Өскемен
ясно
+12°
  • Өскемен
    +12°
  • Алматы
    +11°
  • Астана
    +16°
  • Ақтөбе
    +21°
  • Актау
    +22°
  • Орал
    +19°
  • Қарағанды
    +13°
  • Көкшетау
    +18°
  • Қостанай
    +23°
  • Қызылорда
    +18°
  • Павлодар
    +15°
  • Петропавловск
    +21°
  • Тараз
    +12°
  • Туркестан
    +19°
  • Шымкент
    +14°
$
443.35
475.54
¥
61.18
4.82
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Таунар Қайрат
Ақпарат көзі:
Устинка

Күршімнің қарбызының дәмі неге бөлек?

Күршімдік Жәнібек Оралбаев 2000 жылдан бері жерге дән егіп, аудан тұрғындарын ең дәмді қарбызбен қамтамасыз етіп келеді

Екі гектар жерге жаз бойы дән салып, көкөніс егетін бағбанның қарбызын қаладан арнайы тапсырыспен алдыртатындар көп. Себебі химиялық дәрі-дәрмексіз, құмайт жерге өскен қарбыздың дәмі басқа өңірдікінен мүлдем өзгеше.

Кейіпкеріміз Жәнібек Қалибекұлы Күршім ауданы Ақши ауылында дүниеге келген. Жастайынан суармалы егін шаруашылығымен айналысқан ол бүгінде қарбыз егіп, мол өнімге қол жеткізді.

Малшыдан егіншіге


Жерге қанша дән ексең, сонша тер төгуің керек екенін Жәнібек Оралбаев жақсы біледі. Себебі қолына күрек ұстап шілденің шіліңгір ыстығында аянбай еңбектенгеніне 20 жылдың жүзі болды.
- Әкем малшы болған. 11 сыныптық орта мектепті бітіргеннен кейін әкеме көмекші болдым. Кейін 1984-1986 жылдары әскери борышымды өтеп, туған жеріме оралдым. Келгеннен кейін де совхозда біраз жұмыс істедім. Уақыт өте келе совхоз тарап, жұмыссыз қалдық. Жұмыссыздық салдарынан тамақ табудың өзі қиынға түсе бастады. Күнкөріс қиындай түсті. Десе де, отбасы, бала-шағамызды асырауымыз керек болған соң, мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығымен де айналысуға тура келді. Ауылда қазіргідей басқа жұмыс істейтіндей мүмкіндік қалмады. Сөйтіп, егін егіп көрейік деген оймен біраз жерге егін салдық. Алғашында қиындықтардың болғаны рас. Егінді суару, арам шөптерден арылту сияқты жұмыстары адамды қажытып жіберетін. Бір қуантарлығы, сол жылы бір қысқа жететіндей астық жинадық. Қажеттіліктен туындаған алғашқы егіншілік кәсібіміз осылай басталды, - дейді Жәнібек Оралбаев әңгімесін бастап.

"Жұмыла көтерген жүк жеңіл"


Қызығынан қиындығы мол егін шаруашылығының машақатын шарулар әбден біледі. Десе де, техниканың жоқтығын сылтауратып, қол қусырып отырған тұрғындар жоқ. Барлығының еңбекке деген құлшынысы ерекше.
- Техника жоқ деп құр отыруды жөн көрмедік. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегендей ауыл тұрғындары бірлесе бір-бірімізге көмек қолымызды соза отырып, өнім жинаймыз. Себебі өзіміз істемесек, ешкім бізге қол ұшын бермейді ғой. Бүгін біреуміздікін жинасақ, ертең көршіміздікін жинасамыз. Сонымен бірге, егістікті қоршау жұмыстары тағы бар. Кейде малдар түсіп кетеді. Малдан бөлек құстар да тыным бермей жатады. Қанша гектар болса, соның бәрін темір тормен қоршауға тура келеді. Қорыта келгенде, сырт көзге қарбыз еккеннің еш қиындығы жоқтай көрінгенімен оның да өзіне тән машақаты бар, - дейді кейіпкеріміз.

