ШҚО-да құсбегілер сайысы өтті
Өскеменнің көгінде қыранның саңқылы естілді. Бабадан қалған дәстүрді әспеттеген бүркітшілер шаһардың іргесінде саятшылық құрды. Дүбірлі додаға республикамыздың түкпір-түкпірінен келген құс- бегілер бақ пен бап сынасты
Қансонарда бүркіт салып, тазы жүгірту саятшының әдеті емес пе!? Ақ әлемде қыбыр еткен жан болса, қалт жібермей қағып түсер қыранның қырағылығы тағы бар.
Құс қайыру
- 24 секундта жетті, - деді төбешік басындағы төреші дауыстап.
- Жоқ, жел күшейіп кетті. Әйтпегенде одан да жылдам жетер еді, - деді тағы бірі.
- "Қайыршыға жел қарсы" демей ме?! - деп шеткері тұрғандардың бірі әзілдеген болып көсіп қалды.
Төреші кезек күтіп тұрған саятшылардың аттарын бірінен соң бірін атап жатты.
- 22 секундта келді.
- 20 секунд.
Осылай жарыстың көрігі қызып жатты. Бүркіттердің кейбірі жерге қонып қалды.
- Нұрман ақсақал, қайдасыз? Кезек сіздікі, болыңыз, - деді төреші қаумалаған саятшылар арасынан дауыстай шақырып.
Ол кезде ақсақал атқа мініп межелі жерге жетіп те қалған.
Бабы мен бағы жарасқан қыран ауаны қақ жарып, 17 секундта иесіне жылдам жетті. Кезегі соңынан келсе де, жеңісті тырнағынан шығармады. Жаңағы қайқыш бел қарақасқа ат жеңімпаз саятшы мен қыранды абыроймен топ ортаға әкеле жатыр. Балаша қуанған құсбегілер арқа-жарқа. Осылай республикалық жарыста үржарлық саятшылар бірінші орынды қанжығалады. Ұлағатты істің соңы бақастық емес, тілек құсының тіленіп барып қонған шыңы болды.
Бабы жараспаған бүркіт қоян да алмайды
- Елдегі індеттің салдарынан ұлттық спротымыз ақсап қалды. Десе де, басшылықтың қолдауымен өткізіліп жатқанына қуаныштымын. Атадан жалғасқан дәстүрді балаға аманаттау - біздің борыш. Жасөспірімдеріміз ұлттық құндылықтарымызды, мұрамызды жадында сақтауы керек. Бүркітім екі жаста, қазақ бұны "Тірнек" дейді. Өңірімізде әлі де осындай шаралар жалғасын табады деген ниеттемін, - дейді жеңімпаз бүркітші Нұрман Қайдар.Құсбегі "бабы жараспаған бүркіт қоян да алмайды" дейді.
- Саятшылық қанымызда бар. Босағамыздан қыран үзіліп көрген жоқ. Ата кәсіппен айналысқаныма 30 жылдай болды. Қыранды қыран
ететін - бабы. Бабы жараспаған бүркітті қоянға салсаң да алмайды. Бүркіт баптау бәйгеге ат жаратумен тең, - дейді саятшы Нұрман Қайдар құс баптаудың қыр-сырымен бөлісіп.
Әлем таныған саятшы
Шығыс Алтай бүркітшілер қоғамының президенті Тәттімбек Кәпұлының сөзіне сүйенсек, облысымызда 18 бүркіт бар екен.
- Бүркітшілердің негізгі шоғырланған жері - Үржар. Қазіргі таңда облысымызда қолға ұсталған 18 бүркіт бар. Бұл қауымдастықтың еңбегі деп ойлаймын. Нұрман ақсақалды бүркітшілердің ұстазы десек, артық болмас. Құстың тілін, бабын тауып, қолға үйрету үлкен жетістік. 30 жыл саятшылық құрып, атадан қалған дәстүрдің бұйдасын үзбей келеді. Өзінің үш ұлын да саятшылыққа баулыды, - дейді Шығыс Алтай бүркітшілер қоғамының президенті Тәттімбек Кәпұлы.Айта кетейік, бүркітші Нұрман Қайдардың қырандары 2017 жылы елімізде өткен халықаралық жарыста 90 бүркіттің ішінен 1-орынды иеленсе, Азия чемпионатында 4-орынды иеленіпті.
Саятшылық додасы тек бүркітшілермен ғана шектелген жоқ. Сонымен қоса, қаршыға және ителгілер жарысы да өткізілді.
- Ұлтымыздың саятшылық өнерін өгейсітпей, дәріптеп жүрген бүркітшілерімізге алғысым шексіз. Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Ауа райы қолайсыздығына қарамастан құс салып жатқан құсбегілердің еңбектеріне ризамыз. Алдағы уақытта ұлттық спрот түрлеріне де көңіл бөлетін боламыз, - дейді облыстық Дене шынықтыру және спрот басқармасының басшыс Досжан Уалханов.
Жарыс өз деңгейінде өтті ме?
- Күн суық, жел соғып тұр. Жел бүркіттерді тұғырымен ұшырып тыныштық бермей жатыр. Сегіз қанат сеңгір үй тікпесе де, бір дүңгіршек әкелсе болатын еді. Республикалық деңгейде өтетін жарыс атына сай болса ғой, - деген назын білдірді саятшылардың бірі.Шынымен де, қырандардың қанаты жайылып тұғырынан асып жатқанын көзіміз көрді. Көрермен көлікте. Мәселені басқарма басшысы да жоққа шығармады.
- Саятшылардың құстарын қоятын орынның болмағаны рас. Алдағы уақытта кемшілікті түзетеміз, - деді Досжан Уалханов.Тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы байқаудың алдын ала халыққа хабарланбағанын айтуда.
- Жастарға үлгі боларлық-ақ шара. Жақсылап алдын ала жарнама жасап, көрермен жинап өткізуге болар еді. Спортшыларға ешқандай жағдай жасалмаған. Ауа райының колайсыздығынан құстардың өзі бабында емес. Тым болмаса, киіз үй құрып, спортшыларға және құстарға да жағдай жасауға болатын шығар. Осы сайыстың өткенін аз халық пен спортшылардан басқа ешкім көрген жоқ. Бүкіл Қазақстан алдында шығысымыздың абыройын қорғайтын сайыс болған жоқ, - деп пікір қалдырды Жансая есімді әлеуметтік желі қолданушысы Спорт басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасында.Қортынды:
Бүркіт
1-орын : ШҚО, Қайдар Нұрман, бүркіт “Жебе”.
2-орын: Атырау обл., Қошқаров Арман, бүркіт "Нарын".
3-орын: Алматы обл., Сейтжан Аян, бүркіт "Атамұра".
3-орын: Алматы, Құрманғалиев Ақмерең, бүркіт "Ұшқыр”
Қаршыға
1-орын: Маңғыстау обл., Тайманов Айшуақ, қаршыға “Аспан”
2-орын: Жамбыл обл., Акимбеков Жалғас, қаршыға "Қоймас”
3-орын : Түркістан обл., Аршабай Дәурен, қаршыға "Ақбақа"
3-орын: Алматы обл., Сейтжан Аян, қаршыға "Жебе".
Ителгі
1-орын: Алматы обл., Шалипов Медет, ителгі "Ботакөз”
2-орын: Маңғыстау обл., Тайманов Айшуақ, ителгі "Ақкербез”
3- орын: Жамбыл обл., Бабажан Бақдәулет, ителгі "Қарагөз”
3-орын: Түркістан обл., Базарбаев Ибрагим, ителгі "Қарагөз".