Өскемен
малооблачно
+4°
  • Өскемен
    +4°
  • Алматы
    +18°
  • Астана
    +5°
  • Ақтөбе
    +7°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +6°
  • Қарағанды
    +7°
  • Көкшетау
    +5°
  • Қостанай
    +4°
  • Қызылорда
    +16°
  • Павлодар
    +3°
  • Петропавловск
    +1°
  • Тараз
    +18°
  • Туркестан
    +3°
  • Шымкент
    +18°
$
450.07
-1.20
488.51
-0.62
¥
62.35
-0.34
4.86
-0.01
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Аян Қалымбек
Ақпарат көзі:
Устинка

Көкпектідегі кітапхананың 23 жылдан бері тұрақты ғимараты болмаған

Аудандық кітапхана 40 мың кітап қорымен әр ғимаратты паналап, көшіп жүр

Кітап - өмірдің ең алыс және ең қараңғы жолдарына жарық беретін шам, кез келген жерден жол таба алатын су тәрізді. Кітапхана - есін біліп, етегін жапқан әрбір саналы адамның одан әрі кемелденуіне, жан азығы мен таусылмас білім жинауына ықпал ететін қазына сарайы. "Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік" деген екен қазақтың халық жазушысы, драматург Ғабит Мүсірепов.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жарлығымен биыл "Балалар әдебиеті жылы" деп жарияланды. Осыған орай, жер-жердегі кітапханалар жоғарының пәрменімен іс-шаралар өткізіп, тың басымдық, әсіресе балалар және жасөспірімдер кітапханасына беріліп отыр.

Алайда қанша жерден аттандап айғайлап, жалған жалаң ұрандағанмен, қоғамның шынайы бет-бейнесі үнемі жылт етіп көрініп қалып жатады. Әйтпесе, "білім бәйгесін" сүйетін жастары бар, "рухани жаңғырып" жатқан елде тоз-тозы шығып, жетім бұрышты паналап қалған кітапхана болмаса керек-ті. Әңгіменің төркінін әріден бастайық.

Қазық қаққан ғимараты жоқ қазынахана


Көкпекті ауданының кітап-ханасында басыбайлы ғимарат болды ма, болмады ма - бізге беймәлім. Бір білетініміз, 1998 жылдан бері білдей бір ауданның кітапханасы жерінен ауған сығандардай босып, көшіп, тұрақтай алмай келе жатқаны. Сөзімізге дәлел болсын, аудандық кітап үйінің осы уақытқа дейін "уақытша жалға алып келген" жерлерінің тізімін ұсынамыз:
  • 1998 жылға дейін қазіргі "Астана" дүкенінің ғимараты;
  • 1998-2004 жылдары "Шуақты Шұғыла" КММ балабақша ғимараты;
  • 2004-2009 жылдары "Шыңғысхан" ғимараты, қазіргі тұрғын үй кешені;
  • 2009-2011 жылдары қазіргі "Талап" бизнес орталығы;
  • 2011-2015 жылдары "Көкпекті ауданының мемлекеттік мұрағаты" КММ;
  • 2015-2020 жылдары "Көкпекті ауданының орталық аудандық ауруханасы;
  • 2020 жылдың шілдесінен қараша айына дейін "Бос уақыт орталығы" КММ-нің кіші залы;
  • 2020 жылдың қарашасынан бастап "Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің" кіші залында жұмыс істеп келеді.
Басқасы басқа, кітапхананың аурухана ғимаратын да паналағанын естіп таң қалдық, жағамызды ұстадық, мұңайдық. Бірден Көкпектідегі кітапханашылармен байла-
нысқа шықтық.
- Ондай қиындықтың бар екені рас. Тіпті, карантинге байланысты кейінгі бір жылдың ішінде бірнеше рет орын ауыстырдық. Негізі, пандемияның салдарынан жалғыз кітапхана емес, көптеген мекемелер көшіп-қонып жүрді. Бірінші, екінші қабаттарда мемлекеттік мекемелер болса, үшінші қабатта біз отырдық. Өйткені ауруханада орын жетіспеді. Ал қазір уақытша бұрынғы спорт кешенінің кіші залындамыз. Осыдан біраз уақыт бұрын мәдениет бөліміне мәселемізді айтып, өтініш-сұрақтарымызды жолдағанбыз. Олардан көңілге медеу болатындай жағымды жауап келді. Бұрынғы балалар үйін мәдениет бөлімі өз балансына алатын болыпты. Кітапхананы сол жерге көшіретінін мәлімдеді. Әзірге осы жерді місе тұтып, шыдай тұрамыз, - деді аудандық кітапхананың қызметкері Айгүл Ташубаева.
Кітапханашының айтуынша, қазір іс-шаралардың көбі онлайн түрде өтіп жатқанымен, кітапхана жұмысын тоқтатқан жоқ. Кітаптардың бәрі бірдей сөреге сыймағандықтан, жерде шашылып жатқандары да бар. Келем деушілер үшін сол жағы ыңғайсыздық тудырады.

