Ұландық шебер екі жақты домбыра жасады
Ұлан ауданы Шымқора ауылының тұрғыны Жанарбек екі жақты домбыра жасап елді таңқалдырды. Өнерімен өрісін кеңейтіп, елдің ықыласына бөлену өнер иесінің өзіне тән ерекшелігі болса керек
Кейіпкеріміз киелі өнерді өміріне серік етіп, өнер керуенінің көшімен бірге келеді. Қу ағашқа тіл бітірген шебердің қолынан шыққан домбыралар өңірде
сұранысқа ие.
Шебердің айтуынша, бір домбыра жасау үшін бес түрлі ағаш қолданылады екен. Кейбір жеріне қатты ағаш, тағы бір бөлігіне жұмсақ ағаш пайдаланылуы керек. Көбінесе балқарағай, шырша, қарағай, емен, қайың, үйеңкі сынды ағаштар іске жаратылады.
Следующая →
сұранысқа ие.
Атадан қалған асыл мұра
Атадан ағашшылықты, әкеден күйшілікті бойына дарыта білген ол бүгін де ата кәсіпке шындап кіріскен.- Мен шебердің немересі, күйшінің ұлы болып өстім. Бала күнімізден-ақ ата-анамыз бізге тай мінгізіп, бір қолымызға қамшы, бір қолымызға домбыра ұстатып тәрбиеледі. Атам қас шебердің өзі еді. Қолынан келмейтіні жоқ. Жерде жатқан қотыр ағашты да кәдеге жарататын. Өзінің шеберханасына бізді шақырып алып, жеңіл-желпі жұмыстарын беріп қоятын. Сөйтіп жүріп домбыра жасауға қалай қызыққанымды өзім де білмей қалдым, - дейді шебер Жанарбек Қазезұлы.Оның айтуынша, әр шебер музыкалық аспапты жасау үшін өзі сол аспаптың құлағында ойнауы керек екен.
- Әкем күйші болды. Сахна жағаламай ел арасында қалды. Көбінесе халық арасында ұмыт бола бастаған күйлерді шертетін. Мен де күйді арнайы үйренгем жоқ. Қос ішектен шыққан әуендер құлағымда қалып кетіпті. Кейін атам мен әкем дүние салғаннан соң, өнерді қайта жаңғырттым. Бозбала шағымда ауылда "Күйші бала" атандым. Той-томалақтан қалмайтын едім. Ысылған шебер болу үшін күйші болуың міндетті. Домбыраның үнін сезбеген адам шебер бола алмайды, - дейді ол.Кейіпкеріміз әңгіме барысында домбыра үйрену үшін ауылдағы шеберлердің терезесінен сығалағанын да айтып берді.
- Ауылымызда Заманқан деген шебер бар еді. Нау-рызда сол кісінікіне көже ішуге бардық. Ол кісі өзінің шеберханасында домбыра жасап отыр екен. Қатты қызығып кеттім. Ел аузында едәуір атағы бар ақсақал болатын. Жақынырақ баруға жасқандым. Ең қызығы домбыра жасаудың құпиясын үйренсем деген ой мені мазалай берді. Ақыры ел іңірге отырғанда, жасырынып келіп бір сағат бойы терезесінен сығалап қарап тұрғаным бар еді, - дейді ол.
Бес түрлі ағаш қолданылады
Жанарбек Қазезұлы 2011 жылы ата жұртқа ат басын тірейді. Алтай аймағынан домбыраның қыр-сырын жетік меңгеріп жеткен ол Ұлан ауданы Шымқора ауылында өзінің шеберханасын ашады.Шебердің айтуынша, бір домбыра жасау үшін бес түрлі ағаш қолданылады екен. Кейбір жеріне қатты ағаш, тағы бір бөлігіне жұмсақ ағаш пайдаланылуы керек. Көбінесе балқарағай, шырша, қарағай, емен, қайың, үйеңкі сынды ағаштар іске жаратылады.
- Домбыра жасауға көбінесе бұйра қайың мен үйеңкіні пайдаланамыз. Үйеңкіні артқы шанағына, самырсынды беткі тақтайшасына жаратамыз. Ерекше ескере кететіні қолданылатын самырсын кем дегенде 7-8 жыл кептірілген болуы керек. Қазіргі кейбір домбыралардың дыбысы өзгеріп, ауып қалады. Ол ағаштың дұрыс кеппегендігінен. Сондықтан домбыра таңдағанда ағашына баса мән берген жөн. Әсіресе, бет тақтайына. Бет тақтайы әр жерде әр түрлі болады. Яғни, шеті мен ортасының қалыңдығы ұқсамайды, - дейді Жанарбек Қазезұлы.Шебер уақыттан ұту үшін бір жолда 10-15 домбырадан жасайтынын айтты. Ал жеке бір домбыраны жасауға бір жұма уақыт кететін көрінеді.
