ШҚО-ның кей аудандарында су басу қаупі жоғары
Бүгінде су басу қаупі Өскемен, Алтай, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое, Шемонаиха, Көкпекті және Бородулиха аудандарында жоғары
- Облыста 2412 техника дайын. Әр ауданға қажетті деңгейде бөлу керек. 2018 жылы біз Сәтбаев даңғылына жиналған 40 сантиметрлі суды резеңке аяқ киіммен кештік. Мұндай көрініс басқа қалаларда да болды, өйткені барлық су бұру жүйелері бітеліп қалған еді. Осыған байланысты, әкімдерге 10 наурызға дейін су бұруды қамтамасыз ететін барлық жүйелерді өздері тексеріп, қарауды тапсырамын, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Күзде 10 гидротехникалық нысандарда 50-80% су жіберілді. 2 су қоймасында су ағызу жұмыстары жалғасуда. "Қазсушар" облыстық филиалының теңгерімінде 25 су жинау нысаны, 84 магистралды канал мен 7 су қоймасы бар. 2021 жылғы су тасқынына қарсы іс-шараларға "Қазсушар" 8,6 млн теңге бөліп отыр. Сома аз, сондықтан орындалуы тиіс жұмыс көлемін зерделеу тапсырылды. Су тасқыны кезеңінен өткеннен кейін Көкпектідегі Лайлы су қоймасында жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Ол үшін 39 млн теңге бөлінеді.