Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Таунар Қайрат
Ақпарат көзі:
Устинка

Жалғызбасты анаға баспана сыйлады

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылындағы 2000 жылы мектеп бітірген түлектері жалғызбасты анаға баспана алып берді

Биыл аталған ауылдағы түлектердің мектеп тұғырынан түлеп ұшқанына 20 жыл. 
- Біз 2000 жылы Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылындағы Абай атындағы орта мектепті бітірдік. Содан бері 20 жыл уақыт сырғып өтті. Осы жиырма жылдық ауданымызда жақсы дамып, дәстүрлі үрдіске айналып келеді. Бұл бітірген түлектердің ауылға деген сағынышы, ыстық махаббаты. Яғни, түлектер өзінің туған жеріне, түлеп ұшқан алтын ұяларына өз көмектерін жасайды. Біз де игі бастамаға тілекші болып, алдыңғы түлектерден эстафетаны қабылдап алдық. Сонымен бірге, алдыңғы буын түлектері мойынымызға медаль тағып сәттілік тіледі. Соның нәтижесінде осы жылы бәріміз бірлесіп, ауылдағы жалғызбасты анаға баспана алып бердік, - дейді түлектердің бірі Әділет Махранов.
Оның айтуынша, төрт балалы жалғызбасты ана сабан кірпіштен салынған ескі үйде тұрып келген. 
- Бүгінде үйді толық ол кісінің басына аударып бердік. Бұрынғы тұрып жатқан үйі сабан кірпіштен салынғандықтан әбден тозығы жеткен. Неше жыл шарасыздықтан сол жерде тұрып келген. Енді, міне, ол күндер артта қалды. Жылы әрі жайлы баспанаға қол жеткізді. Біздің негізгі мақсатымыз – тұрмыстық қиыншылық көріп отбасыларға көмек қолын созу, - дейді түлектер. 
Түлектердің дәл осылай баспана сыйлап, тосын сый жасағанына ол әлі де сене алар емес. 
- Қарабұлақ ауылының жергілікті тұрғынымын. Жолдасым дүниеден озғанына сегіз жыл болды. Содан бері төрт баламды өсіріп, ержеткізіп келемін. Тұрып жатқан үйіміз апаттық жағдайдағы үй болғандықтан үреймен өмір сүріп келдік. Үй кезегіне 27-ші болып тұрдым. Бірақ үйіміз апаттық жағдайда болса да әкімдіктен еш қолдау болмады. Ауылдық әкімдікке де, аудандық әкімдікке де бірнеше рет баспана сұрап бардым. «Кезегің келгенде аласың» деп қайтарып жіберді. 2000 жылы мектеп бітірген түлектердің арқасында жаңа үйге қол жеткізіп, баспаналы болдым. Үйдің суы тартылған, төбесі бәрі жабылған. Енді алаңдамайтын болдым. Балаларым да қатты қуанып жатыр. Бұрынғы үйде қыста суық болғандықтан қалың киініп отыратынбыз. Осы орайда үйді алып беруге атсалысқан түлектерге алғысым шексіз. Осындай қайырымды жандар көбейсе, ешбір ана да, бала да жыламас еді, - дейді жалғызбасты ана Қарлығаш Байсалханова.
Ерекше бір айта кететіні, түлектер ауылдың ортасына «Қарабұлақ» деп үлкен әріптермен таңбалаған жазу қойған. Қойылған әріптер түнде де жарқырап, ауылға ерекше сән беріп тұр. 
- Ауылымыздың ортасына латын әріптерімен Жан жүрегім «Қарабұлақ» деген үлкен жазу орнаттық. Бұл да біздің ауылымызға деген перзенттік парызымыз. Туған ауылымызды жастар көркейтпегенде кім көркейтеді. Сондықтан осы жиырма жылдығымызда ысырапшылдыққа жол бермей, туған жерімізді көркейтуге атсалысуға бекідік. Өкінішке қарай, биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты бірнеше жоспарларымыз іске аспай қалды. Нақтырақ айтсақ, мектепті 40 түлек бітіргендіктен көктемде ауылымыздың сыртына 40 түп ағаш егуіміз керек болған. Десе де, карантиндік шектеулер өзіндік әсерін тигізді. Сонымен қоса, тағы бірнеше спорттық ойындар өткізуді жоспарлағанбыз. Бірақ ол да іске аспай қалды, - дейді Әділет Қанатбекұлы.
Түлектер өздерінің білім алған қара шаңырағына да бас сұғып, онда әлі жөндеу көрмеген екі дәрісханаға жөндеу жұмыстарын жүргізген. 
- Осы жиырма жылдығымызды пайдалана отырып, бұрын өзіміз бітірген мектебіміздің екі дәрісханасын жаңартып, жабдықтармен толықтырдық. Бір дәрісхананы толық жабдықтап, екіншісін жартылай жабдықтадық. Осы орайда біздің ыстығымызға күйіп, суығымызға тоңған ұлағатты  ұстаздарымызға және сынып жетекшілерімізге алғысымыз шексіз, - дейді Әділет Махранов.

Следующая →