Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Назерке Кәрімова
Ақпарат көзі:
Устинка

Тіл - мемлекеттің тұғырлы тірегі

Біздің Ата Заңымызда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі" деп жазылған

Мемлекеттік тіл егемен еліміздің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің рәміздері, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де - мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі. Біздің Ата Заңымызда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі" деп жазылған. Әрбір Қазақстандық Ата заңымыздың талаптарын орындауға тиіс. ХХ ғасырдың басында ғалым Ахмет Байтұрсынұлы "Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады" деп еді. Туған тіліміз - халқымыздың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінгі жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелейтін ең басты қазынамыз.

Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен байланыса алады. Елбасымыздың жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» - деген болатын. Сондай-ақ, үш тілді білім деңгейіне өту мәселесінде Елбасымыз Қазақ тілінің басымдығы сақтай отырып, оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлу керектігін атап өтті.

Сонымен қатар белгілі ғалым Махмұд Қашқари "Тәрбие басы - тіл" деп көрсетеді. Жалпы, қай тәрбиенің де бастауы отбасынан басталатыны рас, патриоттық сезім де отбасынан қалыптасады. Қазақ халқы "Отан" ұғымын бала бойына ерте сіңіруге тырысқан, оны туған жер, ана тіл, атамекен ұғымдарымен байланыстырған. Отан отбасынан, ата-жұртынан, туып өскен топырақтан, ана тілінен басталған.
Адам баласы тек қана білім арқылы дүниенің құпия сырын ашады. Білімнен тағылым алып, болашағын болжап, келешегіне бағыт белгілейді. Білім алдымен тіл арқылы игеріледі. "Тіл бесікте бекиді, үйде қалыптасады, бойға ұялайды, шаңырақта шыңдалады, мектепте дамиды, сөйлегенде жетіледі, жазғанда қалыптасады" деп те бекер айтылмаған.

Мен өмірлік таңдауымды да мемлекеттік тілдің қасиеттілігін ұрпақ бойына сіңірумен байланыстырдым. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының 3477 әскери бөлімінде әскери қызметшілерге мемлекеттік тілді оқытудамын. Бөлімде мемлекеттік тіл сабақтары сабақ кестесіне сәйкес апта сайын жүргізіледі, жоспарға сәйкес сынақтар алынады. Әскери бөлімнің әскери қызметшілері қазақ тілін білу деңгейлеріне байланысты үш топқа бөлінген: бастауыш, жалғастырушы, тереңдетіп оқыту. Оқу жылында әскери бөлімде әскери қызметшілердің қатысуымен жоспарға сәйкес түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, заман талабына сәйкес әскери қызметшілер ұлы тұлғалардың шығармаларынан үзінді оқи отырып, челлендждер жариялайды. Мысал келтіре кетсек, Абайдың 175 жылдығына, Тілдер күніне орай, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы сынды атаулы күндерге орай бөлімде челлендждер жарияланды. Сонымен қатар әскери бөлімге Өскемен қаласының білікті тіл мамандары шақыртылып, дәрістер оқылады. Атап айтқанда Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Тілдер орталығы, Түлету мектебі, Тілдер басқармасымен тығыз бірлескен жұмыстар атқарылуда.
 
Бастауыш тобындағы әскери қызметшілердің қазақ тілінде тілдік қатынас жасау деңгейі жетілдірілуде, әсіресе, жазылым әрекетін дамытуда арнайы қарастыруды қажет ететін мәселелер бар. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету жолында тіл үйренушілерге берілетін жұмыстарды жоспарлаудың маңызы зор. Бастауыш топтағы оқушылар қазақ тілінің дыбыстық құрамын, дыбыстардың айтылу нормасын, дыбыстық заңдылықтарын, грамматикалық құрылысын меңгеруге, ойын еркін жеткізуге, жеткілікті дәрежеде сөздік қорын меңгеруге, сонымен бірге қазақша сөйлеуге жаттығып, қазақ тілінде қарым-қатынас жасай алуы қажет. Оқушыны мұндай дәрежеге жеткізу үшін педагог мамандар түрлі жаңа технологиялардың тиімді жақтарын алып, оқушыны жеке тұлға ретінде дамыту жолында жұмыс жасай алулары қажет.

Сондай-ақ, оқушылардың тілін дамыту - аса күрделі әрі үнемі ізденісті қажет ететін іс. Яғни, бұл жерде сабақ жүргізу әдістемесін меңгерген ұстаз сабақты түсіндіріп қана қоймай, оқушының өз бетімен ізденуіне түрткі болып, бағыттай білуі қажет. Осы орайда, ұстаз дәстүрлі әдіс-тәсілдерді түрлендіре отырып және жаңа технологияларды ұтымды пайдалана оқыта білсе, оқушының бойындағы тілге деген қызығушылықтың артары және жазбаша сөйлеу тілінің дамуы сөзсіз.

  "Ұлттың болашағы - ұрпағында, ұрпақ тәрбиесі - ұстаз қолында" деп бекер айтылмаса керек. Шәкірттің жеңісі - ұстаз еңбегінің жемісі екені ақиқат. Қазақ тілін меңгертетін мұғалімдер жаңа заман технологиясымен қаруланған, білімді, сауатты, оқушы бойына патриоттық құндылықтарды игерте алатындай деңгейде болуы тиіс деп білемін. Себебі, кез келген пәнді игертудің бір жолы - оқушы бойындағы қызығушылықты арттыру.

Бүгінгі күнде белгілі болған көптеген технологиялар бар. Сабақ барысында түрлі көрнекілік құралдарды пайдалану, жаңашыл әдіс-тәсілдер оқушылардың тіл үйренуге деген ынталарын арттырды. Инновациялық технология арқылы тіл үйреншуілерге жағдай жасау оқушы мен мұғалім арасындағы түсіністік, қызығушылық пен шапшаңдықты арттырып, оқушы бойындағы түрлі қабілетті көре алуға итермелейді.

Ең бастысы, елбасымыз айтпақшы, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде! Бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, өркениеттің материалдық ғана емес, рухани құндылықтарымызды да танып-білуге деген ынта-ықыласы тереңдей түсуде. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, ай-жұлдызымыз оңынан туып тұрған шақта осы рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы - қазақ тілінің қадір-қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз қажет. 

ҚР ҰҰ "Шығыс" ӨңҚ 3477 

әскери бөлімінің тәрбие және 

әлеуметтік-құқықтық жұмыстар тобының

бөлініс бастығы (кабинет бастығы)

ефрейтор А.Т. Кенесова



Следующая →