Кітапхана ақыры өз орнын табады


2020 жылдың 3-ші наурызында кітапхана ұжымы бірауыздан келісіп аудан әкімінің орынбасары Марат Қапарұлына хат жолдапты. Хат мәтінінде былай делінген: "ШҚО Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары М.Қ. Теміржановқа аудандық кітапхана қызметкерлері ұжымынан өтініш. Өтініш жазу себебіміз: Көкпекті аудандық кітапханасының 1998-2021 жылдар аралығында нақты тұрғылықты мекенжайы болмағандықтан сізден тұрақты мекенжай сұраймыз. Себебі осы жылдар аралығында аудандық кітапхана сегіз рет мекенжай ауыстырды. ...Президентіміз Қ.К. Тоқаеві "Кітап оқу - рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Кітапханалар - білім мен мәдениеттің ошағы" деген еді. Осы сөзін негізге ала отырып аудандық кітапхана ұжымының қызметкерлері сізге хат жолдауды жөн көрдік. Орталықта орналасқан "Қазақтелеком" ғимараты кітапхана жұмысын жақсартуға және оқырмандарымызға қолайлы болғандықтан сізден қазіргі таңда бос тұрған "Қазақтелеком" ғимаратына аудандық кітапхананы орналастыруыңызды сұраймыз. Өтініш иелері: Р. Нигматуллина, А. Ташубаева, Б. Рсымбетова, Г. Қаусқанова, А. Зарипова, А. Маханова, С. Чернова".

Кітапханашылардың өтініш-тілегі ескеріліп, бірден ара суытпай аудандық жиналыста қаралды. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы және аудандық кітапхана директоры қатысқан. Сол күні аудан орталығында орналасқан бұрынғы "Қазақтелеком" ғимаратын бір апта уақыт аралығында кітапханаға беру туралы шешім қабылданған болатын. Алайда содан бері арада бір жылдан астам уақыт сырғып өтсе де, ештеңе өзгермеген. Мән-жайды өз аузынан есту үшін аудан басшысының орынбасарына қоңырау шалдық.
- Бәрін көріп, біліп отырмыз. Бұл мәселе қазір шешімін табуда. Осы жолы аудандағы бұрынғы балалар үйін көріп қайттық. Енді сол ғимаратқа кітапхананы көшіруді ойластырып жатырмыз. Ең алдымен оған жөндеу жұмыстарын жасау керек. Ал "Қазақтелекомның" ғимаратын сатып алу әлі де күн тәртібінде. Біз соған қол жеткізе алмай жатырмыз. Бұйырса, жөндеуден өткен балалар үйінің ғимаратына кітапхана түбегейлі орналасады. Бұдан былай көшіп-қонып жүрмейді, далада қалмайды, - деп сендірді Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Марат Теміржанов.
Кітапхана ұжымының уәжіне бірден тіл қатып жауап берген аудан әкімдігіне көп рахмет. Әйтпесе, қарапайым қызметкерлердің жанайқайына құлақ түрмейтін басшылар да толып жатыр ғой.

Егер ескі ғимарат биыл жөндеуден өтіп үлгермесе, кітапханашыларға биылғы қысты спортзалда өткізуге тура келеді. Ал жыр болған "Қазақтелекомнан" үмітін үзбейтін апайлар да бар.
- Кітапхананың ауданның орталығында болғанын қалаймыз. Бізге беріледі деген мекеменің енді мүлде берілмейтінін айтты. Себебі аукционда тендермен басқа бреулер ұтып алған көрінеді. Біз сияқты мемлекеттік мекемелер аукционға қатыса алмайды заң бойынша. Қорымызда 40 мыңға жуық кітап бар. Әйтеуір бұдан кейін тағы бір жерге көшетін болып қалмасақ жарады, - дейді Раиса Нигматуллина мұңын шағып.
Кітаптардың жетімсіреп, кітапханашылардың босаға жағалап жүрген күйін көрген аудан тұрғындары да телефон шалып, наразылықтарын білдірді.
- Шығыстың ортасынан ойып тұрып орын алған, жан-жақты дамыған біздің аудан үшін кітапхананың құтты ордасы болмауы деген ұят нәрсе, бетімізге салық. Тіпті, 2020 жылы шығыс бойынша Көкпекті қалай ең үздік аудан болып жүр, таңқаламын. Мына жақта қазына-білімге толы кітап деген байлығымыз әр жерде шашылып жатса, - дейді Динара Әзімбаева есімді көпбалалы ана.
"Балалар әдебиеті жылы" деп аталған 2021-де Көкпектідегі көшпенді кітапхананың тағдыры оң өзгеріске бет бұрса екен деп тілейміз!
Следующая →