Өскемен
малооблачно
-13°
  • Өскемен
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +1°
  • Қарағанды
    -3°
  • Көкшетау
    -9°
  • Қостанай
    -7°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Аян Қалымбек
Ақпарат көзі:
Устинка

Дархан Рахатұлы - Шығыстың Біржан салы

Алтай-Тарбағатай ән мектебінің өкілдері Найманбайдың Әсеті мен Қашаубайдың Әміресі әуелетіп әнін шырқап, Құнанбайдың баласы ұлы Абай қара сөздері мен операда орындалатын әндерін дүниеге әкелген, күй атасы Байжігіттің 300 күйінің кіндігі кесілген киелі шығыс өңірі - даланың дарынды тұлғаларының талайына бақ қоныс болған ардақты мекен

Ілгеріде Арқада өткен Иманжүсіп, Балуан Шолақ, сал Біржан, Сегіз сері, Ақан сері, Иса Байзақ, Мәди секілді табиғи тума талантты ұлылардың ұнтағы, өнерінің жалғасы біздің ортамызда әлі де бар. Солардың бірі - бет-ажары бір көргенде әртістік әлемнің өкілі екенін айқындап тұратын, сақал-мұрты он алтыға толған бозбаланікіндей өзіне жарасымды тебіндеген, басындағы құндыз бөркі, иығындағы тон жағалы шапаны, аяғындағы саптама етігі көз алдыңызға XVIII ғасырдың адамын алып келетін, қолынан домбырасын тастамайтын Дархан Сәдібаев ағамыз. 
Дархан Рахатұлымен салиқалы сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

Әуелі өзіңіз жайлы жалпақ жұртқа ақпарат бере кетсеңіз: қай жерде туып-өстіңіз? Қандай отбасында тәрбиелендіңіз?

- Қазіргі Күршім, бұрынғы Марқакөл аудынының Қалжыр ауылында дүниеге келгенмін. Әкем - сынықшы, шешем - көпбалалы ана. Той-думан, ас-науқан жиылыстарда тегімді тектеп өзімді таныстырып жатқанда әкемнің атын атап қалсам, сол жердегі халықтың көбі бірден танып жатады. Сонда Өскеменде менен гөрі әкем танымал болып тұр екен ғой деп ойлаймын. Шаңырақта 5 бала тәрбиелендік. Ағам еркін күрестен спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы. Менен кейінгі 
3 ұл да үлкен ағамыз секілді спорт әлеміне бет бұрды. Шал-кемпірдің қолында тәрбиеленгендіктен бе, мен ғана табиғатым бөлектеу болып өстім. Бірақ атамның өзі де күш-қайраты тасып тұрған жас шағында 5 жасар өгізді мойнынан бұрап серең еткізетін палуан болған екен. 

"Жігітке жеті өнер де аз" деп түрлі саланың егініне түсіп көрдіңіз. Бойыңыздағы қасиеттер мен қабілеттер кімнен дарыды?

 - Өз жұртымның тұқымында өнерге жақын кісілер атымен жоқ. "Домбыраның жақсысы ағашынан, жігіттің жақсысы нағашыдан" деп бұрынғылар айтпақшы, нағашы жұртымнан келіп жеткен бір ұшқын болу керек шамасы. Апамның нағашы жұртындағы Құндақбай, Іргебай деген бір аталарым қызып тұрған қып-қызыл шоқты жалаң аяқпен басып жүре беретін, анадай жерде ағаштың басында домбыра шертіп, жерге түсіп қобыз ойнай кететін, талай келіншекті босандырып, дәм-тұзы таусылды деген ауру жандарды аяғына тік тұрғызып алатын, емшілік қасиеттерімен атағы шыққан бақсылар болса, өз атам қанар қаптың ішіндегі сүйекті де құрастыра алатын сынықшы болған екен. Қанымдағы әншілік, сауықшылдық, салдық өнер дәу де болса нағашы жағымнан жұққан болар.

Домбыраны неше жасыңызда үйрендіңіз? Жалпы сахнаға қалай келдіңіз?

- Мен болашақта ән айтамын, домбыра шертемін, той басқарамын, әртіс боламын деп ойлаған да емеспін. Ағаларыммен, інілеріммен бірге күресіп жүрдім.
Ауылда 6-сыныпта бір жағдай болды. Мектептен қайтып келе жатқанда бұзылған бір үйдің бұрышынан ескі домбыраның қаңқасын тауып алдым. Оның беті жоқ екен. Іздеп жүріп домбыраның бетін тауып, жарылған жерін жамап, ішектің орнына әйтеуір бірдеңе тағып қалыпқа келтірдім. Әжептәуір сөйлеп тұрған домбыра болды. Ел-жұрттан тығылып, тыңқылдатып шертіп жүрдім. 9-сыныпта мектепшілік айтыс болады деген кезде, алғаш рет домбыра ұстап сахнаға шықтым. Міне, содан ақырындап басталды өнерге деген әуестік. 90-шы жылдары Марқакөлде жер сілкінісі болды. Сол кезде ауылға Алтынбек Қоразбаев, Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтер келіп концерт қойды. Соларға ғашық болдым да қалдым, халық әндеріне, дәстүрлі музыкаға деген махаббатым оянды. Аяз Бекбаевтың термелерін, Алтынбек Қоразбаевтың "Шашбаулым" әнін тыңдай жүріп сүйіспеншілігім артты. 1998 жылы Оралхан Көшеров ағамызбен таныстым. Сол кезден бастап үлкен сахнаға да аяқ бастым. "А" дегеннен әнші болып жарқ ете қалғам жоқ. Мүйізі қарағайдай өнер жұлдыздарының қасына еріп, сұхбаттасып, кәделеріне жарау үшін зыр жүгіріп тәжірибе жинадым. Ұстазым - Оралхан Көшеров болды. Ол кісіден таяқ та жей, ұрыс та ести жүріп үлкен өмірге төселдім. Бойы еңгезердей, көзі тұздай, зор денелі кісі болатын. Неге екенін сол күйі білмей қойдым, маған Лұқпан дейтін. 60-тан астам әндердің авторы. Домбыра, гитара, баян, ямаха, пианионо, аккардион - түгелін ойнайтын. Ешқандай музыкалық білімі болмаса да, академия, консерватория бітірмесе де ноталардың бәрін білетін. Ошанның атын күллі республикаға шығарған Жанар Айжанованың орындауындағы "Достарым" әні болды. 

