясы болатын. Облыс басшысы Бердікбек Сапарбаев, қала әкімі Ислам Әбішев және мен үшеуміз отырғанда үлкен жазу, үлкен ту орнатуды ақылдастық. Кабинеттен шыға сала сол тауға бардық. Ол туды әлденеше рет орнаттық, әлденеше рет жел құлатты. Ислам Әбішев өте іскер, ұлтжанды азамат болды. Қазақстан деген жазуды қойғызды. Оның биіктігі 12 метр, көк байрақтың ұзындығы 12 метр, ені 6 метр. Ондай алып ту, алып жазу Қазақстанның еш жерінде жоқ. Сондағы бір мақсатымыз – Өскемендегі өзге ұлт өкілдері шаңырақтың кімдікі екенін біліп жүрсін деген ой болатын. Қазақта "шаңыраққа қара" деген жақсы сөз бар. Тіпті, сол Қазақстан жазуын орнатып, туды тігетін кезде де неше түрлі ауыр сөздер айтқан өзге ұлттар болды. Орыстардың өзінде жақсы тәмсіл бар: "все им не так, сами не знают как" деген. Сондықтан, Өскеменнің кез келген жерінен көзге менмұндалап көрінетін осындай бір дүние қажет болды.

- Еліміздің Тәуелсіздік алғанына биыл 30 жыл толып отыр. Сіз екі заманның да куәгерісіз. Не өзгерді, не сол күйі қалды?

- Ағымнан жарылып ақтарылар болсам, өзгерген дүние көп. Айырмашылық жер мен көктей. Мысалы, кеңес заманында бір бесжылдықта, тіпті екі бесжылдықта бір мектеп салынса, соған малақайымызды аспанға атып қуанатынбыз. Тәуелсіздіктен кейін облыс бойынша жүздеген мектеп салынды. Бір жылда қаншама білім ордасы бой көтереді. Одан бөлек, жол мәселесі тағы бар. Жалпы, республикадағы ең нашар жол – Шығыс Қазақстанда. Ол мәселе де қазір қолға алынып, біртіндеп шешімін тауып жатыр. Осы шығыстың жолдарын жөндеп бітірсе қағанамыз қарқ, сағанағымыз сарқ болатын шығармыз. Жол деген – мемлекеттік денесіне қан жүгіртетін күретамыр ғой. Экономиканың ең негізгі дүниесі – қимыл, қозғалыс, тасымал. Сол үшін жолдар жөнделуі керек. Өкінішке орай, жемқорлықтың кесірінен, құрылыстың сылбыр жүруінің куәсі болып отырмыз. Әйтеуір, халық "ертең бәрі бітеді, жақсы болады" деген сеніммен отыр. Қаншама ауруханалар салынды. Ол заманда бір жерге бір емхана салу мүмкін емес еді. Кеңестік жүйенің бір артықшылығы – тұрақтылығы. Әйтпесе, бейбіт заманда атқарылған шаруа көп қой. Сондықтан, қолда барда алтынның қадірін білейік. Тәуелсіздіктің игілігін көріп жатырмыз. Оны жасырмау керек.

-  Балаларыңыз қазір қай салада қызмет етуде (құпия болмаса). Сіздің жолыңызды қуғандар бар ма?

- Менің балаларым бизнеспен айналысады. Тұңғышым мен кенже ұлым мемлекеттік қызметте де жұмыс істеп көрді. Негізі үлкен ұлымның мамандығы металлург, кенжем заң саласының қызметкері. Бірақ қазір екеуі де жеке кәсіптерімен шұғылданып кетті.

- Алаш жұртына, шығыстағы халқыңызға тілегіңіз, жастарға насихатыңыз қандай?

-  Біздің өмірдің көбі кетіп, азы қалды ғой. Біз базардан қайтып бара жатқан адамдармыз. Ал жастар – базарға келе жатқандар. Олар әлі жете қойған жоқ, бірақ келе жатыр. Сол келешек ұрпақтың санасында Тәуелсіздік баянды ету деген мақсат сайрап тұруы керек. Не нәрсеге ұлттық тұрғыдан қарап, ұлттық нақыштағы шаралар жасау керек. Неге ұлттық нақышқа басымдық беріп отырмын? Егер осы дүниелерді қолға алсақ, онда өзгелерге өзімізді сыйлата алушы едік, таныта алушы едік. Қазақтың өткенін, дәстүрін, мінез-құлқын білмейтін басқа ұлттар бізді көзге ілмеуі мүмкін. Біздің Өскеменнің өзге ұлттары өзге қалаларға қарағанда кішкене өзгешелеу. Олардың арасында тіпті санасында сепаратистік пиғылы бар адамдар көп. "Шығыс Қазақстанның біраз жерін Ресейге қосу керек" деп жүрген даурықпа даңғойлар бар. Міне, сондай жат пиғылды келімсетерге біздің жастар біліммен, мінезбен қарсы тұра білу керек, салқынқандылықпен, ақылмен, біліктілікпен жеңе білу қажет. Қай салада жүрген азаматқа да мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды, тұғырлы, ғұмырлы ету – парыз деп білемін. 
Следующая →