ШҚО коронавирус инфекциясының таралуы бойынша "жасыл" аймаққа енді
Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді
- Біздің облысымыз бүгіннен бастап COVID-19 вирусының таралу қарқыны бойынша жасыл аймаққа кірді. Бұл тиісті қызметтердің үйлесімді жұмысының, тәртіпке бағынған өңір тұрғындарының жоғары азаматтық жауапкершілігінің арқасында мүмкін болды, - деді Даниал Кенжетайұлы. - Осыған байланысты, біздің міндетіміз - инфекцияның таралу қарқынын төмендету және КВИ өсімін азайту. Сондықтан, қоғамдық тамақтану орындарында, кәсіпорындар мен мекемелерде отбасылық және бұқаралық кештер, оның ішінде жаңа жылдық корпоративтер өткізуге тыйым салынады. Көпшіліктің қатысуымен жаңа жылдық театрландырылған қойылымдар қоюға, сондай-ақ ойын-сауық агенттіктері мен аниматорлардың қызметтеріне, оларды ғимараттың ішінде немесе үйге барып өткізулеріне рұқсат берілмейді.
Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану нысандары үшін жексенбіден басқа күндері сағат 07.00-ден 24.00-ге дейінгі жұмыс режимі сақталады. Алайда, 2020 жылғы 31 желтоқсаннан 2021 жылғы 01 қаңтарға қараған түні бұл объектілер сағат 07.00-ден 04.00-ге дейін жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Талап - ұжымдық іс-шаралар өткізбейді, ал орын саны 50%-дан артық толмауы тиіс.
Жасыл аймаққа көшуге байланысты ауданы 2000 м2 асатын азық-түлік тауарлары сатылатын сауда объектілерінің тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігі бар екенін атап өткім келеді. Ал кинотеатрлар 30% сыйымдылықпен жұмыс істейді.
Ғимараттардың ішінде және сыртында орналасқан барлық түрдегі базарлар, сондай-ақ басқа да сауда объектілері қызметін тек жексенбіде тоқтата отырып, бұрынғы режимде жұмысын жалғастырады. Толығырақ ақпарат облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында СЭҚ Департаментінің сайтында жарияланады.
- Құрметті шығысқазақстандықтар, жоғарыда айтылған уақытша шектеулер, сайып келгенде, сіз бен біздің, балаларымыз бен немерелеріміздің денсаулығы үшін жүзеге асырылады. Сондықтан өзіңіз бен жақыныңызға қамқор болыңыз! - деп атап өтті аймақ басшысы.