Өскемен
пасмурно
+24°
  • Өскемен
    +24°
  • Алматы
    +25°
  • Астана
    +11°
  • Ақтөбе
    +16°
  • Актау
    +15°
  • Орал
    +14°
  • Қарағанды
    +8°
  • Көкшетау
    +11°
  • Қостанай
    +12°
  • Қызылорда
    +24°
  • Павлодар
    +10°
  • Петропавловск
    +10°
  • Тараз
    +24°
  • Туркестан
    +11°
  • Шымкент
    +25°
$
441.41
+0.51
477.78
+1.83
¥
61.12
+0.17
4.84
+0.02
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Устинка

Түйенің еті, сүті, майы мен жүні де пайдалы

Ежелгі қазақта "Сахараның салтанаты" деп аталған түйе түлігінің қазір азайып бара жатқаны жасырын емес

Мұның бірнеше себептері бар. Соның бірін дәуір талабы тудырған бүгінгі техниканың келуімен байланыстыруға болар. Ежелден "аттың жалы, түйенің қомында" жарты өмірін өткізетін халықтың бүгінгі ұрпағы осылайша Ойсылқара түлігін тек теледидардан көріп, аңыз-әфсаналардан естуге мәжбүр.

Осынау қасиетті жануарды бүгінде жиі кездестіре алмайсыз. Мәселен, жер көлемі жағынан облыстағы ең ірі саналатын Аягөз ауданында түйе түлігі жоққа тән. Көршілес Үржар ауданының Мақаншы ауылында тұратын Мұрат Төлеков ағамыз келе-келе (үйір-үйір) түйе ұстайды екен дегенді естіп, сол кісімен жолықтық. Түйе түлігі жайлы айтып беруін өтіндік. Мұрат аға дастархан үстіндегі шараға құйылған шұбатты сапыра отырып, әңгіменің тиегін ағытты...
- Осы Мақаншыдағы "Арқалды" деген ірі шаруашылықта бас мал дәрігері болдым. 150 мыңға дейін ақ қойы, үйір-үйір жылқысы, бәленбай мың ірі қарасы болған облыстағы ірі шаруашылық болатын, - деп бастады Мұрат аға. - Шаруашылықтың 140-тай түйесі де болды. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық торқалы тойы болар қарсаңда совхоз директоры Қайыртай Қажығұлов ағамыз барлығымызды жиып алды. Сосын біреуімізді киіз үйге, біреуімізді концертке, бірімізді ат бәйгесіне жауапты етіп, тапсырмалар берді. Соның бірі тойға шұбат жинап апаруымыз керек. Қарамағымыздағы 30 інгеннен 1 тонна шұбатты сауып, жинап, тойға апару бізге тапсырылғаны жөнінде айтты. "Осы жауапты іс бас мал дәрігері Мұрат Төлековке жүктеледі" деді. Тойдың бас-талуына әлі екі ай мерзім бар. Іске кірісіп кеттік. Сауылмаған асау інгендер, бас білмейді. Алысып, арпалысып жүріп әйтеуір, 21 інгенді қолға үйреттік. 800 литрлік еменнен жасалған үлкен бөшкені Аягөз жақтан тауып әкелдік те сол күннен бастап сауған түйе сүтін жинай бердік. Екі ай дегенде бөшке де толды. Тамыздың 3-і күні той болатын Абай ауданына алып бардық. Бұдан өзге 20 қой, екі жылқы етін тойға әкелдік. Той 10 тамыз күні бас-талды ғой. Күн қатты ыстық. Бөшкенің аузы ауа шықпай-тындай етіп мықтап шегеленген. Енді оны ашсақ, екі ай тұрған шұбатымыз атылып, масқарамыз шығып жүрер ме екен деген қауіп те жоқ емес. Қойшы әйтеуір, сізге өтірік, маған шын, балғамен тықылдатып, аузын ашып едік, тіпті "ысс" еткен де дыбыс болмады. Айтайын деп отырғаным, шұбаттың қасиеті ғой. Бабаларымыз жаугершілік заманда жандарына торсық байлап алып, осы сусынды қорек еткен ғой, жарықтықтар. Сонда бұл өзі оңайшылықпен бұзылып, іри қоймайтын сусын ғой. Қазақтардың "Қырсық шалғанда қымыран іриді" дейтіні осы екен. Яғни, оңайшылықпен іріп-шіріп бұзылмайды деген сөз. Айтпақшы, мұны біздің өңір "шұбат" дейді ғой. Ал Маңғыстау, Атырау, түрікменнің қазақтары мен Шымкент жақ "қымыран" дейді...