Екі жақты ерекше домбыра
Шебер бүгінде екі жақты домбыра жасап, елді таңқалдырды. Көргенін емес, естігенін жасапты.- Алтай аймағында тұрғанда ауылдағы үлкен ақсақалдардан "біреуде екі жақты домбыра бар екен" деп естідім. Шамасы ертеректе болса керек. Қариялар да көзбен көрмеген, тек естіген. Кейін Қазақстанға келгенде ерекше домбыраны жасап көрейін деген ой келді. Ақыры белді бекем буып, тәжірибе ретінде жасап шықтым. Сәтті шықты. Ерекшелігі - екі жағы да шертіледі. Үні де құлаққа жағымды. Домбыраның ортасында бір ғана шанақ бар, - дейді ол әңгімесін жалғап.Қос сазды домбыраның да өзіндік ерекшеліктері бар екен.
- Қос сазды домбыраны атамыз төріне "тіл-көзден сақтайды" деп ілген екен. Аспаптың бұл түрі әсіресе ауқатты, байлардың төрінде тұрады екен. Осы жайында ауыл ақсақалдарынан бала күнімде естіген едім. Бергі жылдары домбыраның осындай түрін жасап көруге бел будым, - дейді кейіпкеріміз.Шебердің қолынан шыққан аспаптарға бүгінде сұраныс көп. Біріншіден - домбыралар сапалы болса, екіншіден - бағалары да қолжетімді.
- Тапсырыс күн санап көбейіп жатыр. Кейде тіпті үлгермей қалатын кездерім де болады. Осындайда әйелім мен балам да қолғабыс тигізеді. Көбінесе домбыра үйірмелері көп тапсырыс береді. Домбыраның бағалары 20 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін, - дейді шебер.
Ерекше тәсіл
Кейіпкеріміздің аспаптарға ою салу тәсілі де өзгеше. Тіпті өзге шеберлердің әдістемесінде жоқ десе де болады.- Аспаптың бетіне ою-өрнектерді малдың сүйегінен саламыз. Яғни, сүйекті 7-8 рет қайнатып, майынан арылтамыз. Кейін сүйек топырақша үгіледі. Үгілген бөлігін ағаш желімге араластырап, домбыраның бетіндегі оюға құямыз. Кепкен соң ерекше сән береді, - дейді Жанарбек Қазезұлы."Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзы алтын" дегендей, кейіпкеріміз домбыра жасаудан тыс бесік, төсек, үстел орындықтарды да жасайды екен.
- Қазір қазақи оюлармен өрнектелген бесік істеп жатырмын. Көбінесе оңтүстік жақтан тапсырыстар көп түседі. Бесікке "Жорға бесік" деп ат қойдым. Сонымен қоса, бетіне ешкінің терісі тартылған шертер жасадым. Ерекше бір айта кететіні, шертерге тек ешкі мен ботаның терісі ғана пайдаланылады. Басқа терілер жарамайды. Ешкінің терісін бірінші ашытып аламыз. Ол да үлкен жұмыс. Айталық теріні тұздап, айран мен ұнның ашытқысын араластып теріге жағып, тұмшалап тастаймыз. Біраз уақыт өткеннен кейін терінің жүні түседі. Кептіріп пайдалана бересіз. Шертерге ешкі терісін пайдаланса ерекше үн шығарады, - дейді шебер.Жанарбек Қазезұлы алдағы уақытта жұмыс көлемін кеңейтуды жоспарлап отыр. Себебі қазіргі шеберхана да тапсырыс көбейген сайын тарлық ете бастаған көрінеді.
- Алдағы уақытта аудан ортылығынан өз шеберханамды ашқым келеді. Жұмыс өнімділігін арттырсам деймін. Қазір ұлттық аспаптарға деген сұраныс көбейген сайын шеберхана тарлық ете бастады. Сондықтан аудандық әкімдік жер мәселесін шешіп берсе деймін, - дейді шебер.
Тақырыптар:
киелі өнерді Ұландық шебер домбыра жасады