Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Назерке Кәрімова
Ақпарат көзі:
Устинка

Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады

Қасиетті Рамазан айында ораза тұтумен қатар жасалатын жақсы амалдардың бірі - қайырымдылық, садақа беру

Пітір садақасы - қазақы танымда "жан садақасы" деп аталған. 85 грамм алтыны не сондай құнға ие байлығы бар адам бір жылда бір рет Ораза айт намазы оқылғанға дейін пітір садақаны беруге міндеттелген. Көбінесе ораза айы кезінде беріледі. Ол - жаңа туылған сәбиден бастап қартқа дейін уәжіп етілген (беру міндетті емес, бірақ, берсе жақсы) садақа. Сондай-ақ, пітір садақасы пенденің ораза кезінде жіберіп алған қате-кемшіліктерінің өтеуі үшін және көмекке мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында беріледі. 

Биыл ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 420 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны екі келі ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды.

Ал пітірден өзге садақа түрі, мұсылманның бес парызының төртіншісі - зекет. 
- Зекет мұсылманның төртінші парызы болғандықтан бай-ауқатты азаматтардан қаржылай, мал немесе жеміс-жидек түрінде жиналып, жарлы-жақыбай, жетім-жесір, қоғамдағы мұқтаж жандарға, сондай-ақ Алла жолында жүрген, білім алып жатқан азаматтарға көмек ретінде беріледі, - дейді облыстық "Халифа Алтай" мешітінің "Зекет және қайырымдылық" қорының Өскемен аймағындағы өкілі Берік Кәдірұлы.
"Зекет" сөзі көбею, өсу, тазару мағыналарына саяды. Зекет берумен зекет берушінің мал-дүниесі тазаланады, берекеленеді. Ислам дінінде балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс мұсылманға жылына бір мәрте мал-мүлкінен зекет беру - парыз. Зекет беру үшін қарызы мен қажеттілігінен артық өсімді мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетіп, сол нисапқа бір жыл бойы иелік етуі тиіс.

Нисап - ол зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері. Биыл алтынның нисабы - 1 160 000 теңге, күмістің нисабы - 200 000 теңге.
- Адамның бір жыл көлемінде айлық табысы 1 160 000 теңге (алтын нисабы) болса, соның 2,5 пайызын зекетке береді. Бірақ зекет беретін азаматтың өзінің туыстарының арасында мұқтаж, қарызға батқан адам болмауы керек. Ең алдымен өзінің туған туыс, жақындарына көмектесіп, содан кейін барып басқа мұсылмандарға көмектескен абзал, - дейді Берік Кәдірұлы.
Былтыр пандемия кезінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміздегі бірнеше банк, Қазпошта, төлем терминалдары және тағы да басқа онлайн төлем жүргізуге болатын жолдар арқылы зекетті де, фидияны да, пітір және өзге де қайырымдылық садақаларын беру жолы қарастырылған болатын. Бұл, ең алдымен, сақтық шарасы. Биыл да осы үрдіс жалғасатын болады. 
- Бір ай бойы атқарылар қайырымдылық іс-шараларының жоспарын құрдық. Облыстағы үлкен аудандық мешіттерден бастап, шағын ауылдық мешіттерге дейін "Қолдан қолға" акциясы аясында зекет таратып жатыр. "Ауызашар қоржыны", "Тайқазан" сияқты акциялар қолға алынған, - дейді "Зекет және қайырым-дылық" қорының Өскемен аймағындағы өкілі Берік Кәдірұлы. - Қандай да бір игі бастамаға қол ұшын созып, көмектесуге дайын тұратын еріктілер де, ересектер де, бай-қуатты адамдар да көп. Бірі қаржылай болса, бірі сөзбен демеу болып отырады. Ең үлкен көмекті жастар жасап жатыр деуге болады. С. Аманжолов атындағы ШҚУ, қалалық және облыстық жастар орталығы, "Қайнар" қоғамдық бірлестігі еріктілері бар... Былтыр пандемия кезінде мешіт имамдары мұқтаж жандарға азық-түлікті өз көліктерімен таратқан еді. Осы қызметті қазір ерікті түрде еріктілер жүзеге асырып жатыр. 
"Зекет және қайырымдылық" қорына жиналған садақа түгелдей игі істерге бағытталмақ. Әркімнің берген пітір садақасы және зекеті мешіт қызметкерлерінің бақылауында және әр тиынның өз есебі бар.
- Былтыр банк қосымшалары арқылы "Халифа Алтай" мешітіне келіп түскен садақаның барлығын қайырымдылыққа жұмсадық. Соның ішінде айта кететіні - Ақжар ауылындағы мешіт имамына баспана алып бердік. Өскемен қаласында да бір отбасын осы жамағаттан жиналған қаржының арқасында баспанамен қамтамасыз еттік, - дейді Берік Кәдірұлы. - Биыл Рамазанның алғашқы аптасының өзінде 600-ден астам мұқтаж отбасыға көмек көрсетілді. Өңір бойынша бір шәкірттің оқу ақысы төленді және "Қолдан-қолға" жобасымен 15 адамға зекет таратылды. Сонымен қатар, Ұлан аудандық "Мұса баба" мешіті қарттар үйіне көмек көрсетті. Әлі де бұндай игі істер жалғаса береді. 
Осы орайда айта кеткен жөн, ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінің бастамасымен облыстық "Халифа Алтай" мешітінен вакцина егу пункті ашылған болатын. Қасиетті Рамазан айында халықтың денсаулығы үшін жұмыс жүргізіп жатқан осы пунктке де айрықша қайырымдылық жасалды. ҚМДБ "Зекет және қайырымдылық" қорының өңірдегі өкілдігі мешіттегі вакцина егу пунктіне тоңазытқыш және суыту құрылғысын табыс еткен болатын.
Следующая →