Қарбыз ерекше күтімді қажет етеді


Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, қарбыз ерекше күтімді қажет етеді екен. Жылына бірнеше рет суарып, арам шөптерден арылтып отырмаса, еңбегің далаға кетуі де әбден мүмкін көрінеді.
- Әр егінші еккен егінінен мол өнім алу үшін ең бірінші оған дұрыстап күтім жасауы қажет. Жылына бірнеше рет суарып, арам шөптерден арылтып отырмаса, еңбегің далаға кетеді. 2000 жылдан бері қарбыз өсірумен айналысып келемін. Техниканың жоқтығынан Қалғұты өзенінен егінге тоған тартып, қолмен суарып келеміз. Кейде қуаңшылық жылдары су шықпай қалып жатады. Бүкіл бір ауыл осы өзен суына қарап отырғандықтан кейде мал суаруға да жетпейді. Шарасыздықтан жаңбыр суын місе тұтамыз. Алғашында қарбыздың қыр-сырын толық зерттеп білмегендіктен, жақсы өнім ала алмадық. Кейін тұқым ауыстырып, бірте-бірте зерттей бастадық. Қазір екі гектар жерге қарбыз егіп отырмын. Жаңа айтқандай техниканың жоқтығынан көп жерге салуға қауқарсызбыз. Биыл жауын-шашын аз болғандықтан былтырғыдан аз өнім алдым. Қазір он бес тоннасын сатылымға жібердім. Енді он тоннадай түсім түседі деп жоспарлап отырмын, - дейді бағбан әңгімесін жалғап.
Оның айтуынша, қарбызды тың жерге ексе, гектарынан 40 тоннаға жуық өнім жиналады екен. Өкінішке қарай, кейіпкеріміз су тапшылығынан ондай өнімге қол жеткізе алмапты.
- Қарбыздан мол өнім алу үшін оны тыңайған жерге салу керек. Тіпті, жерді бір-екі жылға демалтып та еккен дұрыс. Себебі жылда бір жерге еге берсең, ол жер құнарын жоғалтып, өнім бермеуі де әбден мүмкін. Қазір өнімдерімізге сұраныс көп. Әсіресе қаладан тапсырыс көп түсіп жатады. Сонымен бірге, биыл бағасы жақсы. Егістік басынан 50-60 теңгеден сатып жатырмыз. Кейде қарбызды камазға тиеп, алыс-жақын аудандарға да апарып сатамыз. Негізгі күн көріс көзіміз осы болғандықтан түскен пайдасы тұрмысымызға жеткілікті, - дейді Жәнібек Қалибекұлы қарбыз шаруашылығының қиындығымен бөлісіп.
Бағбан Жәнібек Оралбаев қарбыздың пысқан-пыспағанын қалай ажырату керек екендігіне де тоқтала кетті.
- Қарбыздың пысқан-пыспағанын ажыратудың қарапайым әдістерінің бірі - пысқан кезде сыртқы жолағы ағара бастайды. Кейбір тұтынушылар сарғайғанын немесе шерткенде дыбыс шыққандарын алып жатады. Өз тәжірибеме сүйенсем, ол бекер пайым. Тек ақ жолақтар пайда болса болды. Ол пысқаны. Күршімдік қарбыздардың тұқымдары өзгеше болғандықтан дәмі де, көлемі де ерекше. Біздің еккеніміз голландиялық қарбыздың тұқымы. Осында әкеліп өсіргенімізге он жылдан астам уақыт болды. Басқа жергілікті қарбызға қарағанда қабығы қалың келеді. Түсімі де жақсы болады. Қарбыз күн ыстықта тез пысады. Ал ауа райы салқындау болса, 90 күнде пысып болады, - дейді кейіпкеріміз.

Күршімнің қарбызы дәмді


Осы орайда қаладағы бірнеше қарбыз сатушылармен тілдескен едік. Саудагерлер де күршімдік ерекше өнімнің дәміне оң бағасын беріп отыр.
- Қазір қарбыздың бәрін Күршімнен әкеліп сатып отырмын. Тұтынушылардың көбі Күршімнің өнімін сұрап жатады. Бағасы да қолжетімді. Егістік жер құнарлы болғандықтан дәмі де тіл үйіреді. Жуықта ғана 1,5 тонна әкелдім. Таусылуға аз қалды. Енді тағы барып әкелемін. Бізге оңтүстіктен тасып жолға шығындалғанша, жақын жерден өз өнімімізді әкеліп сату әлдеқайда пайдалы. Өкінішке қарай, шығыстың климатына байланысты қарбыздар оңтүстіктің өнімдеріне қарағанда бір ай кеш пысады. Сауданы тоқтатпау үшін ол жақтан да тапсырыс-пен алдырамыз, - дейді сатушы Гүлмира Әсетқызы.
Жәнібек Оралбаев алдағы уақытта егістік жерінің көлемін ұлғайтып, қосымша басқа да көкөністер өсіруді жоспарлап отырғанын тағы айтты.
- Алдағы уақытта әкімдіктен жер алып, егістік көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Ол жерге тек қарбыз ғана емес, қосымша көкөніс және жеміс-жидектер ексем деймін. Бізде жер құнарлы. Өнім жақсы шығады. Аудандық әкімдік қолдау көрсетсе, жоспарымды жүзеге асыруға дайынмын, - дейді Жәнібек Оралбаев.
Күршім ауданы бүгінде қарбыздың отанына айналды. Бұлай деп ауыз толтыра сөйлеуімізге былтыр Өскеменде тұңғыш рет өткен "Қарбыз party" фестивалі себеп болса керек. Естеріңізде болса, шараға Күршім, Үржар, Зайсан, Тарбағатай, ұзын саны алты ауданнан 20 тонна қарбыз әкелінген болатын. Фестивальдің ашылуында сөз алған қала әкімі Жақсылық Омар шара келесі жылы да жалғасын табатынын, мақсат қала тұрғындарына ауыл дәмін таттыру болғандығын жеткізді. Айтпақшы, осы шара өткеннен кейін әлеуметтік желіде "Қарбыз party" фестивалі Өскеменде емес, қарбыздың Отаны - Күршімде неге өтпейді?" деген пікірлер көп айтылды. Желі қолданушыларына Күршім ауданы әкімдігі де жедел жауап беріп, фестивальді өткізуге дайын екендіктерін жеткізгенін де айта кеткен жөн.
Следующая →
Тақырыптар: ШҚО Күршім Қарбыз