Өнер - беттегі фотоларды автор ұсынды (5).jpg

Басып өткен жолыңызды қысқаша баяндап берсеңіз?

- 1993 жылы Өскемен қаласына музыка факультетіне түстім. 2 жылдан кейін оқуымды тәмәмдамастан Алматы қаласына арман қуып аттанып кеттім. 1997 жылдан бастап Темірбек Жүргенов атындағы театр институтына түсуге талпынып, тетар өнері майталмандарымен танысып, ағаларды жағалап жүрдім. Ақыры күтпеген жерден қуыршақтеатрына грантқа оқуға түсіп кеттім. Енді оқимын дегенде, ауыл тұрғындары мен әкемнің "қуыршақпен ойнағаны несі, ұят емес пе?!" деген бір ауыз сөздеріне бола намыстанып оқуымнан шығып кеттім. Елге қайтсам ұят болады деп, Досхан Жолжақсынов ағама көмек сұрап бардым. Ол кісі театрға әкімші есебінде жұмысқа алды. Бар тындыратыным - билет сату. 3 жыл Алматының көшесін кезіп болған соң, 2000 жылы қайтадан Өскеменге оралдым. Келе салып той әлеміне сүңгіп кеттім. Ошанның қасына еріп көп жүрдім.

Өткенге өкінішіңіз, өмірге өкпеңіз бар ма?

- Пенде болған соң қуанамыз, ренжиміз, қапаланамыз. Оның үстіне шығармашылық саладағы адамдар көбіне-көп сезімтал, жаны нәзік, барлық нәрсені жүрегіне жақын қабылдайтын жандар ғой. Сол себепті өмірге, айналамдағы адамдарға бұрын өте көп ренжитінмін. Қазір таспен атқанды аспен ату керек деген қағидаға көштім. Мені "дипломың жоқ" деп театрға жұмысқа алмай қойған жайттар талай болды. Актерлік саладағы баспалдағым қаладағы Қабанбай батырдың ескерткішінің ашылуы барысында өткен батыр бабамыз жайлы спектакльден басталды. Маған Шақалақ батырдың рөлі тиді. Негізінде, шараны ұйымдастырушылар мен режиссер дәл сол батырды сомдайтын актер таппай отырған еді. Менің ойнауымның ұнағаны жөнінде, қабілетімнің жақсы екенін артынан өздері айтып мақтаған. Алайда бір жапырақ диплом деген құжатымыз болмаған соң ешқандай театрға ресми түрде жұмысқа алмай қойды.

Мені қынжылтатын тағы бір жағдай - қазақтың тойларының бүгінгі сиқының бейшара хәлге түскені. Оған мына шөпті де, шөңгені де өлең қылатын ақынсымақтар, шоу жасағыш асабалар кінәлі. Мамандықтары геодезист, инженер, энергетик болған соң, екі ауыз сөздің басын қосып өлең құрай алмаған соң, жаттап алған бір сарынды тақпақтарын айтпағанда қайтеді. Тойда дәстүрлі әндер, халық әндері шырқалуы керек. Өлең тыңдалу керек. Күй де тартылмай ұмытылып бара жатыр. Мен сол үшін барған жерлерімде үнемі Арқа әндерін, ұмытылып бара жатқан есті де ескі әндерді орындап жүремін. Қазақ қазір кеңес үкіметі кезіндегідей домбыраны керек етпей тұрған жоқ. Шүкір, ұлттық өнерге жан-сарайы ашылған. Домбыра, гитара, баянмен жанды дауыста, тірідей орындауды сұрап тұрады.

Ішіңізде әнші Дархан, ақын Дархан, актер Дархан бар. Осылардың қайсысына бүйрегіңіз көп бұрады, қайсысына жүрегіңіз жақын? Қазақ жұртшылығына қай қырыңызбен танылғыңыз келеді?

- Бұрын бұл жайында ойланып көрмеппін. Қарап отырсам, актерлік өнер жаныма жақын, ыстық екен. Әртістік қабілетімді дамытуға, кино мен театрдың әлеміне бойлап көруге деген құлшыныс пен талпыныс Досхан Жолжақсынтов ағамның "Құнанбай" кинокартинасына түсіп келгеннен кейін пайда болды. Эпизодтық қана рөл тисе де, мен үшін үлкен бір серпіліс болды. Әртіс Дархан болып көрермен көзайымына айналғым келеді.

Арманыңыз қандай?

- Арманым - баяғының сал-серілерінше қасыма әнші, күйші, термеші, балуын, ақын, жыршы жігіт-желең, қыз-келіншектерді жиып алып, ауыздығымен алысқан, үзеңгілерін қағысқан бір-бір сәйгүлік мініп, думандатып, дуылдатып жүру. Қалада да солайша жүре алатын бір заман туса ғой деп қиялдаймын. Қазақтың ұлттық өнерін, мәдениетін, тілін өлтіріп алмайтын ұрпақ келсе екен деймін. Болашақтан үмітім көп.

Әңгімеңізге рахмет!
Следующая →