Мұрат аға 1997 жылы "Әділет" шаруа қожалығын ашыпты. Қармағындағы 80-нен астам түйеден басқа қой мен ірі қара да бар көрінеді. Негізінен осы түйе шаруашылығына ден қойған ол бұл түлікті қасиетті санайды. 
- Жан-жануарда түйе, құста бүркіт қасиетті, - дейді ол. - Екеуінде де 40 атау болады. Өйткені екеуі де 40 жас жасайды. Мәселен, түйенің баласы бота, тайлақ, буыршын, буырлыш, науша, құнанша, бұзбаша, інген, атан, бура... болып кете береді. Бүркітте де сол - балапан, қантүбіт, тірнек, тастүлек, мұзбалақ, көктүбіт, қана, жана, майтүбіт, барқын, баршын, шөгел... Осы 10 жасар бүркіттің еркегін барқын десе, ұрғашысын шәулі дейді. Мына Аягөздің Ақшәулі деген тауы содан қалған ғой. Бұл жақтағы біздің түйелер көктемде Жүзбайдың қағы, Емілдің жоғары жағы, Айнабұлақ деген жерлерге жайылса, күзге таман өзен жағаларында - Қатынсу, Тасты өзенінің бойында, Ұялы терек маңайында талдың, қарағаштың жапырақтарын қорек етеді. Күз түсіп, жауын-шашын мол болғаннан соң көкпек, ошаған, ебелек, теміртікен, кекіре сияқты басқа да былайғы мал жемейтін шөптерді жейді. Түйенің еті де, сүті де, майы мен жүні де пайдалы. Ол неге? Бұл жарықтықтың жүні жылы, жеңіл, тұтқыр келеді. Түйе жүнінен дайындалған бұйымдар әрі жеңіл, әрі жылы болады. Ел арасында шудадан жалпақ белдік тоқып, белі ауырғанда, сары су жиналған жерге тағады. Жүнін көктемде жылдамырақ қырқып алмаса, көкке ауызы тиген соң жалбырап түсіп қалады. Өзі де тұзды жерге, сорға аунайды да жүнінің жылдамырақ түлеуіне ықпал етеді. Шуданың жүні көп ауруға ем деп жатады. Оның емдік қасиеті жүнде емес, түйенің басқа мал жемейтін шөптерді жейтіндігінде, сол шөптерге аунайтындығында тұр. Сонымен, енді қыстыңгүні ақтүтек борандар келгенде бұл жарықтық боталарын орталарына алып, қозғалмастан жатады. Бұл жақта Ебінің желі дейтін шығыстан соғатын боран бар. Өзі үш-бес күнге дейін де соғуы мүмкін. Бір қызық жайтты айтып кетейін... ана жылы бір күні кешкісін күн бұзылып келе жатқан соң түйелерді бір көріп қайту үшін атқа мініп шыққанмын. Әрі-бері айналып, көзге түсе қоймағасын, еріксіз аттың басын үйге бұрдым. Ойлағанымыздай кешке боран да басталды. Сол соққан боран үш күн тоқтамай соқты. Жер-дүние ақ түтек. Боран басылған соң атқа мініп, маңайды шолып келемін. Бірақ дүрбімен қарасам да құрғырлар көзіме түсетін емес. Сосын төбе басына шығып қозғалмай ұзақ қарап тұрсам, әудем жердегі бір түп ши басы қозғалатындай. Бұл жерде мұндай ши болмаушы еді деп қоям ішімнен. Сөйтсем, әлгі қоқайғандар түйелерімнің өркештері екен. Боталарын орталарына алып, үш күн бойы қимылсыз жатыпты жарықтықтар. Міне, осындай қасиетті жануар бұлар.
Қоштасарда Мұрат аға өркештен бір кесіп алып, маған ұсынды.
- Үйге барып, келінге бер. Шыжғырып, бауырсақ пісірсе, қатпайды. Ал ет асатын болсаң, мына майдың бір жапырағын қоссаң, сорпаң дәмді болады. Айтпақшы, қазақ атам түйе түсіне кірсе, жақсылыққа жорыған. Мысалы, шудасы желкілдеген бураға мініп жүрсең, мерейің үстем болып, ойлаған мақсатыңа жетесің. Бірақ мұндай түс екінің біріне кіре бермейді. Саған жақсы түстер енсін, бауырым, - деді ол кісі жымиып.

Следующая →